Аймақтар • 22 Қыркүйек, 2024

Торқалы өткен тоқсан жылдық той

252 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы торқалы тоқсан жылдық тойын атап өтті.

Торқалы өткен тоқсан жылдық той

Сонау жылдары екі мыңға жуық кітап қорымен басталған кітапханада қазір 400 мыңнан астам кітап бар.

Облыстық мәдениет және құжаттама басқармасының мұрындық болуымен кітапхана тойы дүркіреп өтті. 90 жылдығын мерекелеу аясындағы іс-шаралар екі күнге жоспарланып, шетелден кітапхана басшылары мен мамандары арнайы шақыртылды. Одан бөлек, аймақтағы күллі кітапхана басшыларымен қатар, Астана, Алматы қаласынан да келді. Мерейтойға ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы да келіп, ұжымға жылы лебізін білдірді. Мерейтой аясында ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық одағының төрағасы Бақытжамал Оспанова облыстық әмбебап кітапхана директоры Айнұр Шаймұханбетованы «Қазақстанның үздік кітапханашысы» төсбелгісімен марапаттады. Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет облыс кітапханаларын дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Қарашоваға «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін табыстады.

Мәдени іс-шара басы «Қарағанды09: еркін диалог аймағы» халықаралық OpenTalk брифингімен басталды.

Одан соң «Жаңа дәуір әдебиеті: дәстүр және жалғастық» атты дөңгелек үстел өтті. Онда біршама мәселе қозғалып, оқырмандарды қазіргі әдебиеттегі қандай тенденциялар мен кітаптар қызықтыратыны туралы ұсыныс айтылды.

Одан кейін меймандарға кітапхана ғимаратына экскурсия ұйымдастырылды. Экскурсия барысында қонақтарға сирек кездесетін кітап қоры көрсетілді.

Соңғы күні шетелдік әріптестермен шығармашылық байланысты нығайту мақсатында екіжақты меморандумға қол қойылды.

Қарағанды облысы