Спорт • 13 Қыркүйек, 2024

Ордо мен овариден де жүлде бар

93 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше ордо спортының топтық кезеңінде өнер көрсеткен құрама үздіктері жарысты сәтті бастады. Спорттың бұл түрі қырғыз халқының асықпен ойнайтын ұлттық ойыны саналады. Әр команданың құрамында 8 ойыншыдан болады. Ойын ерлер арасында тегіс жерде өтеді. Мұнда шеңбердің диаметрі 12 метр болса, ойыншылар асықты сол шеңберден шығаруға тиіс. Ойынның ұзақтығы 2 сағатқа дейін созылады.

Ордо мен овариден де жүлде бар

Сурет: worldnomadgames.com

Ойын қырғыздың «Ордо Оюну» спорт федерациясының қол­даныстағы ережелеріне сәйкес өтетіні алдын ала хабарланды. Бұл күні біздің құрама спортшылары Б тобында өнер көрсетіп, алғашқы ойынын Чехия құрамасына қарсы өткізді. Сол кездесуде асықшылар қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, қарымын бірден көрсетті. Ақтық сынға өтуге үмітті екенін байқатты. Ұлттық құрама спортшылары екінші кезеңде Моңғолия спортшыларын да ойсырата жеңді. Осылайша, асықшылар топтық кезеңнен оңай өтіп, финалға жолдама алды. Енді ақтық ойын бүгін «Алау» кешенінде өтеді.

Овари спортынан Әсел Дәлиева мен Аңсаған Қожанәсіп қоржынға медаль салды. Озық ойлылардың тартысында спортшылардың бірі – алтын, екіншісі – қола жүлде жеңіп алды.

Овари – Батыс Африка халықтарының зияткерлік ойыны. Сырттан бақылаған адам ойынның түрін өзіміздің тоғыз­құмалаққа ұқсататыны анық. Ойынды екі адам ойнайды. Ойынның өзі тақтаның екі қатарында орналасқан алты бірдей шұңқыршамен байланысты. Тақтада бас-аяғы 12 кішкентай шұңқырша болады. Бұдан бөлек ойыншыларда тас­тарды жинайтын тағы үлкен жинақтаушы шұңқыршалар болады. Зияткерлік ойынды спортшылар 48 шармен ойнайды. Яғни тақтаның өз жағындағы алты кішкентай шұңқырша ойыншының өз алаңы, ал қарама-қарсы алты шұңқырша сәйкесінше  – қарсылас­тың алаңы. Ойыншылар өз қойма­сында мүмкіндігінше көп шар жинауға тырысады. Кім көп шар жинаса, сол ойыншы жеңіске жетеді.

Сонымен Батыс Африка халық­тарының зияткерлік ойынында әйелдер арасында сынға түскен екі спортшы да жүлдегер болды. Алтын алған Әсел Дәлиева – Қызылорданың тумасы, еңбек сіңірген спорт шебері. Тоғызқұмалақты 9 жасынан ойнайды. Тоғызқұмалақтан әлемнің, елдің бірнеше дүркін чемпионы деген атағы тағы бар. Аңсаған Қожанәсіп те қаражаяу емес, тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Аруларымыз бұл жолы тоғызқұмалақтан ғана емес, овари зияткерлік ойынынан да мықтылығын дәлелдеді.