Аймақтар • 18 Қыркүйек, 2024

Уәдеде тұрған Үкімет

100 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көктемдегі тасқыннан зардап шегіп, баспаналары бұзылған Петропавл қаласының тұрғындарына «Бірлік» шағын ауданында салынып жатқан 700 үйдің құрылысы толығымен аяқталып, өткен жексенбіде соңғы тұрғындарға кілттер тапсырылды.

Уәдеде тұрған Үкімет

Сөйтіп, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «еш­кім де баспанасыз қал­майды, бәріңізге үй беріледі» деген уәдесі толықтай орында­лып отыр. Суық түскенше құрылыс бітпей қалып, қара желде далада қаламыз ба деген адамдар­­дың күдіктері толық сейілді. Прези­дент берген тапсырманы Үкімет орындап, демеушілер қаражат бөліп, жергілікті билік іске асыр­ған баталы іске қалың көпшілік шын көңілден разы. Осының өзі тәуелсіз елімізде бірлік, ынты­­мақ, ұйымшылдық болса әрдайым алын­байтын қамал жоқ екенін көр­сет­кендей болды.

Жаңадан салынған 700 үй­ден басқа облыста 1 394 пәтер сатып алынып, зардап шеккендерге берілді. Сондай-ақ 1 899 үйге күрделі жөн­деу жасалды. Жек­сен­бі күні жаңа үйлердің кілтін тап­сырған сал­танатқа Премьер-министрдің орын­басары Қанат Бозымбаев, облыс әкімі Ғауез Нұр­мұхамбе­тов, бар­лық демеушілер, құ­рылыс ком­па­нияларының басшылары қатысты.

апр

Алтын күздің жайдары кү­нін­де үй алған жандардың кө­ңіл­дері шат, қуаныштарында шек бол­ған жоқ. «Жапа шеккен тұр­ғындарға шыдамдылық көрсетіп, қиын жағдайға төтеп бергеніне риза­­шылығымды білдіремін. Жаңа үй­лерді салуға, қалаған жандар­ға екінші нарықтан үйлер сатып алу­ға, күрделі жөндеу жасауға қара­жат бөлген барлық отандық бизнес өкіліне, атап айтсақ, «Қазақстан хал­қына» қорының басқарма төр­ағасы Болат Жәмі­шевке, «Kazakh­mys» корпорациясы директор­лар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай­ға, «Kaspi» компаниясы дирек­торлар кеңесінің төрағасы Вячеслав  Кимге, «KAZ Minerals Manage­ment» директор­лар кеңесінің төр­ағасы Олег Новачукке ­алғыс айтамын. Сіздердің көмекте­ріңіз бол­маса біз мұндай ауқым­ды құрылыс­­ты 3,5 айда бітіре алмас едік», деді Премьер-министр­дің орынба­сары Қанат Бозымбаев өзінің құттық­тау сөзінде.

Облыс әкімі Ғауез Нұр­мұ­хам­­бетов те демеушілерге ыс­тық ықыласын білдірді. Құттық­тау сөзінде ол құрылыс жұ­мыс­­тары үнемі бақылауда болып, Пре­зи­денттің тапсырмасын орын­дауға бар­лық мүмкін бол­ған шаралар жасалғанын мәлім етті. «Енді міне, сіздердің қуаныш­тарыңыз­ды көріп өзіміз де қатты қуа­нып тұрмыз», деді ол. Демеушілер ара­сынан сөйлеген Вячеслав Ким өздерінің де жауапкершілікті жете сезінгендерін жеткізді. «Бізге қаражат бөлдіру де оңай болған жоқ. Сол ақшаның тиімді тұрғыда іске асқанын, халықтың суық түс­пей жылы үйге кіріп алуын ойлап, қатты алаңдап жүрдік», деді ол.

Жаңа үй алғандардың қата­рында Әлима Жаманқұзова да бар. «Біз күздің қара суық соға бас­тағаннан уайымға батып едік. Алайда жергілікті билік үнемі үмітімізді үзбей, үйдің жақында дайын болатынын айтып, көңі­лі­мізді демдеп отырды. Ақыры міне, суық түспей жаңа үйімізге кіріп алдық. Жері де кең екен, мен өзім бақша егуді жақсы көретін адаммын. Президентке, үкіметке айтар алғы­сым шексіз», деді ол қызыл лен­таға байланған кілтті алып тұрып.

Вадим Бедренцев тұрғын үй­­лерін су басқан «Заречный» кен­тінде тұрып келген екен. «Үйім­ді өз қолыммен салып едім, адам­ға күн­делікті керектің бәрін де жа­са­ғанмын. Моншам қандай еді. Со­ның бәрін бір күнде су басып, тал­қан­дап кетті. Қатты күйзеліске түстім. Жа­сым алпыстан асқанда не істей ала­мын? Әйтеуір, Құдайға шү­кір, үкі­мет далада қалдырған жоқ. Міне, жар­қыраған жаңа үй салып беріп отыр. Қуанышымды жасыра алмай тұр­мын. Осы жұмыс­тар­дың басы-қа­сында жүрген барша қамқор жан­­дарға мың алғыс», деді зейнеткер.

Бұл ауданға жаңадан салынып жатқан 90 орындық балабақша­ның құрылысы да жақында аяқтала­ды. Оның құрылысын «Kaspi» ком­паниясы қаржыландырған, ашылуы қазан айына белгіленген. Сонымен қатар осы ауданда 600 орындық мектеп салу да жос­парланған. Жолдар тегіс асфальт­танып, абаттандыру жұмысы да жүргізілмек. Қазір қараса көз тоймайтын, қаздай тізілген біркелкі әдемі үйлерден жарқын-жарқын қуанышты дауыстар, көңілді әуен­дер естіліп, тұрғындар қоныс тойы­на кірісіп кеткен.

 

ПЕТРОПАВЛ