Банк • Бүгін, 08:40

Банк секторын реттейтін заң жобасы

61 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Келер жылы қаржы секторында банк туралы жаңа заң қабылданады. Мемлекеттен де көмек алып, өздері де тұтынушылық несиенің жемісін көріп, байыған қаржы институттарына бір «серпіліс» қажет-ақ. Оны Мемлекет басшысы да дәл аңғарғандай. Биылғы Жолдауында банктер туралы жаңа заң қажет екенін айтты. Президент сөзінше, аталған құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту мәселесі шешімін табуы керек.

Банк секторын реттейтін заң жобасы

Сурет: ru.freepik.com

Акционерлер жауапкершілігі артады

Бұл заңның қаржы сегментінің алдағы тағдырын айқындайтын салмағы ерекше. Сарапшылардың айтуынша, заң аясында банктерге біршама тың талап қойылуы мүмкін. Солардың негізгілері – нарықтағы жаңа ойыншыларға жеңілдіктер жасау, салыққа қатысты норманы күшейту, банктердің экономикаға көбірек несие беруін ынталандыру және көп дивиденд төлеп жатқан банктерге қатысты белгілі бір шкала енгізу.

аву

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, банк­тер­ге лицензия беру тәртібі де осы заң бо­йынша реттеледі.

«Әмбебап лицензия ірі және орта банктерге, ал негізгі лицензия реттеу талаптары төмендетілген шағын банктер­ге арналады деген үміт бар. Лицензия­лау­да­ғы өзгерістермен қатар, еншілес ұйым­дар немесе филиалдар ашқысы келе­тін шетелдік банктерге қойылатын талаптарды ырықтандыру жоспарла­нып отыр. Шетелдік банктерге қолжет­ім­ді операциялар тізімін кеңейту де осы заң бойынша шешімін табады. Реформа­ның тағы бір негізгі бағыты – исламдық қаржыландыруды дамытуға басым­дық беру», дейді ҚНРДА төрағасы.

«Осы ретте әмбебап банктерге бір лицензияны алып, дәстүрлі банк қызметін исламдық қаржыландырумен біріктіру мүмкіндігін беру көзделеді. Бұл жаңалық исламдық қаржы секторының дамуын ынталандырып, банктер мен олардың клиентіне көбірек мүмкіндік сыйлайды. Біз жаңа заңды қабылдай отырып, мем­лекеттің қатысуын барынша азай­туға, банк тұрақтылығы мен қаржы­лық жағдайын қамтамасыз етуге акционер­лердің жауапкерші­лігін арттыруға қол жеткіземіз», дейді агенттік басшысы.

Банк туралы заң осыдан 30 жыл бұ­рын қабылданған. Оған бірнеше рет өз­герістер мен толықтырулар енгізіл­ді де. Алайда қолданыстағы құжаттың өзгере беруі оны бастапқы мағынасынан алшақтатып жібереді. Сөйтіп, байырғы заң бүгінгі күннің мәселелерін шешуге қабілетсіз болып қалды. Бұл заң тіпті қаржыгерлер ортасында да аса түсінікті болмағанын сарапшылардың бәрі айтады. Демек Мемлекет басшысының жаңа заңды дайындауды тапсыруы қажет­тіліктен туып отыр.

 

Салықты көбейту қазына түсімін молайтады

«Halyk Finance» басқарма төраға­сы­ның кеңесшісі Мұрат Темірханов банк заңнамасын жаңарту туралы ұсыныс қаржы нарығы үшін күтпеген жаңалық болды дейді.

ек

«Жолдауға дейін бұл туралы ресми деңгейде айтылған жоқ. Сондықтан Үкімет, Ұлттық банк, ҚНРДА бұл мәсе­леге үлкен дайындықпен келуі керек. Нарық осыны күтеді. Меніңше, банк туралы жаңа заң жобасы әлемдік озық әлемдік тәжірибемен сәйкес келгені жөн. Мемлекет басшысы заң экономика­лық белсенділікті ынталандыру және финтех секторын одан әрі серпінді да­мыту үшін қажет екенін ашып айтып отыр. Банктердің экономикалық бел­сенділігін заңнамалық тұрғыдан қалай ын­таландыруға болатынын түсіну қиын. Банк қызметін реттеу үшін бізде Ұлттық банк пен ҚНРДА-ның нормативтік акті­лері бар және бұл жеткілікті. Финтех несиелендіруге келетін болсақ, мұндай несиелендіру банк қызметінен олардың несие беруімен ерекшеленеді, бірақ жеке және заңды тұлғалардан депозит алмайды. Финтех кредитор барлық банк сияқты депозиттерді алғысы келсе, ол автоматты түрде кәдімгі банкке айналып, банктік реттеуге түседі. Неге екені белгісіз, бірнеше жыл бұрын финтех несиелендіру микроқаржы ұйымдары туралы заңға енгізілді. Міне, бұл қателік болды. Финтех несиелеуді МҚҰ бойынша заңнан нақты бөліп көрсету керек», дейді Мұрат Темірханов.

Тәуелсіз сарапшы Нұрсұлтан ­Ербо­латұлының айтуынша, экономика­ның құрылымы да, банк секторы да осыдан ­­30 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда көп өзгерді.

