Шаруашылық • Бүгін, 10:20

Суды үнемдеу – заман талабы

36 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында суды барынша үнемдеу жұмы­сын ұйымдастыру керегін атап өтті. «Бұл – ең алдымен, ауыл шаруа­шы­лығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе ауыл шаруа­шылығында кеңінен қолдану қажет», деді Президент. Осы орайда Түркістан облысында мақта шаруашылығына тамшылатып суару технологиясы кеңінен енгізіліп келеді. Су үнемдеу технологиясын ұтымды пайдаланып жатқан шаруа қожалықтарының қатары артқан. Сондай-ақ суды көп тұтынатын дақылдар алқабы 10 мың гектарға қысқартылған.

Суды үнемдеу – заман талабы

Шығыны аз, табысы көп технология

Мақта сапасын арттыру мақсатында, биыл жаңа тәсілмен 2,5 мың гектар алқапқа мақта егілді. Шаруалардың айтуынша, су үнемдеу технологиялары суды, электр қуатын, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарынан 60-65 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есе жоғары. Отандық мақта талшығы сапасының төмендігінен әлемдік нарық­та сұраныс болмай отыр. Мамандар жаңа технологияны енгізу есебінен өнімділікпен қатар мақта талшығының бәсекелестік әлеуеті ұлғаятынын айтады. Қоза көсегі түгелдей ашылып, өнім көрсеткіші кемінде 2 есе артады.

Жаңа инновациялық тәсілдің тиімділігіне көзі жеткен, осы әдіске өтуді ниет еткен диқандар көп. Мысалы, Сауран ауданының шаруалары жаңа әдіспен мақта егіп, бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізіп отыр. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында суды барынша үнемдеу жұмысын ауыл шаруашылығында кеңінен қолдану қажеттігін айтты. Сауран ауданына қарасты Жүйнек ауылында 130 гектар жерге тамшылатып суару арқылы мақта ектік. Су үнемдейтін жаңа тәсілді басқа шаруалар көріп, таңғалып жатыр. Бұл бұрын сор басып кеткен жер болатын. Мақта егуге болатынына ешкім сенбеген. Бастаманың нәтижесі керемет. Елімізде рұқсат етілген тыңайтқыштарды ғана пайдаландық. Әрі қарай осы тәжірибені пайдаланып, алқаптың ауқымын арттыруды көздеп отырмыз», дейді жергілікті кәсіпкер Қанат Көшербаев.

Сонымен қатар облыста шетелдік инвестор мақтаны терең өңдеу көпсалалы кешені кәсіпорындарын құрып, дайын өнімді экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Жоғары сапалы шикізатты өсіруден бастап, жұқа матадан жасалған киімдер мен үй тоқыма бұйымдарын өңдеу мен өндіруге дейін өндірістің толық циклін құруды қамтамасыз етеді. Кәсіпорын облыста алғаш рет тамшылатып суару жүйелерін орнатып, мың гектардан астам аумаққа мақтаның элиталық сорттарының тұқымын екті. Егістікте жергілікті тұрғындар жұмыс істеп жатыр.

па

Ал Қытай технологиясымен тамшылатып суару қолға алынған Мақтаарал ауданында өзбекстандық «Global textile» тоқыма компаниясы мақта талшығын терең өңдейтін зауыт салмақ. Шикізат күйінде сатылып келген мақта енді терең өңделеді. Құны 45 миллион доллар болатын жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, мақта-мата, мата бояу және тігін фабрикалары іске қосылады. Өндіріс орындары іске қосылса, жергілікті шаруаларға өнім өткізуде қиындық туындамайды. Әзірге жергілікті диқандар жиын-терінге дайындық үстінде. Мысалы, Мақтаарал ауылдық округіндегі «Хамро-Ата» шаруа қожалығы биыл мақтаны кеш еккен. Сәуір айының соңында шит жерге түсті. Дегенмен жаңа технология тамшылатып суару әдісімен егілген мақта ерте гүлдеп, жайқалып өсіп тұр. Жалпы, ауданда 312 гектар жерге мақта шитінің жаңа сорты тамшылатып суару әдісімен егілген. Егіс алқабында барлық жұмыс жаңа жүйенің көмегімен атқарылады. Яғни шығын аз, қол күші қажет емес.

