Экономика • 13 Қыркүйек, 2024

Мұнай бағасының түсуі тығырыққа тірей ме?

129 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Brent» маркалы мұнайдың бағасы 2021 жылдан бері алғаш рет барреліне 69 долларға құлдырады. Ал «WTI» маркалы мұнайдың бағасы 3,1 пайызға төмендеп, 66 долларға түсті. Сарапшылар бұл құбылысқа әртүрлі баға беріп отыр. Несібесін мұнайдан табатын мемлекеттерді бұл үрдістің үркітетіні рас. Таяқтың бір ұшы бізге де тиетіндей.

Мұнай бағасының түсуі тығырыққа тірей ме?

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

«Citi» сарапшылары ОПЕК-ке кір­мейтін елдердің мұнай жеткізілімінің артуына, әлемдік сұраныстың төмен­деуіне байланысты 2025 жылы мұнай баға­сы барреліне 60 долларға дейін төмендейді деп отыр.

«Tengenomika» сарапшыларының айтуынша, әлемнің ірі экономикалары – АҚШ пен Қытайдағы мұнайға деген әлсіз сұраныс, сонымен қатар жыл соңына таман мұнай өндірісін күшейту туралы ОПЕК+ шаралары мұнай бағасының төмендеп кетуіне себеп болды.

«Осылайша, мұнай котировкалары «жоғары» деңгейде болуды тоқтатады және одан әрі төмендеу үрдісін жалғастыра алады. Әрине, Қазақстан экономикасы мен бюджет үшін мұнайдың орташа жылдық бағасы маңызды. Бірақ қазіргі баға мен өсімнің әлсіз перспективасы ел табысына орташа мерзімді горизонтта қысым көрсетуі мүмкін. Бұл өте маңызды, өйткені келесі жылы еліміздегі өндіріс ағымдағы болжанған жылына 90 млн тоннадан 2025 жылы 97,2 млн тоннаға дейін артады деп күтіліп отыр», дейді сарапшылар.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов ұсыныс жоғары, ал сұраныс төмендеп келе жатыр дейді. ОПЕК соңғы кездесуінде өндірісті арттыруды 2 айға шегерді. Себебі мұнай көп.

– Бұл құлдырау ел экономикасына қатты әсер етеді. Елімізде мұнай бағасы 75 доллармен есептелген. Енді бұл бағадан төмен сатылған кезде, бюджетке, Ұлттық қорға ақша аз түседі. Сол себепті, тапшылық пайда болады. Тапшылық туындаса, Ұлттық қордан одан да көп ақша алынады. Түсім аз, шығынның көп болуы – сенделтетін соққы. Соны есепке алу керек. Осыған дейін қордан алынып жүрген қаражат көлемі одан сайын артуы мүмкін. Бұл регресс теңгеміздің құнына да әсер етеді. Арғы жағын ойлаудың өзі біраз үрей туғызады, – дейді А.Нарымбетов.

Расында, бізде қор бюджеттің қызметін атқарып жатқаны белгілі. 2014 жылы қор қаражаты 77 млрд долларға жетіп, содан бері біраз төмен түсті. Қазір 60-65 млрд арасында тұр. Мемлекет басшысы 2030 жылға дейін Ұлттық қор қаражатын 100 млрд долларға жеткізуді талап еткен еді.

Мамандар барреліне 60, 70, 80 доллар мұнай үшін қолайлы баға дейді. 2014–2015 жылдары мұнай бағасы біршама түсті. Содан 2019 жылға дейін 60-70 доллар арасында болып келді. 2020 жылы 40 долларға түссе, 2021 жылы 70 доллар болды. Ал 2022 жылы 100 долларға дейін өсті. 2023 жылы 84-ке түсіп, қазір одан әрі құлдырап бара жатыр.

– Мұнай бағасы осылай құбылып тұрады. Оның тұрақты бағасы болмайды. Қатты көтеріліп кетсе де үлкен қауіп төнеді. Себебі бюджет пен кәсіпкерлер оған үйреніп алады. Мысалы, пандемия кезінде біздегі мұнай бағасын 40 долларға бекіткен едік. Бағасы көтерілген сайын, бюджеттегі бағаны да өсіріп отырды. Біздегі қателік осы жерде. Негізі сараптап, саралап әрекет етуіміз керек. Мемлекет бюджетке үлкен баға қоймау керек. Орташа алғанда 3 баға қоюы керек деген ұсыным айтып жүрмін: минимум, орташа және максимум. Себебі мұнайдың жоғарғы бағасына үйреніп қалады да, сосын қаржылық күйзеліске түседі. Көптеген әлеуметтік жобаға ақша жетпей қалады. Сондықтан әрқашан бюджетте консервативті баға­ның болуы тиімді. Одан көп ақша келіп жатса қорға жіберу керек, – дейді сарапшы.

Сала маманының айтуынша, мұнай­дың бағасы түскен кезде мұнайдың айна­ласындағы кәсіпкерлердің де жағ­дайы нашарлайды.

– Сондықтан шағын және орта бизнесті дамыту керек.  Басқа салаларды енді-енді дамытып келе жатырмыз. Біз үшін мұнай-газ саласына тәуелділіктен арылу маңызды, – дейді ол.

Бірер күн бұрын Ұлттық экономика министрі Азамат Әмрин Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заңда мұнайдың кесімді бағасы 2025 жылы – барреліне 42,3 доллар, 2026 жылы – барреліне 41,0 доллар, 2027 жылы барреліне 39,4 доллар деңгейінде белгіленді деген мәлімдеме жасады.