Фото: Ақорда баспасөз қызметі
«Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қаскөйлерді ұстап, заңнамаға сәйкес жауапқа тарту үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды», деп жазды Берік Уәли.
Ол сондай-ақ әскердегі және басқа да күштік ұйымдардағы зорлық-зомбылықтың барлық фактісі Президентке міндетті түрде баяндалатынын тілге тиек етті.
«Мұндай жағдайлар бақылауға алынады. Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында жас сарбаздардың денсаулығы мен абырой-беделіне қол сұғуға жол бермеу қажет екеніне назар аударған еді. Сонымен қатар бұл мәселеге әскери құрылымдардың басшылары тікелей жауапты екенін айтқан болатын», делінген жазбада.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде белгісіз біреулердің әскери киімдегі жігітті ұрып-соғып жатқаны таспаланған бейнематериал тараған еді. Көп ұзамай Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығы бұл оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасады.
«2024 жылғы 23 қыркүйекте «Батыс» өңірлік қолбасшылығы Әскери полициясы ҚР ҚК 440-бабы 1-бөлігі «Әскери қызметшілер арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады», делінген ресми мәлімдемеде.