Бұл – 9,3 мың гектар жерге көкөніс, дәнді дақылдар, майлы және мал азығы дақылдарын өсіруге маманданған облыстағы ірі кәсіпорынның бірі. Жалпы сыйымдылығы 14 мың тоннаға жуық көкөніс сақтайтын бес қоймасы бар. Ұңғымалардан суды пайдалана отырып, табиғи су қоймалары жоқ егістіктерді суару жүйесі жолға қойылған.
Серік Жұманғарин фермерлермен кездесуде биыл ауыл шаруашылығы өндірушілеріне көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары мен оны ұлғайту жоспарланып отырғанын айтты. Егін жинау кезінде туындайтын мәселелерді шешу жолдары талқыланды.
«Қазір біз жаңа өнімді сақтау мәселелерін жүйелі түрде шешіп жатырмыз. Былтырғы өнім сақталып қалған элеваторларда кезек мәселесі бар. Азық-түлік корпорациясы соңғы 2 айға толмайтын уақытта экспортқа және оңтүстік өңірлерге 1 млн тоннадан астам астық жөнелтті, алдағы 2 аптада тағы 200 мың тонна экспортталады. Сонымен қатар жедел штабта тұрып қалған бес элеваторды іске қосуды қарастырдық, оның бірі – Солтүстік Қазақстан облысында. Қазір біз оларды тезірек іске қосу үшін жұмыс істеп жатырмыз», деп атап өтті ол.
«Вишневское» ЖШС өкілі Павел Рафальский күтілетін өнім мен мемлекеттік қолдаудың маңызы туралы айтты.
«Әзірленген бағдарламалар үшін мемлекетке алғыс айтқым келеді. Көктемгі егіс кезінде ол бізге шынымен қолдау болды, аталған қаражат егіс жұмыстарын бастауға, арамшөптерді отап, химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берді. Біз гектарына 30 центнерден жоғары мол өнім күтіп отырмыз. Өнімділікті арттыру үрдісін жалғастыру үшін келесі жылы минералды тыңайтқыштарды енгізуді көбейту қажет. Біз жұмыс істеуге дайынбыз, оған тәжірибеміз бар, бірақ біз салған ақша өзін ақтауы керек», деді фермер.
«Тайынша Астық» ЖШС басшысы Қуат Карбозов көктемгі егіс жұмыстарына жыл басында емес, күздің аяғынан бастап жеңілдікті қаражат бөлу мәселесін көтерді.
«Егер ақша егіс науқаны басталуынан әлдеқайда ерте бөлінсе, техниканың қосалқы бөлшектерін арзан бағаға сатып алар едік. Бұл тыңайтқыштардың құнын едәуір төмендетеді, оларды фермер ең соңында сатып алады, өйткені оларға қолма-қол ақша қажет. Биыл жеңілдетілген лизингтің арқасында техника паркімізді 40%-ға жаңарттық. Егер жеңілдігі бар несиелер ұзағырақ мерзімге бөлінсе, бұл бізге де қарыздарды асықпай есептеп, несиемізді жабуға көмектесер еді», — деді ол егіс алқабындағы әріптестерінің пікірін жеткізіп.
«Аграрлық несие корпорацияның» Басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков көктемгі дала жұмыстарын ерте қаржыландыру үшін нарықтан қаражат тарту мүмкіндігімен жұмыс істеп жатқанын айтты. Қорытынды шешімді Үкімет қабылдайды. Жеңілдігі бар несиелендіру шарттарын арттыруға келетін болсақ, «Кең Дала» бағдарламасының шарттары келесі жылдың көктеміне дейін несиелік міндеттемелерді өтеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Серік Жұманғарин сыйымдылығы 118 мың тонна болатын Тайынша элеваторына барды. Элеваторда 4 астық кептіргіш бар, олардың бір бөлігі сұйытылған газбен жұмыс істейді. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірдегі астық кептіргіштер үшін арзандатылған бағамен сұйық отынның қажетті көлемі бөлінгенін, элеваторға жоспарлы түрде бөлінетінін хабарлады.
Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданында вице-премьер Солтүстік Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибе стансасы қызметінің нәтижесімен танысты. Бұл элиталық тұқым шаруашылығы 2023 жылы «Семеновна» жаздық жұмсақ бидайдың жаңа сортының түпнұсқа және элиталық тұқымдарын өндіруге грант ұтып алды. Жаңа сорттың артықшылығы құрғақшылыққа және ауруларға төзімді, тыңайтқыштарға жоғары сезімталдығы бар, глютен мөлшері 30%-дан жоғары.
Сонымен қатар Серік Жұманғарин ірі аграрлық кәсіпорындардың басшыларымен кездесті.
Солтүстік Қазақстан облысы егіс алқабы 4,4 млн га негізгі астық егетін өңірлердің бірі, қуатты ауыл шаруашылығы құрылымдарын құру және қолдау бойынша еліміздегі ең озық аймақ саналады. Тауарлы-сүт фермаларын, құс фабрикаларын және суару жобаларын салуды жеңілдетілген несиелендірудің сәтті тәжірибесі басқа өңірлерде екінші жыл қатарынан кеңейіп келеді. Сүт бағыты өңірдің жалпы өңдеу көлемінде 35% үлесті алады, сондай-ақ астық өңдеу (19%), май өңдеу (6,5%), ет өңдеу (7%) салалары дамыған.
Тайынша ауданында Қытай инвесторларының қатысуымен дәнді дақылдар («Меmolux» ЖШС) мен майлы дақылдарды («Тайынша Май» ЖШС) өңдеу бойынша ірі кластер салынды. Аймақ ауылында тәулігіне 300 тонна ұн шығаратын диірмен кешені мен жылына 300 мың тоннаны құрайтын жем зауыты іске қосылды. Қуатты ұлғайту және макарон өнімдерін өндіру цехының құрылысы жүргізілуде. Көрші Ильичевка ауылында тазартылмаған рапс, күнбағыс майы мен күнжара өндіретін зауыт салынды.
Бүгінде «Тайынша Май» ЖШС, «Мемolux» ЖШС – өңірдегі Қытайға экспортқа бағытталған ең ірі аграрлық жоба. Қытайлық инвестор, «Сиань Ай Цзю» корпорациясының президенті, Алашанькоу т/ж стансасында сақтау көлемі 100 мың тонналық бонд қоймасына иелік етеді. Кәсіпорынның Сианда (ҚХР) 1 мыңнан астам дүкені бар, отандық кондитерлік өнімдер, сыра, балмұздақ және басқа да азық-түлік өнімдерін экспорттаумен айналысады. Корпорация Сианьда логистика және ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу паркін салды. Таяу болашаққа арналған жоспарда – отандық өнімді Қытайға жеткізу үшін СҚО-да ұқсас кәсіпорын құру бар.
Сондай-ақ вице-премьер шошқа, ірі қара мал сою цехынан бастап қалдықсыз өңдеуге дейінгі терең циклді ет өңдеудің толық үдерісін жүзеге асыратын «ЕМС Аgro» ЖШС ет комбинатына барды. Қазіргі уақытта шошқа кешені қуатын 200 мың басқа дейін екі есе кеңейтіп жатыр. Былтыр 10 мың тоннаға жуық шошқа еті, сиыр еті, жартылай фабрикаттар, шұжық өнімдері өндірілді. Жобалық қуатына шыққан кезде шошқа етін өндіру көлемі 20 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Кәсіпорынның одан әрі дамуы Қытайға шошқа экспортының қайта ашылуына байланысты.
Солтүстік Қазақстан облысы