Қожалық төрағасы Абдужалил Боев әр 70 гектар сайын тыңайтқышты бір жерден беретін автоматты насос қондырғысы орнатылғанын айтады. Сол арқылы қозаға қажетті дәрумен, тыңайтқыш кес­теге сәйкес уақтылы беріледі екен. Әр гектардан ең кемі 6 тоннадан «ақ алтын» жинауды жоспарлап отырған қожалық төрағасының айтуынша, жаңа технология бойынша алдымен мақтаның бойы өсіріледі. Бойы биік болса, көсекті көп салады. Қозаның төбесіндегі гүліне дейін толық көсектейді. Мақта піскен кезде оны да техниканың көмегімен жинап алмақ. Шаруа қожалығына тартылған жобаның жалпы инвестициялық құны – 500 миллион теңге. Жобаның ерекшелігі, дәстүрлі әдіспен салыстырғанда ағын су 50%-ға үнемделіп, өнімділік 60-70 центнерге артады.

Жалпы, биыл Мақтаарал ауданында 60,6 мың гектар егістік жерге түрлі дақыл егілген болса, оның 33,6 мың гектарына мақта шиті себілді. Қазір­гі таңда диқандар мақтаға қажетті агро­техникалық шараларды аяқтап, дефоляция жұмыстарын жүргізіп, мақта жинау науқанына дайын отыр.

«Аудан бойынша қазіргі таңда 350 гектар мақталық алқапқа дефоляция жұмыстары жасалған. Шаруаларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мақта жинау техникалары, мақта зауыттары мен қабылдау бекеттері науқанға толық дайын тұр», дейді аудан әкімі Бақыт Асанов.

Бүгінде мақта терім науқанына да­йындау үшін комбайндарға жөндеу жұмыстары толықтай жүргізілген. Жалпы, аудан бойынша мақта теріміне 700-ден астам доңғалақты трактор, 900-ге жуық тіркеме және 200-ден астам мақта терім машинасы қатысады. Яғни мақтаны машиналық әдіспен теруді 95%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Айта кетейік, ауданда мақта өңдейтін 7 зауыт және 55-ке жуық мақта қабылдау бекеттері шаруаларға қызмет көр­сету үшін жиын-терін науқанына дайын. Сондай-ақ күзгі дала жұмыстарын жүргі­зуге мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай шаруаларға таратылып жатыр. Жалпы, биыл облыс­та 106,4 мың гектар жерге мақта егілді. Алдын ала болжам бойынша 300 мың тонна мақта жинау көзделіп отыр.

Өңірде су үнемдеу технологиясын мақташылар ғана емес, басқа да ауыл­шаруашылық дақылдарын егетін диқандар да қолданып келеді. Мысалы, Шардара ауданы, Жаушықұм ауылында орналасқан «Иіржар-Агро» ЖШС шаруа қожалығы 500 гектар жерге тамшылатып суару технологиясын енгізген.

«Биыл соның 370 гектарына күнбағыс егіп, жаңа технологияны игеріп жатқан жайымыз бар. Болашақта кластерлік жүйеге көшуге ниеттіміз. Мақсатымыз – жаңа технологияны жылдам игеріп, мол өнім алып, оң тәжірибемізбен бөлісу. Егістіктердің күрделі тегістеу жұмыстарын көрмегеніне көп жыл болған. Жылма-жыл еге бергендіктен, жердің де құнары кетеді. Егіс алқапта­рын дұрыс жоспарламаса, дақылдар­дың ауыспалы егісі сақталмайды», дейді «Иіржар-Агро» ЖШС директоры Оразалы Шыршықбай.

