Университет • 20 Қыркүйек, 2024

Су саласының басты университеті

207 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары жоғары білікті су мамандарының тапшылығы айқын сезілгені анық. Осындайда Әулиеата жеріндегі байырғы гидромелиоративтік-құрылыс институты ойға оралады. Су және ауыл шаруашылығына қажетті инженер-гидротехниктердің дені 1962 жылдан бастап жұмыс істеген Жамбыл гидромелиорациялық-құрылыс институтында тәлім алғаны мәлім.

Су саласының басты университеті

Жұрт көкейінде тұр­ған «ба­йыр­ғы гидроме­лио­ра­тив­тік-құрылыс институты неге жабылды?» деген түйткілді сұрақ­қа Мемлекет басшысы нүкте қойды. Президент тапсырмасы аясында өңірде су шаруашылығы және ирригация университеті өз жұмысын бастап отыр.

Тараз өңірлік университеті құра­мын­дағы «Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институтының мамандары енді жаңадан құрылып жатқан университет түлектерінен су шаруашылығы саласындағы стандарттарды жүйелей алатын бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға күш салмақ.

Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесте Мемлекет басшысы Тараз гидромелиоративтік-құрылыс институтын тиісті материалдық-техникалық қамтамасыз ету арқылы қалпына келтіру шараларын қабылдауды тапсырғаннан кейін өңірде жұмыс қыза түсті. Қазіргі уақытта Су шаруашылығы және ирригация саласы үшін жоғары білікті кадр даярлайтын университет сапалы мамандар дайындау ісіне кірісіп кеткен.

«Жоғары оқу орындарын түрлі деңгейге жіктеп салыстырудың қисыны жоқ. Бұған кәрі құрлықта жүрген кезде көз жеткіздім. Ол жақта университеттер ұлттық немесе өңірлік санатқа бөлінбейді. Студенттері аз оқу ордаларында да мықты ғалымдар жеткілікті. Осыған қарап-ақ білім берудегі тәсілдерді түрлендірудің маңызы зор екенін аңғаруға болады.

Мұнда институт кезден қалыптасқан ғылыми-тәжірибелік байланыс бар. Соны одан әрмен қарай жетілдіру үшін жұмыс атқарамыз. Алдағы уақытта ауылдармен жұмысты жетілдіруге бел буып отырмыз. Өйткені халықтың едәуір бөлігі елді мекендерде қоныстанған. Сондай-ақ студенттер шет мемлекеттерге барып тәжірибе алмасқаны ләзім. Ол жағынан ешқандай мәселе жоқ.

Қазір бірінші курсқа қабылданған студенттерге ағылшын тілінде лекция оқуды қолға алып жатырмыз. Студенттер тіл білуге ұмтылғаны абзал. Жастар жаңа технологияны жетік біледі. Не айт­қа­нымызды ізденіп, түсініп алады. Бұл – өзге елдердегі оқу орындарымен берік байланыс орнату үшін де маңызды іс.

Студенттердің қауіпсіздігі қай уақытта да назардан тыс қалмайды. Оларды өзге мемлекеттерге жіберетін кезде осыны ескерген жөн. Білім бағдарламалары­ның сай келуі, өнді­рістік тәжірибе­мен қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша ден қоямыз. Алдағы уақытта су саласының білікті мамандарымен, министрлік өкіл­дерімен онлайн лекция­лар өткізсек деген ойы­мыз бар», дейді жаңадан құрылып жатқан университет ректорының міндетін атқарушы Кәмшат Түсіпова.

Ескі де жаңа оқу ордасы жаңа студент­­термен толыққаннан кейін түсіндір­ме жұмысын мықтап қолға алған. Швециядан арнайы келген ректордың міндетін атқарушы Кәмшат Түсіпова бастап, қытайлық белгілі ғалымдар мен университеттің оқытушылары қоштап оларға дәріс оқып жатыр.

Мұндағы мамандардың айтуынша, еліміздің бірқатар өңірінде болған су тасқыны қай бағытта маман тапшы екенін айғақтап берген. Университет оқытушылары студенттерге саланың қай бағыты бойынша білім алудың тиімділігін ұдайы айтып отырады.

Керек дерекке көз жүгіртсек, қа­зір­­гі кезде су шаруашылығы саласы үшін мыңдаған маман қажет. Әрине, азаттықтың арайлы таңы атқан тоқсаныншы жылдардағы көрсеткішке қарағанда төмен. Ол кезде 38 мың маман тапшылығы байқалыпты. Сондай-ақ еліміздегі су ресуртарының басым көпшілігі тиесілі саналатын өзендердің көпшілігі трансшекаралық өзендер санатына жатады. Бірі Ресейден бас­тау алса, енді бірі Қытай, Қырғыз Республикасы секілді өзге де мемлекеттерден басталады. Мәселен, Қара Ертістің едәуір бөлігі Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстарын басып өтеді. Өзге өзендерге қатысты мұндай деректерді көптеп келтіруге болады. Мамандар келтірген дерекке сенсек, кейбір өңірлер әуелгіде маман тапшылығын жасырғысы келген тәрізді. Бір ғана кадр керек деп мәлімет берген облыстар да бар екен. Қысқасы, су шаруашылығы саласына маман даярлау үшін атқарылатын жұмыс аз емес.

