Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Алматы облысындағы «Ақбұлақ» кешенінде әйелдер құрамасына шақырту алған балуандар қызу әзірлікке кірісті. Команданың аға жаттықтырушысы Қуаныш Жақсыбай әлем чемпионатына баратын балуандарды іріктеуде ел біріншілігінің нәтижесі, Азия чемпионатының қорытындысы сараланғанын алға тартты. «Команда қатарына шақырту алған балуандардың көпшілігі көк өрім жастар. Әлемдік додада алғаш рет бақ сынауға бел буып отыр. Арасында халықаралық турнирлерге қатысып, Олимпиада жолдамасы үшін өткен додаға қосылған тәжірибелі балуандар да бар. Мәселен, Лаура Ғаниқызы Албанияға баратын балуандар тізіміне ілікті. Ересектер арасындағы Азия чемпионатынан қола медальмен оралған Анастасия Панасович те қатарда. Алға шығандап кеткендей болмайық, дегенмен әлем чемпионатында кемінде екі медаль олжаласақ дейміз», деді білікті маман.
Аға жаттықтырушы былтырғы әлем чемпионатынан қола медальмен оралған қыздардың неліктен қатарға қосылмағанын айтты. «Былтыр да әлем біріншілігі осы Тирана қаласында өтті. 53 кг салмақта белдескен Алтын Шағаева жартылай финалда молдовалық Мариана Драгутанға есе жіберді. Негізі Алтын барын салып күрескен, бірақ төреші еуропалық балуанға болысты. Біздің Алтын әдіс жасауға ұмтылған тұста ысқырып, белдесуді кілт тоқтатып тастап отырды. Бұйырғаны қола медаль шығар. Балуан қыз биыл отбасылық жағдайына жарақаты да қоса қабат килігіп, бауырын жаза күресе алған жоқ. Сондықтан құрамаға шақырту алмады. Екінші қола медальды олжалаған Ирина Кузнецова (62 кг) ширек финалда украиналық балуанға есе жіберді. Физикалық дайындығы да жоғары екенін дәлелдеген украин қызы тегеурінді екен. Ирина жұбаныш белдесуінде Италия балуанын, ал қола медаль үшін өткен күресте Үндістан қызын қапы қалдырды. Кузнецованың жасы 23-тен асып кеткендіктен, бұл әлем чемпионатына қатыса алмайды», деді Қ.Жақсыбай.
Команда мүшелері Алматы облысындағы оқу-жаттығу жиынын Астана қаласында жалғастырады да, содан соң Тиранаға ұшады. 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысатын балуандар: Л.Ғаниқызы (50 кг), З.Баянова (53 кг), А.Әшімова (55 кг), Ш.Өмірбек (57 кг), Г.Бекеш (59 кг), Т.Дубек (62 кг), Г.Өсербай (65 кг), Б.Сейдуәлі (68 кг), А.Панасович (72 кг), А.Ертөстік (76 кг).
Аға жаттықтырушы Қуаныш Жақсыбай Париж Олимпиадасында белдесуге түскен, тіпті олжа салған әлемнің тегеурінді балуандары да Тирана төрінде өтетін дүбірлі додаға қатысуы мүмкін екенін айтады.
Еркін күрестен Руслан Өмірәлиев баптайтын команда мүшелері де Алматы облысындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығында жаттығу жиынын бастап кетті. Қорытынды дайындық 8-23 қазан аралығында өтеді. Бапкерлер құрамы әлем біріншілігінде белдесетін балуандарды іріктеп, жаттығу жиынында олардың әлеуетін тағы бір бағамдаймыз деп отыр. Алан Оралбек (57 кг), Әділет Әлмұхамедов (61 кг), Бекзат Ермекбай (65 кг), Ернұр Нұрғазы (70 кг), Жеңіс Қаныбеков (79 кг), Нұржан Исағалиев (86 кг), Бекзат Аманғалиев (92 кг), Ризабек Айтмұхан (97 кг), Омархан Нәдіров (125 кг) Албанияда ел сенімін арқалап шығады.
