ЖОЛДАУ • 17 Қыркүйек, 2024

Ілкімді жобалар іске асты

112 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестікке (МЖӘ) ерекше тоқталуы медициналық қауымдастықтың көкейінен шықты. Өйткені МЖӘ денсаулық сақтау жүйесін дамытуда шешуші рөл атқарады, бұл жеке сектордың ресурс­тары мен тәжірибесін мемлекеттік қолдау мен бақылаумен тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді, ел азаматтары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Ілкімді жобалар іске асты

Сурет: ru.freepik.com

МЖӘ озық технологиялар мен заманауи емдеу әдістерін енгізу үшін бірегей мүмкіндіктер ұсынады, бұл күрделі денсаулық сақтау салалары, әсіресе онкология үшін өте өзекті мәселе. Жеке секторды тарту – жаңа медициналық мекемелерді құру, жабдықтау үдерісін жеделдетуге, сондай-ақ мамандардың біліктілігін арттыруға көмектесіп, пациенттерді емдеу нәтижелеріне тікелей әсер етеді.

Бұған қоса, МЖӘ сапалы меди­ци­налық көмекке қол жеткізудегі тең­сіз­дікті азайта отырып, өңірлерде ден­сау­лық сақтау инфрақұрылымын дамыту­ға мүмкіндік береді және орталық емха­наларға жүктемені азайтады.

Айта кетейік кейінгі 8 жылда МЖӘ аясында онкологиялық көмек көрсету саласында заманауи медициналық объектілерді, оның ішінде ПЭТ/КТ-орталық­тарын, Алматы, Астана өңірлерде салу және жарақтандыру бойынша бірқатар жоба іске асырылды.

Атап айтқанда, 2019 жылы Orhun Medical медициналық компаниясымен мемлекет-жекеменшік әріптестік шеңберінде Қазақ онкология және радиология ҒЗИ-да ПЭТ/КТ-орталығы пайдалануға берілді. 2022 жылы Шымкент қалалық онкоорталығында МЖӘ жобасы аясында ПЭТ-аппараты, сондай-ақ пациенттерге жаңа буын сәулелік терапиясын жүргізуге заманауи сәулелік үдеткіш орнатылды.

Ал 2024 жылдың қыркүйегінде Орал қаласында Онкологиялық ауру­­ларды инновациялық диагностикалау орталығы ашылды. Сондай-ақ МЖӘ аясында, өңірде заманауи КТ-симулятор мен сәулелік үдеткішпен жабдықталған Ядролық медицина орталығы ашылды. Жаңа орта­лықта медициналық көмек барлық пациент­терге Тегін медициналық көмектің ке­пілдік берілген көлемі (ТМККК) шең­бе­рін­де Орал қаласы мен Батыс Қазақстан облы­сының тұрғындарына ғана емес, республиканың барлық тұрғын­да­ры­на да тегін көрсетіледі.

Қыркүйек айының ортасында Алма­тыда Қазақ онкология және радио­логия ғылыми-зерттеу институты базасында Онкологиялық ауруларды инно­ва­циялық диагностикалаудың екінші орта­лығы жұмыс істей бастайды. Аталған орталықтар онкологиялық ауруларды ерте анықтауды айтарлықтай жақсартады, бұл пациенттердің өмір сүруін арттыру мүмкіндігін арттырады.

Бұған қоса, «Қазақмыс» корпорация­сымен Талдықорған қаласында жаңа онкологиялық орталық салу туралы келісімге қол жеткізілді. Талдықорғанда қазіргі заманғы онкологиялық орта­лықтың құрылысы Жетісу халқына ғана емес, жақын маңдағы өңірлер – Алматы, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарына да өзекті. Жобаны іске асыру облыс әкімдігі Жетісу, «Kazakhmys Holding» ЖШС және Қазақстан Ден­саулық сақтау ми­нистрлігі арасында қол қойылған үш­жақты мәміле арқылы жүзеге асты.

 

Диляра ҚАЙДАРОВА,

«Қазақ онкология және радиология ҒЗИ» АҚ басқарма төрағасы, ҰҒА академигі