Дүниежүзілік көшпенділер ойындары • 13 Қыркүйек, 2024

Аустралия – чемпион

67 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары аясындағы дәстүрлі садақ ату турнирінің соңғы жарыс күні өтті. Бұл жолы 16 мемлекеттен келген садақшылар командалық сайыста бақ сынап, өзара кім мықтыны анықтады.

Аустралия – чемпион

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Сонымен жарыс жолына Испания, Италия, Сингапур, Словакия, Қырғызстан, Ин­донезия, Моңғолия, Аустралия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Мажарстан, Фран­ция, Румыния, Ресей, Түркия және Қазақстан құрамалары шықты. Әр командада 3 ер, 2 әйел болды.

Қазіргі таңда дәстүрлі садақ ату өнерін әлемнің көптеген елінде бел­сенді үйреніп, игеріп жатыр. Бұрын көшпелі болған мемлекеттер ғана емес, «көшпеліліктің» иісін де сезбеген халықтардың бүгінгі ұрпақтары садақ тартқанда алдына жан салмайтын болған. Біз мұны осы күнгі жарыс кезінде тағы да байқадық.

Өйткені командалық айқастар өте тартысты өтті. Бір-бірінен асып түсіп жатқан садақшылардың атқан жебелері мүлт кетпей, нысананы дәл көздеп жатты. Осылайша, мықтылар іріктеле келіп, жартылай финалға төрт құрама суырылып шықты. Олар – Испания, Ресей, Аустралия және Қазақстан командалары.

Жартылай финалдық сында Аус­тралия мен Қазақстан құрамалары Испания мен Ресейді жеңіп, финалға жолдама алды. Одан әрі 3-орын үшін болған тартысты бәсекеде Ресейдің бағы жанып, көшпелілер ойындарының қола жүлдегері атанды.

Дәстүрлі садақ ату турнирінің соңғы бәсекесі Қазақстан мен Аустралия садақшылары арасында өтті. Өліспей беріспейміз деп білек сыбана іске кіріскен екі ел спортшылары да бар өнерін ортаға салып бақты. Дегенмен спортта жеңіспен қатар жеңіліс те қатар жүретіні белгілі. Жергілікті жанкүйерлердің жаппай қолдауы мен тілегіне қарамастан қазақ садақшылары аустралиялықтарға жол беруге мәжбүр болды. Сонымен Аустралия – чемпион, Қазақстан – күміс, Ресей – қола жүлдегер.

Сайыс аяқтала сала біз жеңіске жеткен Аустралия садақшыларының жанына барып, алтын медальдарымен құттықтап, осы жарыстан алған әсерлерін білген едік. «Бүгінгі сында чемпион болып, еліме алтын медаль сыйлап жатқаныма өзімді өте бақытты сезініп тұрмын, деді Аустралия құрамасының мүшесі Убейт Йылдыз. – Маған Қазақстан да, Астана да қатты ұнады. Осында жүргеніме бір апта болды. Қазы-қарта секілді қазақ тағамдарының дәмін татып көрдім. Оларды да бір жегеннен жақсы көріп қалдым».

Алтын медаль иегері осыған дейін Түркияда өткен ІV Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына да қатысқан екен. Алайда биылғы ойындар бұрын­ғыға қарағанда әлдеқайда кең көлемде өтіп жатқанын, ұйымдастыру деңгейі жоғары болғанын айтады. «Егер тағы да Қазақстанға келуге мүмкіндік болса, сіздердің әдемі елдеріңізге әлі де табан тірейтін боламын» деп сөзін аяқтады.

Еске сала кетсек, бүгін – V Дүние­жүзілік көшпелілер ойындарының соңғы күні. Теңге ілу, бәйге, құсбегілік, мангала және ордо спорт түрлерінен сайыстар өтеді. Кешкі сағат 16:00-де «Этноауыл» кешенінде көшпелілер ойындарының жабылу салтанаты өтеді.