Серіктестікте 11 адам тұрақты жұ­мыспен қамтылған, ал маусым кезінде 20-30 адамға қосымша жұмыс беріп отыр. Сондай-ақ 23 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Шаруа қожалығы күнбағыс өнімін Қытай, Түркия, Әзербайжан елдеріне экспорттап, зауыт ашуды жоспарлап отыр.

Ал Түлкібас ауданында қарқынды бау көлемін көбейтуге ерекше мән беріліп келеді. Статистикалық мәліметке сүйенсек, аудандағы алма баулардың көлемі 3 мың гектарды құраса, соның 700 гектардан астамы – қарқынды бау. Ауыл шаруашылығы саласына жа­уапты мамандардың айтуынша, биыл ауданда тағы 55 гектар жерге тамшылатып суару технологиясы енгізіл­­ген қар­қынды алма бауы пайда болды. Шақ­­­пақ ауылдық округіндегі «Кен-Тау» ЖШС-ның ­директоры Қайрат Садықов алма көшет­тері арнайы Түркиядан алдырылғанын ­айтады.

Қазір бағбандар тамшылатып суа­ру әдісін қолдану арқылы 30 гектар жерден 1200 тоннаға жуық өнім алып жатыр. Аталған өндіріс орнында 150-200-ге жуық адам жұмыс істейді. Шаруа қарқынды алма бауында су үнемдеу технологиясын пайдалану арқылы ­6 мың тонна өнім жинаған. Қарқынды алма бау көлемі 240 гектар болатын серіктестіктің 2200 тонна алма сақтайтын қоймасы бар. Кәсіпкер қыс мезгілінде алмаға сұраныстың күрт артуына байланысты қосымша 2 тоннадан астам алма сақтайтын салқындатқышы бар қойма салуды жоспарлап отыр. Қыста 4400 тоннаға дейін экологиялық таза алмасын саудаға шығаруды көздейді.

 

Каналдар мен қашыртқылар тазаланды

Облыста ылғал үнемдеу технологиялары 32,3 мың гектарға орналастырылған. Биыл қабылданған «Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес елімізде ылғал үнемдеу технологияларын 1,4 млн гектарға енгізу қарастырылған. Оның ішінде Түркістан облысының үлесі 16%-ды немесе 216,3 мың гектарды құрайды.

Бұл орайда облыс әкімдігінің қол­дауымен жұмысын жаңаша бағытта жүйелеген «Тұран су» мекемесінің қосар үлесі мол. Аталған мекеменің атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары талқыланған жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды су үнемдеу технологияларын енгізу, аймақтағы су нысандарын жөндеу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы су нысандарын реттеу, су шаруашылығын тиімді жүргізу, каналдарды жөндеу жөнінде нақты тапсырма берді. Өңірде осы бағыттағы жұмыстар жалғасады. Су қоймаларды жөндеу, салу, каналдарды тазалау, жаңарту жұмыстары сапалы атқарылуға тиіс. Ағын су мәселесін шешіп, су үнемдеу технологияларын енгізу маңызды», деді Дархан Сатыбалды.

