Дүниежүзілік көшпенділер ойындары • 13 Қыркүйек, 2024

Қырғыздар алымды екен

38 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының негізгі инфрақұрылымы саналған «Қа­за­нат» ипподромында көкбөрі (қазан­дыққа салым салынатын ойын) сайысы­ның финалдық тартысы өтті.

Қырғыздар алымды екен

Топтық кезеңде қарсыластарын айқын ұтқан еліміздің ұлттық құрамасы Қырғызстан құрамасына есе жіберіп, күміс медальді місе тұтты. Үш таймдық сайысқа қырғыз көкпаршылары 4:10 есебімен жеңіске жетті.

Сайыс ә дегеннен қырғыз көкпаршыларының басымдығымен өтті. Оған негіз де жоқ емес. Өйткені елімізде қазандыққа көкпар тарту тоқтағалы көп жылдың жүзі болды. Көк­пар­шыға да, астындағы атына да қатер төн­діріп, жиі арандап қалу қаупі де жоғары болғандықтан қазандыққа тартуға доғарылған. Сол себепті қазандыққа емес, жердегі шеңберге салым салу кең өріс алды. Ал Қырғызстанда, керісінше, жыл сайын өтетін көкбөрі додасы тек қазандыққа тартылады. Оған аттары да әбден көндігіп, үйреніп алған.

Ақылбай Манкеев баптайтын көкбөріден ұлттық құрама мүшелерін қырғыз қарсы­ластарынан ойсырай жеңілді деп жүндей берген де жөн болмас. Қалың жанкүйер куә, біздің жігіттер мінген аттардың қазандықтан үркіп, жанына жуымай сырт айналуы да салым салуға кедергісін келтірді. Мысалы, тәжірибелі көкпаршы Темірхан Айтбаев тізгіндеген «Алға» сәйгүлік Қырғызстан құрамасының қазандығына жеке-дара келгенде тоқтамай өте шықты. Ал қырғыз командасының қай аты болсын қазандыққа жеткенде иесіне болысып кілт тоқтай қалады. Мұны бір деңіз. Екінші тағы осы Темірханның астындағы арғымақ доданың ішіндегі арпалыста қарсыластың аты омыраулап келіп қаққанда бір емес, екі рет омақасып құлады. Демек біздің көкпар аттары дәл осы көкбөрі сайысының ырғағына әлі де ілесе алмай тұрғанын айғақтайды. Тағы бір себеп – көкбөрінің негізгі көзірі саналатын жекпе-жек додасына да салатын сәйгүлігіміздің жоқтығы. Ал қарсы жақтың қай атын жекпе-жекке салса да сүрінген жоқ. Осыдан кейін де қырғыз көкпаршылар жердегі серкені еркін іліп әкетіп салым санын еселеп отырды.

Көкбөрі додасынан бұйырған күміс медаль да аз табыс емес. Бірақ 2026 жылы Қырғызстанда өтетін кезекті Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында оларға төтеп беру үшін қазандыққа тартатын көкбөріні қалайда дамытпасқа болмайды.