Ырықтандыру ырыс арттырады
Мемлекеттің экономикадан ойып тұрып орын алуы – ұлттық компаниялардың нарықта болуы деген сөз. Бұл «монополия» ұғымын қалыптастырады. Демек экономикада бір ғана сатушы бар. Ал ол экономиканың дамуына, халықтың тұрмыс-тіршілігіне, инфляцияға кері әсерін тигізбей қоймайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында мемлекеттік кәсіпорындарды басқару саясаты әлі де тиімсіз екенін айтты. Бизнес саласында жүргізілген реформалардың табысты жүріп жатқанын, бірінші кезеңінің өзінде орынсыз әрі қажетсіз 10 мыңнан астам талаптың күші жойылғанын мәлім етті. Яғни кәсіпкерлерден мемлекеттік органдардың шектен тыс қадағалап, бақылайтыны туралы шағымдар көп түскен. Сондай-ақ биыл мамырда Мемлекет басшысының экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы Жарлығы шыққанын еске сала кетейік. Онда мемлекеттің бизнестен шығуын неғұрлым жылдамдатып, кәсіпкерлерге көбірек еркіндік беру туралы айтылған.
Премьер-министр Олжас Бектенов көктемде өткен Үкімет отырысында мемлекеттің экономикадағы үлесін 2025 жылдың соңына дейін ішкі жалпы өнімнің 14%-ына дейін қысқартуға тиіспіз деген талап қойған еді.
– Осы саясатты іске асыру кешенді жекешелендіру және мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелестік ортаға беру арқылы сүйемелденуге тиіс. Біз мемлекеттің экономикадағы үлесін 2025 жылдың соңына қарай ішкі жалпы өнімнің 14%-ына дейін қысқартуымыз керек. Бұл ретте, жекешелендірудің тиімді болуына, жекешелендіру үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған IPO-ға арналған институционалдық ортаны қалыптастыру маңызды. Жекешелендірудің ашықтығы мен ақпараттың қолжетімді болуы үшін цифрландыру құралдарын белсенді түрде пайдалану қажет, – деген еді О.Бектенов.
БҚДА болса, мемлекеттің қатысуы тауар өндірісінде – 46%, қызмет көрсету саласында 54%-ды құрап, азайып жатқанын мәлімдеген болатын. Әрине, бұл бәсекелестік пен жеке сектордың серпінді дамуына қолайлы. Агенттіктің болжамына сенсек, алдағы уақытта мемлекеттің экономикадағы үлесі едәуір төмен Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің көрсеткіштерімен теңесіп те қалады екен. Салыстырмалы түрде, ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш орташа есеппен 13%-ды құрайды. Агенттік осы мәселені шешу үшін «ақылды реттеу» қағидатына негізделген квазимемлекеттік сектор үшін рұқсат етілген қызмет түрлерінің жаңа форматын әзірлеген. Төрт бірыңғай оператор қысқартылған. Алдағы уақытта осы мақсатта операторлық функциялардан тағы төрт нарық субъектісін қысқарту жоспарланып отыр. Одан бөлек БҚДА 43 кәсіпорынды бәсекелестік ортаға беруді ұсынып отыр. Қазір 2029 жылға дейін орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 15%-ға жеткізу міндеті тұр. Бүгінде бұл көрсеткіш 7% шамасында. Ал әлемде шағын және орта кәсіпорындар жалпы кәсіпкерліктің 90%-ын, жұмыспен қамтудың 60-70%-ын, ішкі жалпы өнімнің 50%-ын құрайды.
Мемлекеттік экономикаға араласуы – зиян
Экономиканың негізгі қозғаушы күші – шағын және орта бизнес. Әділетті экономика орнау үшін «жетілген бәсекелестік» ұғымы нарық алаңына ену керек. Яғни мемлекеттің ішінде бір-біріне қатты әсер ете алмайтын шағын және орта бизнестің көп болуы маңызды. Сонда ғана экономиканың тасы өрге домалап, керегесі кеңейеді.
– Ұлыбритания, АҚШ сынды дамыған мемлекеттер экономикасының 50-60%-ын шағын және орта бизнес құрайды. Бұл неліктен маңызды деген сұрақты мемлекеттің экономикаға араласуымен байланыстырайын. Бизнестің өзінің фазалары болады. Бірінші фаза – бизнестің енді тәй-тәй басуы. Екінші фаза – дамып, қалыптасуы. Үшіншісі – өте үлкен жоғарғы масштабқа шығуы. Үлкен компания, холдингке айнала бастаған кезде, көп тұтынушы қажет болады. Ал бұл сұранысты өз күшімен қарапайым халықтан алу қиын болғандықтан, мемлекетпен байланыса бастайды. Классикалық үлгіге сүйенсек, компанияның мемлекетпен байланысқа шығуы жемқорлыққа алып келеді. Осы ретте мемлекет басшылары қоғам үшін емес, корпорациялардың мүддесі үшін жұмыс істеп кетеді, – дейді қаржыгер Жалғасбек Ақболат.
