Денсаулық • 14 Қыркүйек, 2024

Бейнетке айналған вейп

128 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл Мемлекет басшысы ұрпағы­мыздың келешегіне қатысты маңызды құжатқа қол қойғанын қалың бұқара жақсы біледі. 19 сәуірде шегілмейтін темекі өнімдерін, вейптерді, хош иіс­тендіргіштер мен сұйықтықтарды сатуға, таратуға тыйым ­салынатын заң күшіне енді.

Бейнетке айналған вейп

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Осының анық-қанығын білу мақсатында шілде айында «Вейпсіз жастық шақ» әлеуметтік жобасы біраз жұмыс атқарып, тыйым салынғаннан кейін елде вейптер мен бір реттік электрондық темекілердің сатылу жолдары мен мұндай өнімдердің желіде заңсыз сатылуының негізгі тәсілдерін тану, түсіну, талдау мақсатында танымал интернет-платформаларда зерттеулер жүргізген еді. «Аталған шара арқылы вейптердің заңсыз онлайн-саудасы түпкілікті тыйылды ма?» деген сұраққа жауап ізделіп, елдегі вейптер жиі жарнамаланатын интернет-платформалардың рейтингі жасалды.

«Қазақстан балалар қоры» ҚҚ директоры және Халықаралық балалар қорлары қауымдастығының вице-президенті Эльвира Ватлина зерттеу кезеңі 2024 жылдың шілде айын қамтығанын айта келіп, «Елімізде жас­тар арасында құрамында никотинді заттардың таралуына қарсы күрес жөніндегі іс-шаралар белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Біздің қор осы мәселені шешу мақсатында 2023 жылы «Вейпсіз жастық шақ» әлеуметтік жобасын іске қосқан болатын. Содан бері жобаның қамту географиясын үш өңірден беске дейін кеңейттік, олар – Алматы, Астана, Өскемен, Шымкент, Қарағанды. Белсенділер мен еріктілер мектептер мен жоғары оқу орындарында көптеген кездесулер өткізді, акциялар, рейдтер мен флешмобтар ұйымдастырды. Алдағы уақытта, жоспарымызға сай, ауқымды іс-шараларға көшуді көздеп отырмыз», деді.

Жалпы вейп (vape – булау) дегеніміз – электронды темекі, тартқан кезде темекі түтінін емес, бу шығаратын темекілік сұйықтықтарды буландыруға арнал­ған құрылғылар. Вейптердің темекіге қарағанда зияны аздау деп есептелінсе де, оларды үзбей шегу никотинге деген тәуелділік пен басқа да жағымсыз салдарға, келеңсіз жағдайларға душар етуі әбден ықтимал.

Медициналық мәліметтерге сәйкес, темекілік сұйықтықтар, хош иіс­тендіргіштер жүрек пен қан тамыр­ла­рының жұмысын бұзып, тыныс алу жолдарының қабынуын, ал кей­бір жағдайларда онкологиялық ауру­ларды тудыруы мүмкін. Қысқасы, жоға­рыдағыдай зерттеулер барысында елі­мізде вейптер «OLX» сайтында, «Telegram» мессенджерінде және «Instagram» әлеуметтік желісінде ­сатылатыны мәлім болып отыр.

Бұл рейтингте бірінші орын «OLX» платформасына тиесілі болса, «Similarweb» мәліметтері бойынша, соңғы айда ғана оған бас сұққандардың жалпы саны 9,4 млн-ға жеткен. Зерттеу кезеңінде вейптің сатылуы туралы 14 белсенді хабарландыру табылды. «Вейпсіз жастық шақ» әлеуметтік жобасының зерттеуі анықтағандай, «OLX»-те вейптер ­­2020 жылдан бері сатылады.

