Саясат • 12 Қыркүйек, 2024

Қазақстан – Түркия: Қорғанысты күшейтетін ынтымақтастық

36 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркия Республикасының Ұлттық қорғаныс министрі Яшар Гюлер бастаған делегация Қазақстанға ресми сапармен келді. Жоғары мәртебелі қонақтың сапары «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Содан кейін Қазақстан Қорғаныс министрлігінде құрмет қарауыл ротасы мен әскери оркестрдің қатысуымен салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Қазақстан – Түркия: Қорғанысты күшейтетін ынтымақтастық

Сурет: ашық дереккөзден

Қазақстан мен Түркия қорғаныс салаларының басшылары генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен Яшар Гюлер өзара іс-қимылды кеңейтуге ұмтылысты растай отырып, екіжақты ынтымақтастықтың қар­қынды дамуын атап өтті. Кеңей­тілген құрамдағы келіссөздер бары­сында тараптар әскери-техни­калық ынтымақтастық, жауынгерлік да­йын­­дық және әскери білім беру мәсе­лелерін талқылады.

– Бүгінде екі ел қорғаныс ведомство­лары арасында қызметтің көптеген бағыты, соның ішінде қорғаныс-өнеркәсіп кешені бойынша тығыз қарым-қатынастар дамыған. Қазақстан­ның әскери қызметшілері Түркия аумағында өткізілетін «Efes» және «Қыш» жаттығуларына тұрақты негізде қатысып келеді. Біздің курсанттар Түркияның әскери жоғары оқу орындарында білім алады. Жыл сайын екі елдің әскери қызметшілері арасында өзара тәжірибе алмасу жүргізіледі. Сіздің бүгінгі сапарыңыз екіжақты ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін береді деп ойлаймын, – деді Қазақстанның Қорғаныс министрі Р.Жақсылықов.

Өз кезегінде Я.Гюлер қорғаныс ведомстволары арасындағы әріптестіктің қарқынды дамығанына тоқталып, жылышырай қабылдағаны үшін ризашылығын білдірді.

– Біздің қарым-қатынасымыз ортақ тарихымыз бен өзара түсіністікке негіз­делген. Қазақстан Орталық Азия­дағы сенімді серіктесіміз. Біз оқу-жаттығу­ларымызда Қазақстан әскери қызмет­шілерінің жоғары дайындық деңгейін ерек­ше атап өтеміз. Осы бағыттағы өзара іс-қимылды арт­тыруға мүдделіміз. Соны­­мен қатар Түркия Қарулы күштері жауын­­гер­л­ік дайындық, әскери білім беру және қорғаныс-өнеркәсіп кешені мә­с­е­­ле­­леріндегі ынтымақтастықты те­рең­­детуге ниетті, – деп атап өтті Я.Гюлер.

Түркия Қорғаныс министрі құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырды. Ол серіктестік қатынас­тарды дамытуға өзара ұмтылыстың белгісі ретінде Қазақстан Қорғаныс министрлігі ғимаратының жанындағы «Достық аллеясына» ағаш отырғызды.