«Тұран су» мекемесінің басшысы Досхан Лесовтің айтуынша, 2024 жылға егістікке 817,4 млн текше метр жоспарлы ағын су лимиті бекітіліп, бүгінде босатылған су көлемі 632,7 млн текше метр болған. Экологиялық қажеттілікке 272,8 млн текше метр су босатылып, жоспар 2,1 есе артығымен орындалды. Кәсіпорынның меншігіндегі су нысандарына фильтрациясын жою жұмыстары жүргізіліп, жарықшамдар орнатылған. «Түркістан» және «Арыс» магистралды және ішкі шаруааралық каналдарына 82,7 шақырым механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Су үнемдеу технологиясын шығаратын кәсіпорындар желісі салынды. Қондырғылар орнатылды. Аудан, қала әкімдіктерімен бір­лесіп тазалау жоспарланған 1100 шақырым табиғи арналар, каналдар мен қашыртқылардың 500 шақырым­ға жуығы тазаланған. Сондай-ақ биыл Ордабасы, Сауран, Қазығұрт, Шар­дара, Сайрам аудандарындағы 9 су нысанының 96 шақырымын күрделі жөндеу жоспарланған. Қазіргі таңда 58 шақырымы жөнделді. Нәтижесінде, 15 391 гектар суармалы жердің су­мен қамтамасыз етілу барысы жақсарды. Шардара ауданының 6 ауылдық окру­гінде ұзындығы 958 шақырым болатын қашыртқылардың 1025 шақы­рымына механикалық тазалау жұмыс­тары атқарылған. Су үнемдеу техно­логияларының қолжетімділігін арттыру бағытында ең алғашқы зауыт іске қосылды. Сауран ауданының Шаға ауылдық округіндегі өнеркәсіптік парк аймағында «BNK Group» БНК компания­сы америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, ««BNK Irrigation»» сауда белгісімен айналмалы және фронталды әрекет ететін жаңбырлатқыш машиналар өндірісін іске қосты. Зауыт жылына 1000 жаңбырлатып суару машинасын жасайды және 50 мың гектарға дейін суармалы жерді қамтамасыз ете алады. Бұл – елімізде су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану үшін су шашыратқыш машиналардың толық циклін өндіруді жолға қоюға мүмкіндік беретін ірі инвестициялық жоба.

Бұдан бөлек, аталған «BNK Group» БНК кәсіпорнының жылына 50 мың гектарды және «Тұран су» мекемесі жанынан жылына 9 мың гектарды қамтитын тамшылатып суару қондырғыларын шығаратын 2 зауыт ашылады. Сонымен бірге тамшылатып суару жүйелерін шығаратын төртінші зауыт шетелдік инвестордың қолдауымен Отырар ауданында жүзеге аспақ. Ірі инвестор текстиль кластерін құру бойынша өңірге 440 млн доллар құюға да­йын. Нәтижесінде, 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биылға жоспарланған 22,0 мың гектардың 13,3 мың гектарына алғашқы жарты­жылдықта жаңадан су үнемдеу технологиялары енгізілген. Оның ішінде, ­8 мың гектарға тамшылатып, 4,9 мың гектарға жаңбырлатып суару технология­лары орнатылған. Сондай-ақ был­тыр жал­пы құны 15,9 млрд теңге болатын «Түркістан магистралды каналын күрделі жөндеу» жобасы жүзеге асы­рылып, 60 шақырым канал бетонмен қапталды. Яғни жылына 60 млн тек­ше метр ағын су үнемделіп отыр. Ка­нал­дың су өткізу құрылымдарына 66 дана аус­тра­лиялық «Рубикон Воутер» авто­мат­тан­дыру жүйесі орнатылды. Бұл өз кезе­­г­інде су шығысын қашықтан автомат­ты басқара отырып, судың нүктелі есе­бін нақты жүргізуге, яғни қосым­ша су шы­ғын­дарын үнемдеуге мүмкін­дік береді.

Шаруалар жаңа технологияның өте тиімді екенін айтып отыр. Суды үнемдейді әрі суарудан кейінгі әдеттегідей қатқақ қалдырмайды. Диқандар бұрын егістікті суарып болған соң міндетті түрде культивация жүргізіп, қопсытып алатын. Енді оның қажеті болмай қалды, сосын бұл қондырғымен алқапты дәрілеуге де болады. Сондай-ақ шаруалар бағасы өте тиімді екенін, мемлекет тарапынан жаңа технологияны пайдалануға толық мүмкіндік жасалғанын айтады.

 

Түркістан облысы