Спорт • 20 Қыркүйек, 2024

Жарыстар күнделігі

269 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кәсіпқой бокс: Сидней төрін ұсынады

Орта салмақта IBF және WBO тұжы­рым­дар бойынша әлем чемпионы бел­беуінің иегері, отандасымыз Жәнібек Әлімханұлының көптен күткен жекпе-жегі қазан айында өтетін болды.

Жарыстар күнделігі

Кәсіпқой бокста 15 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен Жәнібек жаңазеландиялық Андрей Михайловичке қарсы айқасқа түседі. Осы күнге дейін кәсіпқой бокста 21 жекпе-жек өткізіп, әлі де жеңілістің кермек дәмін татпаған А.Михайлович – чемпиондық белбеуінен басты үміткердің бірі. 4 қазан күні Аустралияның астанасы Сидней қаласында өтетін жекпе-жекке Жәнібек тыңғылықты әзірлік жүргізіп жатыр.

«Қазақ спортына Сидней төрі құтты қашанда. 2000 жылы өткен жазғы Олимпия ойындарына жеті боксшымыз қатысып, Аустралия рингінде төртеуі финалдық жекпе-жекте Олимпиада алтыны үшін айқасты. Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ыбырайымов ағаларымыз әнұранымызды шырқатса, Болат Жұмаділов, Мұхтархан Ділдәбеков күміс медальмен оралды. Мен де бала күнімде осы ағаларым секілді еліміздің мәртебесін асқақтатсам деп армандадым. Міне, арада 24 жыл өткенде Сидней қаласында жекпе-жекке түсетініме қуаныштымын. Әлемге еліміздің көк туын тағы бір мәрте әйгілеуге даярмын. Андрей Михайловичке қарсы айқасқа шығу мен үшін аса маңызды, себебі ол әлем чемпионы деген атақтан үміткерлердің көшін бастап тұр. Маған ол күн көзін көлегейлеп тұрған бұл секілді, сол бұлтты ыдыратып, күннің жарқырап шығуына күш саламын. Бәрі де оның нокаутпен жеңілетінін біледі», деді Жәнібек Әлімханұлы.

Жәнібек Әлімханұлы мен Андрей Михайлович арасындағы айқас шілде айында АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтуге тиіс еді. Салмақ түсіру кезінде бүйрегі сыр берген жерлесіміз ауруханаға жеткізіліп, ем-дом алды. «Қарсыластың денсаулығына байланысты жекпе-жек өтпейтінін Лас-Вегасқа ұшып келген соң естіп білдім. Мұндай жағдайда ештеңе істей алмаймыз, қолдан келер қайран жоқ», деген Андрей Михайлович. Ресейде туып, Жаңа Зеландияның азаматтығын алған боксшы Әлімханұлын орта салмақта әлем чемпионы атағынан айыруға әлі жететінін мәлімдеді. Жәнібек Аустралияға аттанғанға дейін жекпе-жекке дайындығын елімізде өткізбек. Ұзақ жыл ұлттық құраманың бас бапкері болған Мырзағали Айтжановтың ақыл-кеңесімен жаттығуын жалғастырып, спарринг жекпе-жек өткізуге боксшы Аман Қонысбековті шақыртқан.

 

Футзал: Саңлақтар сенімді ақтады

Өзбекстанда футзалдан өтіп жатқан әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі екінші матчта ел құрамасы жеңіске жетті. D тобында сынға түскен жігіттер Ливия құрамасын 4:1 есебімен ұтты.

ап

Сухаибтің автоголынан кейін алға шыққан жерлестерімізді ливиялық ойыншылар айтарлықтай састырды. Тіпті Хамис гол соғып, таразы басын теңестіріп те кетті. Бірақ тәжірибелі Біржан Оразов, Жаһангер Рәшит, Альберт Ақбалықов еншісіне гол жазып, айқын басымдықпен ұтуға септесті.

