Мәдениет • 17 Қыркүйек, 2024

Семейдегі мәдени мерекелерде қала гербі неге қолданылмайды

174 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда өңір таңбаларына ерекше мән беріп отыр. Сөзімізді дәйектей кетсек, Мемлекет басшысы биылғы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда: «Мен былтыр аймақтардың нышанын, яғни символикасын жүйелеп, бірыңғай стандартқа келтіру қажеттігін айттым. Нышандардан сол өңірдің ерекшелігімен қатар, еліміздің болмыс-бітімі де байқалуға тиіс», - деді.

Семейдегі мәдени мерекелерде қала гербі неге қолданылмайды

2021 жылы Үкіметтің Қаулысымен геральдикалық зерттеулер орталығы ашылды. Сол жылдың маусым айында Семей қаласы әкімдігі тарапынан – Мәдениет және спорт министрлігінің жанынан құрылған Мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілері мәселелері жөніндегі сараптама кеңесіне қаламыздың басты нышанына өткізілген байқауда үздік деп танылған нұсқалар жолданды.

1

Жобасы үздік деп танылған екі адамның бірі мен едім. 2021 жылдың 25 қарашасында кеңес мүшелерінің жасырын дауыс беру арқылы өткізілген отырысында (№3 Хаттама шешіміне сәйкес) Семей қаласының жаңа таңбасына менің жобамды пайдалануға рұқсат берілді. Дегенмен, Семей қаласының жергілікті атқарушы билігі тарапынан жаңа таңбаны қалалық маслихатқа ұсыну әкімдік тарапынан белгісіз себептермен кешіктірілді. Қалаға жаңа таңбаны қабылдау тек 2022 жылы ғана өңір басшысы Н.Ұранхаевтың тікелей тапсырма беруімен ғана жүзеге асты. 24 маусым күні маслихаттың Семей қаласының жаңа таңбасын қабылдау туралы №25/206-VII шешімі шығарылды. 2022 жылы Мәдениет министрлігі тарапынан өңір нышандарын қолдану барысында басшылыққа алу жөнінде тиісті Ереже жолданғанымен, жаңа таңбаның баяу қолданылуы көңілге қаяу салады. Мысалы, күні кеше ғана «Семей қаласының Алакөлдегі мәдени күндері» өтті, қала гербі жоқ. Биылғы қала күні мерекесінің афишаларында қала гербі пайдаланылмады. Астана мен Алматы қаласында өтіп жатқан іс-шараларда облыстың емес, қала гербтері қолданылады, себебі, қолданыстағы таңба іс-шараның қай қалада өтіп жатқанынан хабардар етеді.

2

Президент «тарихи орталық» деп жоғары мәртебе берген Семейдің еліміздің руханияты мен мәдениетінде алар орны ерекше. Семей – ұлы тұлғалардың ізі қалған киелі мекен. Ж. Аймауытов: «Семей – бір губерния елдің миы. Ақыл-ойдың табысы Семейде!» деп жоғары баға бергені содан болса керек. Қазіргі уақытта облыс орталығында өтіп жатқан іс-шараларда Абай облысының бренбугіне ерекше басымдық беріліп жататыны жасырын емес. Облыс – нақты бір елді мекеннің емес, мемлекеттің әкімшілік бірліктерінің ортақ атауы. Облыстың бренбугі - көршілес аймақтармен шекаралас кіре берістеріне «Абай облысына қош келдіңіздер!» деп қойылса сөз басқа. Облысымыз өзінің жетістігін облыстан тыс аймақтарда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктермен дәлелдей алса нұр үстіне нұр болар еді. Данышпан Абай атамыз: «Жақсы болсаң жарықты кім көрмейді, Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды», дейді, өзіңді өзің емес, сырт көздің мақтағаны орынды шығар.

3

Қазіргі уақытта Президенттің тапсырмасымен құзіретті министрлік дайындаған өңірлік нышандарды әзірлеу туралы Үлгілік қағидалары Zakon.kz сайтында жарық көрді. Аталған Үлгіде өңір таңбаларына қатысты жергілікті органдардың міндеттері мен өңірлік нышандарды қолдану тәртібі сауатты түрде қамтылғанынымен танысып отырмыз. Осыған орай, аталған Үлгі ережесі жергілікті мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару заңына енгізіліп облыс орталығының таңбалары өз лайықты бағасын алады деген үмітім зор.

Ерлан ШАЯХМЕТҰЛЫ,

Семей қаласы гербінің авторы