Дүниежүзілік көшпенділер ойындары • 12 Қыркүйек, 2024

«Құсбегілік» федерациясының президенті төрешілермен кездесті

71 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары аясында құсбегілік спортынан сайыс өтеді. Осыған орай Республикалық «Құсбегілік» федерациясының президенті Берік Уәли елордада төрешілердің қатысуымен жиналыс өткізді.

«Құсбегілік» федерациясының президенті төрешілермен кездесті

Келелі жиынға құс­бегілік спорт түрі­нен өтетін жарыста қазылық ететін 10 маман қатыс­ты. Атап өтсек, алдағы сайыс­тарда Қазақстаннан – 6 төре­ші, Қырғызстаннан – 2 және Моңғолия мен Ресейден бір-бір төрешіден қызмет етеді. Бұл дүбірлі доданың халықаралық сипаты мен әділдік пен ашықтыққа деген ұмтылысты айқындайды.

«Елімізде өтіп жатқан са­йысқа келген шетелдік спортшылар көп. Бұл – біз үшін үлкен мәр­тебе және жауапкершілік. Бар­лық қатысушыларға сәттілік тілей­міз! Сонымен қатар төреші­лерден сұрайтынымыз – сайыс­тың әділдігін, жүйелілігін қатаң сақтап, жарыстың жоғары дең­гейде өтуін қамтамасыз ету», деді «Құсбегілік» федера­ция­сының президенті.

Сонымен бірге мамандар жарыс өтетін орында бас қосып, халықаралық нормалар мен стандарттарға сәйкес дайындық жұмысын жүргізді. Осы­лайша, құсбегілік сайысы бойын­ша бекі­тілген ереженің қағида­ларымен құстың әр түрі бойынша өтетін 2 жаттығудың ортақ көрсеткіштері белгіленді. Бас төреші – Марат Қойшиннің айтуынша, төрткүл тарап көз тіккен байрақты бәсекеге спортшылар да, төрешілер де, сайыс өтетін алаң да толыққанды дайын.

«Барлық қатысушыны жарыс алаңымен таныстырдық. Бүгінде ұлттық құрама құс­бегілері мен шетелдік спортшылар құс­тарын ұшырып, дайындық жүргі­зіп жатыр. Қатысушылардың сұранысы бойынша сайыс өтетін алаңға төрешілермен бірге қажет­ті өзге­рістер енгізілді. Жа­рыс алаңы халықаралық ережелерге сай келеді», деп атап өтті бас тө­реші.

Басқосу барысында федерация президентіне шетелдік спортшылардың дайындығы мен олардың жаттығуына қажет­ті жағдай жасау турасын­да есеп берілді. «Ұлы дала дү­бірі» ұранымен өтіп жатқан Көш­пелілер ойындарына құс­бегілік спорт түрі бойынша 10 мем­­лекеттен 42 спортшы қа­тысады.

Атап өтсек, қазіргі таңда бар­лық қатысушылар қызу дайындық үстінде. Сондай-ақ отырыс барысында сайыста қолданылатын жаб­дықтардың сапасы, жалпы шараның ұйым­дастырылуы және спортшылар мен көрермендердің қауіп­сіздігін қамтамасыз ету шаралары жөнінде сөз қозғалды.

Кездесу қорытындысы бойынша «Құсбегілік» федерациясының президенті Берік Уәли төрешілер алқасына Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының атынан берілген арнайы сертификаттарды табыстады.