Оқиға • 23 Қыркүйек, 2024

Қарағандыда қарт анасын ұрған ер адам үш жылға сотталды

132 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды қаласының Қазыбек би ауданында ер адам 78 жастағы анасына қол көтергені үшін сот шешімімен үш жылға сотталды, деп хабарлайды Egemen.kz аудандық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарағандыда қарт анасын ұрған ер адам үш жылға сотталды

фото ru.freepik.com

Үйінде отырып, анасымен сөзге келіп қалған ер адам, қатты ашуға беріліп қарияның басы мен денесіне жұдырық жұмсап, тіпті аяғымен де тепкілеген. Ауыр соққыдан қарт ана айтарлықтай зардап шеккен.

Атап айтар болсақ, жабық бас-ми жарақатын алған: мидың шайқалуының өткір кезеңі, оң көз орбитасының бүйір қабырғасының сынуы, оң жақ бетсүйек доғасының сынуы, оң жақ гаймор қуысының алдыңғы және артқы қабырғаларының сынуы, гемосинус дамуы, беттің көгеруі; оң жақтағы кеуде қуысының жабық жарақаты, 3, 4, 5, 6 қабырғаларының сынуы; бірінші бел омыртқасының жабық, асқынбаған компрессиялық сынуы тіркелген.

Күші тасыған ұлдың әрекетіне көршілері куә болған. Сараптамалардың қорытындысы және істің басқа да материалдарымен айыпталушының кінәсі толықтай дәлелденген.

Аудандық сот оның қолымен жасағанын мойнымен көтеріп, кінәсін мойындаудан бас тартқанын, істеген ісіне өкінбегенін, жақын адамына дене жарақатын салғанын ескере отырып, үш жылға бас бостандығынан айыруға шешім қабылдады.

«Айыпталушы У.-ға 2024 жылғы 23 қыркүйектегі сот үкімімен орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Талап-арыздар толық қанағаттандырылып, 1 000 000 теңге моральдық зиянды өтеу сомасы мен қорғаушыларға төленген шығындар өндірілді», делінген аудандық соттың хабарламасында.