Мамандар келтірген дерекке сенсек, жаңа оқу ордасында зертханалық жұмыс жүргізуге барлық мүмкіндік қарас­т­­ырылған. Ғылыми зертханалардың керекті кешені қалыптасқан. Гидравлика және гидротехникалық құрылыстар бо­йынша мамандандырылған зертханалар, суармалы техниканың оқу полигоны, ауыл шаруашылығы мелиорациясы зертханасы, мелиоративтік топырақтану, егіншілік және өсімдік шаруашылығы және гидромелиорациялық жүйелерді салу технологиясы зертханалары жұмыс істеп тұр.

«Оқу ордасында виртуалды зертхана бар. Өңірдегі су айдындары мен бөгеттердің, басқа да маңызды нысан­дардың 2D, 3D форматындағы кескін­де­мелері дайындалғанын айта кеткен ләзім. Бір сөзбен айтқанда, сту­дент­тердің облыстағы нысандармен толық танысуы­на мүмкіндік қарас­ты­рылған.

Ілгеріде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің базасында техникалық жабдықтау бағыты бойынша грант жеңіп алғанбыз. Сол гранттың бірнеше бағыты жаңа университетке тиесілі. Қазір кафедраларға қажетті құрал жабдықтар алып жатырмыз. Сонымен қатар студенттер Қазақ су шаруашылығы зерттеу институтымен орнатқан консорциумдық келісім аясында тәжірибе алмасып, университет аумағында орналасқан суару айма­ғында зерттеу жұмысын жүргізеді», дейді Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институтының директоры Ғалия Омарова.

Су шаруашылығы саласындағы маман тапшылығын азайтуға үлес қосатын университеттің мойнына үлкен жауапкершілік жүктелетіні анық. Қазір­гі кезде университеттің барлық білім бағыт­­ы бойынша 1-курсқа 636 талапкер қабылданған. 129 талапкер су саласы бойынша мемлекеттік грантқа ие болған. Колледжден кейінгі және екінші жоғары білім алушылармен қоса есептегенде 189 талапкер оқуға түсіпті. Бір қарағанда маңызды сала бо­йынша оқуға түскен студенттердің саны аз секілді. Әйтсе де, бұл бар болғаны бірінші жыл екенін ескерген жөн.

Су шаруашылығы және ирригация университетінде студенттер «Су шаруашылығы және мелиорация», «Геодезия және картография», «Су шаруашылығындағы гидротехникалық құрылыс», «Сумен жабдықтаудың инже­нер­лік жүйелері», «Су шаруашы­лы­ғындағы инновациялық технологиялар» секілді бірнеше маңызды бағдарлама бойынша білім алып жатыр.

Швецияның Лунд университетінде тәлім алған ғалым-гидролог Кәмшат Түсі­по­ва оқу ордасы басшысының мінде­тін ат­қа­рып отыр. Ол жаңа оқу ордасының әле­уеті зор екеніне сенімді. Қазір рек­тор­ университет студенттеріне сабақ беріп, дәріс оқып жүр. Жаңа бас­шы­ның айтуынша, ол Швециядағы бүкіл жұ­мы­сын тастап, елге оралыпты. Мақ­са­ты – жаңа оқу ордасындағы жұмысты жан­дан­­дыру.

Жаңадан құрылып жатқан университетке институт құрамында болған оқу корпустары мен «Жастар сарайы», «Ғылым үйі» ғимараттары, әскери кафедра, жатақ­­хана пай­далануға беріл­мек. Оқу орда­сы­ның құры­лымдық негіз­демелері толық сақ­­талған.

Университет басшылығы келтірген дерекке жүгінсек, оқу ордасында жалпы саны 2260 студент білім алып жатыр. Сондай-ақ жаңа оқу ордасында бірнеше жыл бедерінде қалыптасқан қос дипломды білім жүйесі сақталыпты.

Су жаңа университетте мәселе де жоқ емес. Ректордың міндетін атқарушы Кәмшат Түсіпованың айтуынша, алда­ғы уақытта мұндағы мамандардың білік­­ті­лігін арттыру жұмыстары қолға алын­бақ. Жаңа басшының бұл бағытта өзіндік жоспары да бар.

Қалай алып қарасақ та, жаңа университет әлі де толыққанды құрылып біткен жоқ. Әзірге су шаруашылығы және ирригация университетінің ұжымы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінен толыққанды бөлініп кетпеді. Жұмысшылар жалақыны бұрынғы жүйе бойынша алып отыр. Қажетті құжаттарды ресімдеу жұмыс­тары толыққанды аяқталғаннан кейін Су шаруашылығы және ирригация университетінің тынысы ашылатыны даусыз. Оқу ордасы толыққанды дербес жұмыс істеген кезде ғана нәтиже оң болатыны анық қой. Қазірдің өзінде мұндағы жұмыс жүйеленіп қалғанын көз көрді.

 

Жамбыл облысы