Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Бірде ауданда үлкен жиналыс болған екен. Жаңадан келген аудан әкіміне ақсақалдар «Қарағым ендігіміз ұят, бұдан былай аппаратыңды қазақша сөйлет!» депті. Әкім қос алақанын жайып «қазақша білетін кадр жоқ» деп мүләйімсиді. Топ ортадан Аман аға ыршып тұрып: «Мен бармын, кәне қызметің, әкеле ғой, істеп жіберейін», депті. Сасып қалған әкім мырзаның жанары жыпылықтапты. Куә болғандар «күлкіге бір көмілдік» деп, естеріне түскен сайын езу тартатын көрінеді.
Осы Аман ағамыз жуық жылдары келін түсіріпті. Бұл – өз алдына бөлек хикая. Оны өз аузынан естідік. Балаларының кенжесі, шаңырақтың иесі бір күні: «Әке, кешікпей келін әкелемін», депті. «Ойбай, мынауың жақсы жаңалық қой, келін қай жақтан, қалқам?» десе, баласы «Хромтаудан» деп жауап қатыпты. Ағамыздың жүрегі зырқ етіпті. «Ол жақтың қазағы «орысбайлау» болушы еді, енді менің келініммен орысша сөйлесуім қалған екен ғой», деп іштей қынжылады. Осыны ойлағанда, Аман ағаның қаны ойнап шыға келген. Ашуланғанда екі көзі ит қуған ешкі бастанып, жұқа қабағына шаншыла қалушы еді, дәл сөйтіпті. Шеке тамыры көгеріп, бөбежігі бүлкілдеп тұрып, ұлына: «Балам, келін қазақша біле ме?», депті. Баласы болар-болмас басын шайқайды. Түсінікті.
Осыдан кейін ағамыз, өз сөзімен айтқанда, «қарсы шабуылға» дайындалған. Құда болудың жоспарын жасаған. Сөйтіп, арада апта өткенде кемпірін ертіп, қоржын-қоспағын арқалап құдалыққа келген. Құдасы қарсы алады. Әбекеңде үн-түн жоқ. Үйден аттанарда кемпірі: «Әй, сен шал жөнсіз сөйлеп, құдаларды ренжітпе, аңдысын байқайық. Сөйлейтін кезде мен белгі берем, оған дейін тыныш отыр», депті. Құдалар болса өзара орысша сөйлесіп шауып жүр... Шай ішілді, қоржын сөгілді, тыныс кеңіді. Ағамыз кемпіріне қарап қояды, «белгі» беруді ұмытқан сияқты. Ақыры төзімі таусылған ағай ағытылып кетіпті. Төрде шіреніп отырып: «Менің келінім қайда? Шақырыңдар!», дейді. Құдалар жағы қызды іздеп абыр-сабыр. Бір пәленің басталғалы келе жатқанын басқасы білмесе де жеңгеміз біледі, ол кісі «белгі» беріп әлек. Шалы оны ескеруден баяғыда кетіп қалған.
Келін келді. Ағамыз орнынан көтерілді. «Менің келінім сен бе, қарақ!». Келін үнсіз, басын изеген болады. «Ондай болса, – дейді көкеміз, – менің шаңырағымды аттаған сәттен бастап, бірауыз орысша сөйлемейтін боласың. Егер олай істеу қолыңнан келмесе, сені от орныңнан қозғамайын. Қазір аттанам», депті. Аман аға осылай деп, сазарып отырып қалады. «Айтқан үкіміңізді естіген құдалар жағы қайтті?» деп көкемнен сұрадым. Олар «ужас, ужас», депті.
Келін шырақ ақылды екен әрі қайын атасының осындай мінезінен хабардар болса керек. Көзінің жасын төгіп тұрып, атасына «әміріңізге құлдық!», депті. Осылай келінді бері қаратып алған ақсақал құдаларға қарай шабуылға көшіпті. «Құрметті құдаларым, сымбатты құдағиларым, ертең мен сіздерді тойға шақырамын. Менің алыстан, сонау Қытай елінен туыстарым келеді. Олар сіздерді көріп: «Аман орыспен құда болыпты», дейді ғой. Бұл сөзді естігенше, менің өлгенім артық. Не айтасыздар?», депті шешіле сөйлеп. Құдалар жағы үнсіз. Тығырыққа барып тіреліп қалған сияқты. Ағамыз екі жаққа тиімді мынадай ұсыныс айтып, «ертеңнен бастап тойға келетін құдалар қазақша сөйлеуді үйренсін, олар дайын болғанда той жасаймын» деген екен. Құдалар жағы да ұлттық салт-санадан ажырамаған, сөзге тоқтаған текті ел екен. Болашақ құдасының айтқанына келісіп, бас изесіпті.
Тура екі ай өткен соң Аман аға дүркіретіп той жасапты. Қыздың әке-шешесі қосылып тұрып, Алтай қазақтарының ескі қара өлеңін айтқанда, Аман ағамыздың өзі ағыл-тегіл жылапты. Тойдың ертеңінде ағамыз құдасын құшақтап тұрып, «Алтайдан атажұртыма алып келіп сенімен құда қылған, Құдайға шүкір», депті.