Шахмат • 24 Қыркүйек, 2024

Алтынға пара-пар күміс жүлде

68 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шахматтан еліміздің қыздар құрамасы жаһандық додадан тарихи нәтижемен оралды. Ой-өре бәйгесінде саңлақтарымыз әлемнің таңдаулы құрамалары арасынан озық шығып, күміс жүлдегер атанды.

Алтынға пара-пар күміс жүлде

Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) 45-әлемдік Олимпиадасын Мажарстанның Будапешт қаласында өткізді. Елі­міздің әйелдер құрамасы таң­­ғажайып нәтиже тіркеп, жа­һандық Олимпиада додасында олжа салды. Қазақ спортының та­ри­хында бұрын-соңды мұндай бәйге бұйырған емес.

Әйелдер арасында Үндістан құрамасы Дүниежүзіліқ шахмат олимпиадасының чемпионы атанса, қола медаль АҚШ командасына бұйырды. Ерлер сынында да Үндістан құрамасының алдына ешкім түсе алған жоқ. Күмісті – АҚШ, қола жүлдені Өзбекстан шахматшылары иеленді.

Биыл алғаш рет әлемдік Олим­пиадаға қатысушы командалар саны рекордтық нәтижеге жетті: ерлер сынына 188 команда қатысса, әйелдер додасына 169 ұжым қосылды. Әлемнің таңдаулы құрамаларының арасынан оза шауып, күміс медальға енші салған қыздарымыздың жеңісі мақтауға да, мақтануға да лайық жетістік.

а

Азуы алты қарыс, озық ойлы гроссмейстерлерін үкі­леп әкелген тегеурінді құра­малардың шахматшыларын қапы қалдырған біздің қыздар өре додасында осалдық таныт­пады. Гроссмейстер Павел Ко­цур капитандық міндетті ар­қалап, Александр Моисеенко баптап апарған саңлақтарымыз 11 турдың әр сайысы сайын шың­далып, түлеп отырды. 20 жас­­тағы әлем чемпионы Би­бі­сара Асау­баева, 19-ға енді тол­ған Ме­руерт Қамалиденова, 18 жас­тағы Ксения Балабаева, Әмина Қа­йырбекова, 17 жасында тұңғыш рет ересектер Олимпиадасына қатысушы Алуа Нұрман бастаған саң­лақтар сын сәтінде сақа жүріс жасап, сұңғылалығын танытты. Былтыр Польшада өткен командалық әлем чемпионатында осы қыздар күміс медаль олжалаған. Сол биігінен биыл да аласармай, абыройымызды асырып отыр.

Арулардың Дүниежүзілік Олимпиадада күміс медаль ие­ленуін тарихи жеңіс деудің негізі жоқ емес. Бұған дейін 2022 жылы Үндістанның Ченнай қаласында өткен ғаламдық додада 5-орын бұйырды, 2018 жылы Грузияның Батуми қаласы қабылдаған Олимпиада сайысында 11-орынды місе тұтты. Ал 2016 жылы Әзербайжан астанасы Бакуде өткен сайыста тіпті 37-орынға ғана табан тіреді.

«Әйелдер құрамасының Дүниежүзілік шахмат Олим­пиадасындағы күміс жүлдесі – Қазақстан шахматының әлеуетін әлемге әйгілейтін же­тістік. Жас құрамамыз үлкен психологиялық қысым мен 11 матчтық марафонға қарамастан, әлемнің 169 елінен келген қар­сыластарын ығыстырып, үз­діктердің ортасынан көрінді. Мен командамен мақтанамын, жаттықтырушыларға, ата-ана­ларға алғысымды білді­ремін. Екі жыл ішінде осындай нәтижеге жеткенімізге өте қуаныштымын. Бай тә­жірибе мен жеңіске деген құш­тарлық бізді келешекте кемел жетістікке бастап, Дү­ние­жү­зілік Олимпиаданың алтынын олжалауға бастайтынына сенемін», деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.

Қыздарымыз Будапештте өткен ғаламдық Олимпиаданың іріктеу кезеңінде Уругвай, Фин­­­ляндия, Аустрия, Сер­бия құ­рамаларын айқын ең­сер­ген. Тек 5-турда Үндістан құ­ра­ма­сына есе жіберді. Екі жыл бұрын өткен Дүниежүзілік Олимпиаданың қола медалін еншілеген үн­діс­тандық команда қалайда чем­пион атануға бес қаруын сайлап келген екен. Десе де біздің қыздар 6-турдан бастап Куба, Әзер­бай­­жан, Франция, Польша коман­да­ларынан басым түсіп, тіпті 9 тур­дың қорытындысы бо­йын­ша көш бастаған еді. Ше­шуші 10, 11-турда АҚШ пен Грузия құрамасымен тең тү­сіп, маңызды ұпай еншіледі. Осылайша, Дүниежүзілік шах­мат Олимпиадасында тек Үн­дістан командасына есе жі­бер­ген қыздар күміс медальға ие болды.

Өкінішке қарай, еліміздің ерлер құрамасы соншалықты сәтті өнер көрсетпеді. Жас гроссмейстерлер Денис Мах­нёв, әлем чемпионы Қазбек Нөгербек, Рамазан Жалма­ханов, Әлішер Сүлейменов, Алдияр Аңсат бас­таған жігіт­тер жалпы нәти­жеде 29-орынды қанағат тұтты.