Аталған құрылғылардың сатылуы туралы хабарландыруларды орналастырған аккаунтардың басым бөлігі 2024 жылдың маусым-шілде айларында тіркелген. Бұл ретте әрбір аккаунт орташа алғанда есеппен екі хабарландырудан шығарады. Көптеген жарнамада вейптердің нақты суреттері бар, негізінен фейк аккаунттар пайдаланылады. Расын айту керек, платформа тарапынан вейптердің заңсыз сатылуы туралы хабарландыруларға қарсы күресу шаралары жүргізіледі, мұндай хабарландырулар әдетте бір тәулік ішінде жоғалып кетеді. Бірақ содан кейін олар қайтадан «OLX» алаңшасында, оның үстіне «Сән», «Хобби, демалыс, спорт», тіпті «Балалар аяқкиімі» сияқты бөлімдерде қайта шығады.

Ал «Telegram»-ға келсек, бүкіл зерттеу кезеңінде вейптерді «Telegram»-да сататын белсенділігі жоғары 8 хабарландыру анықталды. Бұл мессенджерді айына шамамен 12,5 млн отандасымыз қолданады екен. Аталған платформаның вейптерді сату туралы хабарландыруларды орналас­тыру жағынан қамту аясы ең ауқымды.

Бұл жерде заңсыз сауда жасау өте ыңғайлы, өйткені сатушылар өз бизнесі үшін арна немесе топты жылдам құрып, вейптер, бағалар мен акциялар туралы ақпаратты жариялай алады. Сонымен қатар «Telegram» құпиялылықты қам­та­масыз етеді, соның арқасында сатушылар клиенттермен шифрленген хабарламалар арқылы хабарласа алады, бұл да тыйым салынған санатқа жататын тауарларды сату кезінде оларға ыңғайлылық туғызады. Сондай-ақ мессенджер тапсырыстарды автоматты түрде өңдеу, хабарламалар жіберу және жиі қойылатын сұрақтарға жауап беру үшін боттарды пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл сатушылардың жұмысын жеңілдетеді және заңсыз бизнестің тиімділігін арттыра түседі.

«Instagram» әлеуметтік желісінің 12,1 миллионнан астам қолданушысы бар. Зерттеу кезеңінде мұнда вейптің сатылуы туралы барлығы белсенді үш хабарландыру анықталды. Барлық жарнаманың ішінде тек бір дүкен ғана «Instagram»-да тапсырыстарды қабылдайды және өңдейді, қалғандарында «Telegram»-ға сілтемелері бар. Дегенмен, «Instagram» жарнамалық жағынан тартымды, өйткені ол жарнаманы нақты бір аудиторияға реттеп беруге мүмкіндік береді.

Зерттеу барысында анықталғандай, сатушылар вейп жарнамасын 18-30 жас аралығындағы ерлер аудиториясына бағыттайды. Орналасу контексінде нақты өңірлер емес, бүкіл ел аумағы көрсетіледі. «Instagram» вейптер заңсыз сатылатын интернет-платформалар рей­тингісінің соңында тұр.

Бір қызығы, зерттеу темекі шегетін құрылғыларды жеткізіп берудің қызықты фактілерін де анықтаған. Мәселен, вейп сатушылары жеткізу қызметте­рін пайдалануды жөн көреді делік, яки тұтынушыларға тыйым салынған ­та­уарды жеткізу үшін өз курьерлерін жалдайды.

Зерттеу авторы әрі Астана қаласындағы «Вейпсіз жастық шақ» жобасының үйлестірушісі Артур Алхастов: «Зерт­теу­леріміздің нәтижелері құқық қорғау орган­дарына вейптердің заңсыз сатушылары мен осы улы құрылғыны өскелең ұрпақтың арасында таралуына қарсы жүргізіліп отырған күреске септесетініне үміттенеміз», дейді.

«Вейпсіз жастық шақ» әлеуметтік жобасы түтінсіз құрылғылардың жолын кесуге талпынып, вейп сияқты зиянды заттар келешегіміздің жұлынқұртына айналып кетпеу үшін нақты әрекеттер жасап жүргендіктен Ішкі істер, Денсау­лық сақтау министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің қолдауы мен сарапшы дәрігерлердің мақұлдауына ие ­болып отыр.

 

АЛМАТЫ