Құқық • 19 Қыркүйек, 2024

Азаптауға қарсы күрес – азаматтық ұстаным

67 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігі, Талдықорған құқық қорғау орталығы, Орталық Азиядағы Халықаралық түрме реформасы өкілдігі және Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро мамандарының қатысуымен «Азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігін жетілдіру» тақырыбында дөңгелек үстел жиынын өткізді.

Азаптауға қарсы күрес – азаматтық ұстаным

Сурет: ru.freepik.com

Бұл жиынға құқық қорғау, арнайы және сот органдары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, адам құқықтары жөніндегі ұлттық мекемелер, адвокатура институты, құқық қорғау саласындағы үкіметтік емес ұйымдар, білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдары өкілдері, құқық­танушы ғалым­дар, журналистер қатысты.

Басқосуда Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Йоханнес Баур, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы­ның орынбасары Тастемір Әбі­шев, Талдықорған құқық қор­ғау орталығы директорының орын­­басары Жанар Нұрмұха­нова, Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро директорының орынбасары Роза Ақылбекова сөз сөйледі.

Алқалы топ елімізде азап­тауға, жабық мекемелердегі қатыгездіктің басқа да түрлеріне жол бермеуге бағытталған ұлт­тық алдын алу тетігін (ҰАТ) нығайтудың өзекті мәселелерін, ҰАТ институтының тиімділі­гін талдау нәтижелерін, адам құқықтары саласындағы халық­аралық стандарттарға және Азап­тауға қарсы конвенция мен оның Факультативтік хаттамасы ережелеріне сәйкес ҰАТ инс­ти­туционалдық әлеуетін нығай­ту жөніндегі ұсынымдарды талқылады.

Мәселен, Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Т.Әбішев Президент тапсырмасы бойынша елімізде азаптауға қатысты құқық бұзу­шылықтарды жою бойынша қажетті шұғыл шаралар қабыл­­данғанын, 2023 жылғы 1 қаң­тардан бастап прокуратура органдарына азаптаулар жөнінде заңнамалық деңгейде айрықша тергеу жүргізу құқығы берілгенін атап өтті.

Осы орайда еліміздің барлық өңірінде арнайы мобильдік топтар құрылғанын атап өту керек. Олар азаптау туралы сигнал түскен кезде қылмыс жасалған жерге барып, шұғыл тергеу әрекеттерін жүргізеді. 2023-2024 жылдары прокурорлар азаптау туралы тергеп-тексерілетін істер шеңберінде Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабының тәртібімен уәкілетті органдардың атына қылмыстық құқық бұзу­шылық және басқа да заң бұзу­шылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнінде 107 ұсыныс енгізді.

Мемлекеттік органдар азаптауды айқындауға қатысты заңнаманы жетілдіру жөнінде шаралар қабылдап жатыр. Парламент Мәжілісінің қарауына «Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқа­ру кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы енгізілді.

БҰҰ Азаптауға қарсы коми­тетінің ұсынымын іске асыру аясында және азаматтардың құқықтарының қорғалу кепіл­діктерін арттыру мақса­тында Қазақстанның құқық қорғау органдарының басшылары қыл­мыстық процесте және жазаны орындау кезінде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі нұсқау­лықты бекітті.

Жиында сөйлеген қатысу­шы­лардың баяндамаларында халық­аралық құқық нормала­рын одан әрі имплементациялау­дың, сот төрелігі жүйесі мен соттан тыс құралдарды қоса алғанда, елімізде адам құқықтарын қор­ғау­дың халықаралық және ұлт­тық тетіктерін жетілдіру­дің өзекті мәселелері қозғалды. Сарап­­шылар Азаптауға қарсы конвен­цияның Факультатив­тік хаттамасының ережелеріне сәйкес Қазақстандағы азаптауға қарсы қолданыстағы ұлттық алдын алу тетігі институтын жетіл­діруді ұсынды. Сондай-ақ құқық қор­ғау және арнаулы органдар қыз­мет­керлерінің, барлық жабық мекеме қызметкерлері мен ҰАТ қатысушылары­­ның адам құқықтары саласын­дағы біліктілігі мен құқықтық мәде­ниетін арттыру бойынша оқыту курстарын өткізудің қажеттілігі аталып өтті.