Экономика • 20 Қыркүйек, 2024

Көшбасшылар дағдарысқа алып келетін қиындықтарды қалай жеңеді? Сарапшы жауабы

177 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаһандық белгісіздік және ұдайы өзгерістер жағдайында дағдарыстық басқару заманауи көшбасшылар үшін маңызды дағдыға айналып келеді. Зерттеу дерегінше, дағдарыстарға дайындалған көшбасшысы бар компаниялар экономиканың құлдырауы немесе пандемия сияқты дағдарыстарға өзгелерге қарағанда 2,5 есе тұрақтылық танытып, сәтті қалпына келе білген, деп жазады Egemen.kz.

Көшбасшылар дағдарысқа алып келетін қиындықтарды қалай жеңеді? Сарапшы жауабы

Дағдарыс төнгенде басшылардың қалай дұрыс қимылдар жасау керектігі туралы Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығының сарапшысы әрі президенті Асхат Әшімов әңгімелеп берді. Бұл орталық 12 жылдан астам уақыттан бері ПІБ жүйесінің қызметкерлерін жаңа дағдыларға, оның ішінде көшбасшылыққа және коммуникацияларға оқытады.

Көшбасшылар дағдарыстарды қалай еңсереді?

Шешімді жедел қабылдау

Дағдарыс жағдайында ұзақ ойлануға уақыт жоқ. Қолда бар ақпаратқа сүйене отырып, жылдам шешім қабылдауға қабілетті көшбасшылар жақсы нәтижелер көрсетеді. Бұл ретте шешімнің жылдамдығы мен сапасын теңгере білу аса маңызды.

Сондай-ақ, өз әрекетіңе сенімді болу керек. Gallup зерттеуінше, дағдарыс кезінде ашықтық пен сенімділік таныта білген көшбасшылар қызметкерлердің алаңдаушылығын 50%-ға дейін төмендете алады, ал бұл команданың ынтасы мен тиімділігіне тікелей ықпал етеді.

Бейімделушілік және икемділік

Көшбасшының жаңа жағдайдағы стратегияға жылдам бейімделуі – сәттіліктің басты факторларының бірі. Дағдарыс жағдайында әдеттегі әдіс-тәсілдерге арқа сүйеуге болмайды, сондықтан өзгерістерге дайын болу маңызды дағдыға айналады.

Тиімді коммуникация

Дағдарыс уақытында командадағы қарым-қатынаста адалдық таныту маңызды. Бұл жағдай тым қиын бола бастаған кезеңде де сенімді сақтап, қызметкерлерді ынталандыруға көмектеседі.

Deloitte мәліметінше, қызметкерлердің 78%-ы көшбасшылардың дағдарыс кезіндегі уақытылы әрі сапалы коммуникациясы компания ішіндегі сенім мен сенімділікті арттыруға көмектесетінін мәлімдеген.

Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығының тренері дағдарысты сәтті басқару кешенді тәсілді талап ететінін айтады.

«Дағдарыс уақытындағы көшбасшының ең маңызды міндеті проблемаларға қатысты жылдам әрекет ету ғана емес, сонымен қатар команданың эмоционалды тұрақтылығын сақтау болып табылады», – дейді сарапшы.

Дағдарысқа қарсы басқару жобасы: Ол не үшін қажет?

Сарапшының айтуынша, ұйымдарға дағдарысты еңсеруге көмектесетін негізгі құралдардың бірі – дағдарысқа қарсы басқару жоспары болып табылады. Мұндай жоспардың болмауы ауыр салдарларға, тіпті абыройдың жоғалуы мен қызметкерлердің ішкі рухының әлсіреуіне және бизнес нәтижелерінің нашарлауына әкелуі мүмкін.

PwC мәліметінше, дағдарыстық көшбасшылық бағдарламасы жақсы әзірленген компаниялар экономикалық дағдарыс кезінде мұндай бағдарламасы әлсіз болған не тіпті болмаған компанияларға қарағанда 20%-ға кем шығынға батқан.

Әзірленген және енгізілген дағдарыстық менеджмент жоспары келесілерге мүмкіндік береді:

  • Клиенттер және кәсіби қоғамдастық арасында абыройды сақтау;
  • Компания қызметкерлерінің ішкі рухын күшейтіп, сенімділік ұялату;
  • Рөлдер мен әрекеттердің анық болуының арқасында дағдарыс уақытында және одан кейін жұмыстың нәтижелілігін арттыру.

Жоспар бірнеше кезеңді қамтуы керек:

  1. Дағдарыстық жағдайларды санаттарға бөлу. Компанияға тән дағдарыстардың түрлерін және олардың әлеуетті ықпалын анықтау.
  2. Дағдарыстың әрбір типі үшін әрекеттерді әзірлеу. Әрбір дағдарыстық жағдайды еңсеруге қажет қадамдарды толыққанды сипаттап шығу.
  3. Негізгі қызметкерлерді тағайындау. Дағдарыс жағдайында жоспарды жүзеге асыруға жауапты адамдарды анықтау.
  4. Команданы ақпараттандыру. Дағдарыстық менеджментке қатысатын қызметкерлерді оқыту және ақпараттандыру

Қазіргі заманауи әлемде дағдарыстық басқару көшбасшылықтың ажырамас бөлігіне айналып келеді. Тез бейімделу қабілеті, командамен тиімді коммуникация құрып, оны қолдау – көшбасшыны ең қиын жағдайларда да тығырықтан алып шығатын маңызды қасиеттер. Дағдарысқа дайындық және бұл дағдыларды үнемі жетілдіру арқылы көшбасшылар қиындықтарды жеңіп қана қоймай, компанияның одан әрі қарай өсуі мен дамуына жол ашады.