ва

«Банктер дәстүрлі жүйеден көп­салалы, өзіндік экожүйесі бар, техно­ло­гия­лық шешімдері дамыған маңыз­ды қар­жы институттарына айналды. Еліміз­де тіркелген банктер тізімінен «ең қым­бат компания», «үздік маркетплейс» те шығып жатыр. Сондай-ақ банк­тердің табысы да жылдан-жылға ар­тып келеді. Мысалы, осы жылдың 7 айын­да екінші деңгейлі банктердің таза та­бысы ­1,4 трлн теңгеге жуықтады. Бұл – банк секто­рын­да бұрын-соңды болмаған рекордтық табыс. Президенттің айтуынша, банк секторына салық мөлшері әділ белгіленуге тиіс және банк акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек. Әдеттегідей табысы жоғары банк­терде таза пайданы акционерлер өзара бө­ліп алады. Алдағы уақытта Үкімет пен Ұлттық банк алдында акционерлерге төленетін дивидендке теңгерімді салық салу міндеті тұр. Заң қабылданса, банк секторына табыс салығынан бөлек, акционерге төленетін дивиденд салығы салынады. Банк саласындағы қазіргі табысты ескерсек, салықты арттыру бюджетке қосымша миллиардтаған қаржы түсіреді», дейді сарапшы.

Нақты секторға несие беру төмен екені осыған дейін талай айтылды. Елі­мізде кейінгі жылдары негізгі капи­тал­ға салынған инвестиция көлемі де аза­йып, ІЖӨ-нің небәрі 15%-ы шамасын­да қалыптасты.

«Дамыған елдерде ішкі қаржыл­андыруда банк секторы басты инвес­тор рө­лін атқарады. Бізде сектордағы кор­­по­ративті несие беру үлесі төмен және заңды тұлғаларға қарағанда жеке тұл­ға­ларға несие беру өсімі жо­ғары. Банк­тердің бизнеске ұсынған несие­сін кәсіп­керлер қымбатсынады. Қай­тарымы тым көп. Ұлттық банк бекіткен жоғары базалық мөлшер­ле­ме несиені айтарлықтай қымбаттатып тұр. Нақты секторды кредиттеу үлесін айтар­лық­тай көбейту бір жылда немесе қысқа мерзімде жүзеге асатын оңай шаруа емес. Бұл – ұзақмерзімді қажет ететін жұмыс», дейді Нұрсұлтан Ерболатұлы.

 

Кепіл мәселесі шешілуі керек

Қаржыгер Ілияс Исаев Жолдау негі­зінен қордаланған бірқатар мәселені мақсатты түрде түзетуге арналған деп есептейді.

вп

«Мемлекеттік аппарат банктердің экономиканың нақты секторына, кәсіп­орындарға несие беруге ықылас таныт­пағанын көріп-біліп отыр. Банктер туралы заң қабылданған 90-жылдардың бел ортасында (1995 жылы 31 тамызда – ред.) банктер экономиканы қаржыландыруға міндетті емес деген пікір басым болыпты. Сол кезде Парламентте банктер­ді міндеттеу бизнестің бәсекеге қабілеттілі­гін шектейді деген пікір үстем болған екен. Бірақ біз мұндай ұстаныммен ешбір нәтижеге жете алмадық. Бизнес банктер қаржыландыруға мүдделі болатын жобалар ұсына алмады, банк­тер мұны тиімді пайдаланды. Соңында Үкімет бұл міндетті квазисектор арқылы шешуге шешім қабылдады. Бұл банк лоббистерінің ықпалымен қабылданған шешім болды», дейді І. Исаев.

Сарапшының айтуынша, экономика өспей, бұл мәселені әкімшілік жолмен реттей алмаймыз.

«Қымбат базалық мөлшерлеме ірі жобалардың іріктеліп шығуын шектеп тастайды. Бұрынғы заңда шектеулер көп болды. Шамадан тыс реттеу, жауапқа тарту, лицензиясын тартып алу банк қызметінің дамуына ықпал етпеді. Бізге банктерді несиелендіруге міндеттеу­ден бұрын нарықтың инвестициялық тартымдылығына баса назар аудару керек. Себебі бизнестің кепіл құралы әлсіз болса, банктер несие ұсынуға қорқады. Кепілдікті қамтамасыз ету ережеле­­рін жеңілдетуге жаңа заңда басымдық бе­рілуі керек», дейді І. Исаев.

Соңғы жаңалықтар

Уәдеде тұрған Үкімет

Аймақтар • Бүгін, 09:33

Тарих және шындық

Пікір • Бүгін, 09:17

ОРК дайындықты пысықтады

Референдум • Бүгін, 09:05

Жеңілдіктен қағылады

Пікір • Бүгін, 09:02

Классикалық киім шебері

Өндіріс • Бүгін, 08:45

Жер конкурсы онлайн жүреді

Аймақтар • Бүгін, 08:35

Бірыңғай QR-код төлем жүйесі

Қоғам • Бүгін, 08:33

Шабындыққа шалғы түсті

Аймақтар • Бүгін, 08:28

Ғылыми әлеуетті арттыру қадамы

Университет • Бүгін, 08:22

Көкпар – рух көрінісі

Ұлттық спорт • Бүгін, 08:20

Студенттер үйінің қуанышы

Аймақтар • Бүгін, 08:18

Заманауи спорт алаңы ашылды

Аймақтар • Бүгін, 08:10

Шын мықтыны шыңдайтын шаһар

Шымкент • Бүгін, 08:07

Құрметке лайық азамат

Тұлға • Бүгін, 08:02