Өткен жылы «Desht» сарапшылары мемлекеттің ел экономикасына қаншалықты араласатынын зерттеген еді. Қосылған құн, жұмыспен қамту, ұлттық холдинг активтерін таразылау арқылы белгілі көзқарасқа келген. Олардың айтуынша, экономикада 1 090 сала бар. Ал мемлекет қызметін 263-іне ұсынады. Яғни әрбір төртінші салаға қатысады. Бұл көрсеткіштің өзінде барлық сала қамтылмаған. Мысалы, әкімдіктер көрсетілмеген. Осы тұрғыда экономист Қайсар Мақан не себепті мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту керегін түсіндірді.
– Бізде 23 мемлекеттік компания бар. Олардың тағы 500 еншілес кәсіпорны жұмыс істейді. Экономика саласындағы мемлекеттік кәсіпорындардың санын азайту қажет. Жеке бизнеспен де, мемлекеттік компаниялармен де жұмыс істейтін компанияларды басқарудың тиімділігін дәл салыстыра аламын. Неге азайту керек? Біріншіден, бізде мемлекет қатысатын көптеген корпоративтік басқару жүйесі бар, шешім корпоративтік басқару жүйесіне сәйкес қабылданады. Негізгі акционер мемлекет екенін ескерсек, мұнда ең алдымен бюрократияға, есепке бағытталуы мүмкін. Бұл нені білдіреді? Мемлекеттік кәсіпорында барлық әрекет пен шешім жеткілікті түрде шектеледі. Мұның бәрі шешім қабылдау жылдамдығына да әсер етеді. Компаниялар экономиканың нақты салаларында, нарықтың бел ортасында болғандықтан, тосыннан келген өзгерістерге де тез жауап бере алмайды, – дейді сарапшы.
Демек бұл үрдіс толыққанды нарықтық экономиканы құруға әбден кедергі. Мысалы, ЭЫДҰ нарықтық экономикаға араласу деңгейін бағалау үшін тауар нарықты реттеу индикаторларын (Indicators of Product Market Regulation – PMR Indicators) пайдаланады. Біз ЭЫДҰ-ның PMR индикаторында барлық көрсеткіш бойынша ЭЫДҰ елдеріндегі орташа мәндерден едәуір артта қалып отырмыз. Нақтырақ айтар болсақ: нарықта жаңа компаниялардың пайда болуына кедергілер, бәсекелестікті дамыту бойынша кедергілер, лицензиялау және мемлекеттік сатып алу мәселелері, тұтастай алғанда және жекелеген салалардағы мемлекеттік компаниялардың үлесі, мемлекеттік компанияларды корпоративтік басқару, реттеушілік жүктемені бағалау, сыртқы саудадағы кедергілер.
«Halyk Finance» басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов бір сөзінде «кейінгі 20 жылда еліміз толыққанды нарықтық экономиканың орнына «мемлекеттік капитализм» деген жүйеге өтіп бара жатыр» деген еді. Жоғарыда айтылған талдаулар мен көрсеткіштер соны дәлелдей түскендей.
Қай нүктеден қарасақ та, бұл мәселе менмұңдалап тұр. Қанша жылдан бері Мемлекет басшысы да, экономистер де дабыл қағып келеді. Түйілген жіпті қойып, ноқтаның да шешілер уақыты өткен секілді.
– Мәселеге кешенді түрде қарайықшы. Экономикада мемлекеттің үлесі болғанын толыққанды жақсы немесе жаман деп айта алмаймыз. Қай кезде экономикада мемлекет болу керек? Бұл мәселедегі ең негізгі фактор – мемлекеттік институттардың дұрыс қалыптасуы, меритократияның орнауы, әділдіктің болуы, заң жүйелілігі. Егер осы алғашқы іргетас дұрыс қаланса, екінші фазаға ауысамыз. Ол – мемлекет экономикаға араласу керек пе, араласпау керек пе? Іргетас сапалы қаланған болса, қиын-қыстау кезеңдерде мемлекеттің экономикаға араласуына болады. Ал тұрақты кезеңде араласқаны дұрыс емес. Бейбіт, тұрақты заманда мемлекет экономикадан алшақтау керек. Қазақстанның жағдайында, мемлекеттің экономикаға араласуы – зиян. Неге дейтін болсақ, мемлекеттің басында өте көп «адамдар» бар. Бюрократия деңгейі де жоғары. Жалпы, бір істің алға жылжуы өте ұзақ үдеріске айналады, – дейді ол.
«Экономикалық релятивизм» бұл мәселеде билік те, халық та кез келген экономикаға бостандық керегін ұғынған дейді. Тек шешімін уақыт уысына салып жіберген көрінеді.