Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Жалпы алғанда, Абзал Құспан киіктердің көбеюінен туған мәселелердің бірі – киіктің дериваттары үшін заңсыз, әділетсіз сотталып жатқан ауыл азаматтарының жағдайын баяндады. Оның айтуынша, киіктің дериваттары, яғни мүйізі үшін сотталып жатқандар – аң атуды кәсіп қылған кәнігі браконьерлер немесе осы «кәсіпті» иеленіп алған ұйымдасқан қылмыстық топтардың мүшелері емес, қарапайым ауыл тұрғындары.
«Оларды әділетсіз сотталды деуіме өзім оқып, танысқан жүзден аса сот актілері нақты дәлел. Киікті атпаған, бірақ оның мүйізін сатқан (жинаған, сақтаған, тасымалдаған) адамдарды қоршаған ортаға миллиондаған, тіпті миллиардтаған теңгеге залал келтірді деп жаппай соттау тәжірибесі 2021 жылдың тамыз айынан басталды. Оған Жоғарғы соттың сол кездегі қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы болған Абдрашит Жүкеновтің облыстық сот басшыларына жолдаған нұсқау хаты негіз болып отыр. Хат Қылмыстық кодекстің 339-бабын түсіндіруге бағытталғанымен, мәні бойынша тікелей нұсқау формасында рәсімделген», дейді А.Құспан.
Ал айдың-күннің аманында елдің берекесін алған бұл хаттың жазылуына сол кездегі Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің ақпараты алғышарт болған екен. Киікті атуға қатысы жоқ азаматтар бұған дейін Қылмыстық кодекстің 339-бабының 1-бөлігімен сотталып келген. Енді жоғарыда аталған хаттың салдарынан 2021 жылдың тамыз айынан бастап, олардың әрекеті сол баптың 3-бөлігімен дәрежеленетін болған. Яғни сотталушылардың мойнына жүздеген миллионнан бірнеше миллиардтаған сомаға дейін айыппұл салынып, сот нақты бас бостандығынан айыру үкімін де кесіп жіберіп жатыр екен.
– Бұл жерде мен зерделеген сот актілеріндегі негізгі қателік, кез келген қылмыстық іске қатысты қолданылатын басты қағидат – қылмыстық әрекетпен одан келген залалдың арасындағы себеп-салдарлық байланыстың анықталмауы. Барлық жағдайда іс бір сценариймен жүреді, киіктің мүйіздері табылады, іс қозғалып, Үкімет тарапынан Экология министрлігінің уәкілетті комитеті арқылы киіктің құны шығарылады (бір киік 2,5 млн теңге). Ал тергеу органдары мен сот азаматты киікті өлтіру арқылы табиғатқа аса ірі мөлшерде зиян келтіргені үшін соттайды. Ол киіктің өлу себебі өз ажалынан ба, әлде табиғи апаттан болды ма, басқа қарулы адамдар тобы атып өлтірді ме, оны тергеуші де, сот та анықтап жатпайды. Одан басқа, сот сол киіктің мүйіздерін бір тиындық құнының жоқтығы себепті, яғни қажеттілігінің болмауына байланысты өртеуге үкім шығарады. Соттың да, Үкіметтің де әрекеттерінде заң былай тұрсын, ешқандай логика жоқ, – деді депутат.
Абзал Темірғалиұлы жазғы парламенттік каникул кезінде Батыс Қазақстан облысында болып, осы жағдайлармен сотталған азаматтардың туыстарымен жүздескен екен. Сондай-ақ өңірдегі адвокаттар алқасында жиналыс өткізіп, судьялармен де жолыққан. Сондағы бірінің айтқаны – Жоғарғы соттан келген нұсқау хат.
Депутат Павлодар қаласына барған сапарында түрмеде жазасын өтеп жатқандармен де кездескен. Айтуынша, ол жерде 58 азамат отыр. Әрқайсысының мойнына үлкен көлемдегі айыппұл артылған. Заң тілімен айтсақ, залалды өндіру жүктелген. Ал ол соманы сотталушы ғұмырының соңына дейін өтеп үлгермейді.
– Осының салдарынан көптеген отбасы ажырасып жатыр. Ең сорақысы, олардың арасында іштерінде бірде-бір браконьер жоқ. Есесіне, Ауған соғысында басынан зақым алып, жүйке аурулары салдарынан өз әрекетіне жауап бере алмайтын азамат отыр, – дейді депутат.
Осылайша, ауылдағы ағайынның аманатын жеткізіп, араша сұрап отырған Абзал Құспан Конституцияға сәйкес барлық заңның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ететін, ең жоғарғы қадағалаушы органның басшысы ретінде Бас прокурор Берік Асыловтың атына үш ұсынысын жолдап отыр.
Алдымен бұған дейінгі Бас прокурор тарапынан Жоғарғы сотқа жолданған ақпаратты кері қайтаруды сұрады. Одан кейін Жоғарғы соттың облыстық сот төрағаларына жолдаған 2021 жылғы тамыздағы нұсқау-хаттың күшін жою керектігін жеткізді. Үшіншіден, Қылмыстық кодекстің 339-бабы, 3-бөлігімен шыққан сот Үкімдеріне талдау жүргізіп, наразылық беруді сұрады.
– Сол арқылы әр судьяның істі қарау барысындағы тәуелсіздігі туралы Конституциялық норманың сақталуына, әділетті сот практикасын қалыптастыруға және заңсыз сотталған азаматтардың Конституциялық құқықтарының сақталуына ықпал етесіз, – дейді А.Құспан Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған сауалында.
Расында, депутат А.Құспанның көтеріп отырған мәселесі сот саласын жүйелеп, реформалау ісінде әлі де атқарылар жұмыстың аз емес екенін көрсетіп отыр. Әрине, біздің мақсат дәл осы баппен сотталып жатқандарды ақтап алу емес. Қанша дегенмен жұрт мүйізде тұрған не бар деуі мүмкін, бірақ сол мүйіздің артында қаптаған қалың киік бар. Интернетті ақтарсаңыз, киіктің мүйізімен ұсталып, сотталып жатқан азаматтар жайлы ақпарат толып жүр. Мәселен, 2020 жылы Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері жеңіл автокөлікпен 632 дана киік мүйізін үш қапшыққа салып, алып келе жатқан адам қолға түсіріп еді. Ал осы 632 мүйіз үшін 316 киіктің оққа ұшқаны белгілі.
Сондай-ақ 2022 жылы тағы да сол Батыс Қазақстанда құны 2,5 млрд теңге тұратын киік мүйізімен ұсталғандар сотталды. Олар 1 169 киік мүйізін жинап, сақтап, Ресейге өткізбек болған. Оңай олжаны көздеген арамза тірліктері өрге баспай, полицияның қолына түскен. Сөйтіп, Орал қалалық сотының үкімімен бірі – 8 жылға, екіншісі – 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бес-алты мүйіз болса бір жөн, мыңдап жинастырып, оны шетелге сатумен айналысып жүргендер жөнінде әңгіме бөлек. Ал Абзал Құспан айтқан мәселе бойынша біз де жуық арада Бас прокуратураның жауабын алып, бұл мәселенің анық-қанығына жетуге тырысамыз. Өйткені киіктің киесінен гөрі мүйізінің әуресі көп болып тұрған сыңайлы.
Ғалымдардың санағынша, жер бетіндегі киіктердің 80 пайызы елімізді мекендейді. Елдегі бөкендердің үш популяциясының ең үлкені Батыс Қазақстан облысында шоғырланған.