Аға жаттықтырушы Руслан Өмірәлиев 74 кг салмақ дәрежесінде екі балуанға да таңдау түсіп тұрғанын, нақты шешім оқу-жаттығу жиынының соңында қабылданатынын жеткізді. «Балуандардың барлығы да ел біріншілігінде, халықаралық турнирлерде өздерінің қарымын байқатып, қатарға қосылды. Ризабек Айтмұхан ғана елішілік іріктеуде күрескен жоқ. Былтыр 19 жасында ересектер арасында әлем чемпионы атанып, еркін күрестен тұңғыш алтын медальды кеудемізде жарқыратты. Ал биыл да сол жетістігін қайталап, жуырда 20 жасқа дейінгі жастар арасында өткен әлем чемпионатында әнұранымызды шырқатып, абыроймен оралды. Әлемде теңдессіз балуан екенін әйгілеп, екі дүркін чемпион атанған балуанды іріктеуге қосқанымыз жөн болмайды. Ризабек 97 кг салмақта елімізде ғана емес, жер жүзінде тегеурінді екенін әйгілеп берді», деді Р.Өмірәлиев.
Былтыр Албанияда 23 жасқа дейінгі жастар арасында өткен әлем чемпионатынан еркін күрес балуандары 1 күміс медальмен оралған болатын. 61 кг салмақ дәрежесінде отандасымыз Асылжан Есенгелді финалға дейінгі қарсыластары жапон Каито Морита, үндістандық Акаш Дахия, қырғыз Тайырбек Жұмашбекұлын қапы қалдырған. Финалдық белдесуде ресейлік Башир Магомедовке есе жіберді.
Грек-рим күресінен команданың аға бапкері Жаңабай Оспанов кемінде 4 медальмен оралатынын айтады. «Әлем чемпионатына ешбір ел осал балуанын қоспайды. Дегенмен де біздің жігіттер 55, 67, 77, 97 кг салмақ дәрежесінде медаль олжалауға барын салады. Әрине, өзге салмақтағы балуандарымыз да осал емес. Ересектер дуына қосылып, өзінің талантын көрсетіп, тегеурінді балуан өсіп келе жатқанын әйгілеген Дін-Мұхаммед Қошқар 67 кг салмақта сынға түседі. 97 кг салмақ дәрежесінде жастар арасында Азия біріншілігі мен әлем чемпионатының күміс медалін олжалаған Юсуф Мациевке сенім артамыз», деді аға жаттықтырушы.
Былтыр 23 жасқа дейінгі балуандар арасында өткен әлем чемпионатында Ж.Оспанов баптаған балуандар 1 алтын, 1 күміс медаль иеленді. 55 кг салмақта күрескен Исхар Құрбаев финалда грузиялық Георгий Токхадзеге есе жіберіп, күміс медальды місе тұтты. Бапкерлер Исхардың физикалық дайындығы кем соғып, күші жадау күйінде күрескенін айтқан еді. Өйткені былтыр жазда Исхар Иорданияның Амман қаласында 20 жасқа дейінгі жастар арасында өткен әлем чемпионатында топ жарып, әнұранымызды шырқатты. Жетісулық балуан елге келген соң жерлестерінің құрмет-қошеметіне көмілді де кетті. Қазан айында өткен екінші әлем чемпионатына дейін ол өзінің бабына келіп үлгермеді.
Албанияда өткен әлем чемпионатында мерейімізді асырған Сұлтан Әсетұлы 67 кг салмақ дәрежесінде белдесіп, жартылай финалда әзербайжандық Хасан Маммадиді айқын басымдықпен жықты. Ақтық белдесуде түркиялық Мұстафа Йылдырымды алып ұрды. Былтыр Біріккен күрес әлемі (UWW) Сұлтанды қазан айының үздік балуаны деп таныды.
21-27 қазан аралығында өтетін әлем чемпионаты балуандарымыздың келешектің еншісіндегі додаларда қаншалықты қарымды боларын саралап бермек. Ұлттық құрама ізбасарлары да осы дүниежүзілік додада айқындалады.
Биылғы жазғы Олимпия ойындарында күрес түрлерінен балуандарымыз көздеген межеден көріне алған жоқ. Грек-рим күресінен Демеу Жадыраев (77 кг) күміс медальды місе тұтты. Еркін күрестен 4 балуанымыз барып, іріктеуден аса алмады. Ал қыздар құрамасына тіпті жолдама да бұйырмады. Балуандық өнер қанымызда бар деп күпінгенімізбен, нәтиже әлгіндей болып тұр.