Ұлттық құраманың бас бапкері Пауло Рикардо Кака жігіттердің тартысты матчта жеңіске жеткені маңызды екенін атап өтті. «Ірі есеппен ұту керек деп өршеленген жоқ жігіттер. Оларға жеңіске жету керек деген тапсырма жүктелді, соны орындады. Оның үстіне ұлттық құраманың шабуыл шебін нығайтатын Дәурен Тұрсағұлов пен Азат Валиулин бұл матчқа қатыспады. Соған қарамастан жігіттер барын салып ойнады. Ұлттық құрама сапына алғаш шақырылған, томағасын сыпырып, әлемдік додаға тұңғыш қатысқан жас ойыншылар да өздерінің талантын әйгіледі. Өкінішке қарай, Біржан Оразов жарақаттанды. Тезірек сауығып қатарымызға қосылады деп сенеміз. Құрама команданың дәрігерлері шешімін айтады», деді бас бапкер.

Матчта еншісіне гол жазған Альберт Ақбалықов жанкүйерлердің қолдауы ерекше болғанын жеткізді. «Бас бапкер Кака алаңға шығар кезде бізге тек жеңіс үшін барымызды салуға жігерлендірді. Біз үшін екінші матчта 3 ұпай алу аса маңызды болды. Өзбекстанда өтіп жатқан әлем чемпионатында елімізден барған жанкүйерлер ғана емес, бауырлас өзбек, қырғыз, түрік көрермендері де қосыла қолдау көрсетіп, тік тұрып жанкүйер болды. Залды тұндыра қиқулап, бізге ерекше дем берді», деді спортшы.

Ұлттық құрама топтық кезеңдегі соң­ғы матчты ертең Ташкент қаласындағы «Хумо Арена» кешенінде Жаңа Зеландия құрамасына қарсы өткізеді. Әзірге Испания құрамасы соққан гол санының басымдығы бойынша көш бастап келеді, екінші сатыда біздің құрама тұр. Әлем біріншілігінің алғашқы матчында Испания құрамасымен тең тарқасқан (1:1) жігіттер ертең Жаңа Зеландия құрамасын ірі есеппен жеңсе, топтан көш бастап, плей-офф кезеңіне өтуі мүмкін. Испания құрамасы топтық кезеңдегі екінші матчты Жаңа Зеландия құрамасына қарсы өткізіп, 7:1 есебімен ойсырата ұтты.

 

Бокс: «Үздіктер турнирі» мықтыларды анықтайды

Бокстан әйелдер арасында 22–28 қазан аралығында Қарағанды қаласында «Үздіктер турнирі» өтеді. Ұлттық құра­ма­ның бас бапкері Елдос Сайдалин Азия чемпионатына кімдердің баратыны Қарағанды рингінде анықталатынын айтты.

ап

«Париж жазғы Олимпиадасынан кейін ұлттық құрама мүшелерінің кейбіреуі салмақ дәрежесін өзгертті. «Үздіктер турниріне» екі дүркін әлем чемпионы, Париж жазғы Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай қатыспайды. Бұл турнирдің ерекшелігі – дулығасыз (шлем) өтеді. Жаңа ереже бойынша әйелдер арасындағы сайыс енді дулығасыз өтетіндіктен, боксшылар бейімделуі керек», деді бас бапкер. Е.Сайдалин Азия чемпионаты аяқталған соң, жыл соңына қарай Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылып, құрама сапында буын алмасу үдерісі жүретінін де жеткізді. Яғни жастар арасында жарқырап көрінген таланттар құрамадағы тәжірибелі боксшылардың кейбірін ығыстыруы мүмкін.

Әлем чемпионатының жүлдегері Алуа Балқыбекова 50 кг салмақ дәрежесіне түп­кілікті ауысқанын мәлім етті. «Біз үшін дулығасыз жекпе-жек өткізу таңсық. Жуырда Польшада халықаралық турнир өтті, дулыға кимегендіктен қатысушылардың кейбірінің қабағы жарылып, жарақат алды. Демек қорғанысқа баса мән беру керек. Қарағанды қаласында өтетін турнир Азия чемпионатына кімдердің баратынын айқындайтындықтан да бәсеке жоғары болмақ», деген боксшы 50 кг салмақта топ жаруға барын салатынын, сол мақсатта жеке жаттығу жүргізіп жатқанын да айтты.