Суретті түсірген – Дмитрий ЕРОФЕЕВ
Облыста мүгедектігі бар адамдардың мекемелерге кіріп-шығу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін 5 жылда мыңнан астам нысанның кіреберісіне бейімдеу жұмыстары жүргізілді. Өткен 2021–2023 жылдары әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында барлығы 460 нысан тексерілді. Соның нәтижесінде, нысандарға 2021 жылы 148, 2022 жылы 144, ал 2023 жылы 168 пандус қойылған. Бүгінде аудан, қалалардағы 168 нысанның 63-іне жүргізілген бейімдеу жұмыстары аяқталды. Одан бөлек, 17 нысанда бейімдеу жұмысын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Тағы 2 нысанға кіріп-шығу жолын салу үшін конкурс жариялауға құжаттар әзірленіп жатыр.
«Облыс басшысы Бейбіт Исабаевтың тапсырмасына сәйкес өңірде мүгедек жандар үшін әлеуметтік инфрақұрылымдарды қолжетімді ету бағытында кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл 168 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны бейімделді, оған жергілікті бюджеттен 591,8 млн теңге бөлінді. Жол картасы аясында барлығы 1 119 нысанды бейімдеу жоспарланса, бүгінгі күнге соның 628-і бейімделді. Қалған 491 нысанда бұл жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылады. Осылайша, 2027 жылға қарай өңірдің әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу бойынша жоспарланған жұмыстардың көлемі толығымен аяқталады», дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев.
Бұдан бөлек, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті Жетісу облысы бойынша департаментінің мамандары мүгедектігі бар азаматтар үшін объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз етуді мемлекеттік бақылау шеңберінде биыл өңірде 95 тексеру жүргізіп, соның қорытындысында 70 субъект жалпы сомасы 9,6 млн теңгеден астам әкімшілік жауапқа тартылды.
«Біз талдықорғандық кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Сауда үйлерінің басшыларына да жиі құлаққағыс етеміз. Мәселен, «Шапағат» сауда үйінің екінші қабатына және «Zeta» дүкенінің кіреберісіне екі көтергіш орнатылғанын осындай жұмыстардың оң нәтижесі деуге болады, оған қоса пандусы да бар. Енді баяу қозғалатын және мүгедектер арбасында жүретін адамдар сауда үйіне қиналмай кіре алады. «Шапағат» сауда үйінің басшылығына осындай шараларды қолға алғаны үшін алғысымды білдіремін. Сауда объектілері мен өзге де мекемелердің құрылтайшыларынан мүгедектігі және ерекше қажеттіліктері бар жандардың нысанға кіріп-шығуына қолайлы жағдай жасауды сұраймыз. Барша азаматтар үшін кедергісіз орта құру – біздің ортақ міндетіміз», дейді «ELSTAR» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің басшысы, Талдықорған қаласы әкімінің мүгедектердің құқықтары жөніндегі кеңесшісі, мүгедек адамдардың инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі мониторинг тобының мүшесі Вадим Друзин.
Сондай-ақ облыста «Инватакси» қызметі жолға қойылғанын атап өткен жөн. Бүгінгі таңда осындай 34 арнайы автокөлік бар, жыл басынан бері облыс бойынша аталмыш көлік қызметіне 60 мыңнан астам өтінім келіп түскен.
Жалпы, өңірде қолжетімділікті кешенді түрде қамтамасыз етуге және кедергісіз орта құруға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл ретте жаңа нысандарды салу кезінде мердігер ұйымдарға қолжетімді ортаны қамтамасыз ету қағидаларын сақтау бойынша нақты талаптар қойылады. «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңның 25-бабында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлғалар ұлттық стандарттарға сәйкес мүгедектердің ортақ пайдаланылатын көлiк құралдарына, тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндірістiк үйлерге, ғимараттар мен үй-жайларға кедергiсiз кiрiп-шығуына, әуежайларда, темiржол бекеттерінде, автобекеттер мен тұрақтарда, теңiз және өзен порттарында еркiн бағдар ұстануы мен жүрiп-тұруына жағдай жасауға мiндеттелген.
Тағдыр тауқыметін тартып жүрген мүмкіндігі шектеулі жанның алдынан кездесетін мәселе аз емес. Кедергісіз қозғалыс арқылы олардың қажеттілігіне жағдай жасау – сол мәселелердің ішіндегі маңыздысы. Соған сай білім саласы бойынша 94, денсаулық сақтау саласы бойынша 37, округ әкімдіктері 18, спорт саласы бойынша 6, мәдениетте 9, әлеуметтік сала бойынша 2 нысанға бейімдеу жұмыстары жүргізілді.
Жетісу облысы