Спорт • 26 Қыркүйек, 2024

Жарыстар күнделігі: Ауыр атлетика: Едіге – әлем чемпионы!

69 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Испанияның Леон қаласында ауыр атлетикадан 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем чемпионаты өтіп жа­тыр. Ел сенімін арқалап барған саң­лақ­та­рымыз әзірге 1 алтын, 1 қола медаль ол­жалады.

Жарыстар күнделігі: Ауыр атлетика: Едіге –  әлем чемпионы!

Әлем чемпионатына Жетісу облысынан Сергей Чуев (61 кг), Матвей Макрушкин (96 кг), Данил Бетехтин (102 кг), Максим Вари­вода (109 кг), Қызылорда облысынан Ер­асыл Сәулебеков (81 кг), Астана қала­сынан Едіге Егемберді (89 кг), Шығыс Қазақ­стан облысынан Темірлан Оқашев

(102 кг), Шымкент қаласынан Санжар Жолтай (+109 кг) аттанған болатын. Қыздар сынында тек 59 кг салмақта Валерия Ива-нова (Жетісу облысы) күшін сынады.

Қызылордалық Ерасыл Сәулебеков әлем чемпионатында өзінің тегеурінді екенін танытты. 17 жастағы ұлан серпе көтеру сайы­сында 154 кг зілтемірді ауырсынған жоқ. Жұлқи көтеруде 190 кг салмақты еңсерді. Қос­сайыс қорытындысында қола медаль бұйыр­са, әлем чемпионы атағы корей атлеті Квон Да Хидің еншісіне жазылды, күміс медальді мысырлық Эльсайд олжалады.

Испания елінде әнұранымызды шыр­қатып, көк туымызды желбіреткен Едіге Егемберді келешегінен кемел үміт күттіретін талантты спортшы екенін көрсетті. Серпе көтеру додасында 153 кг тартатын зілтемірді көтерсе, жұлқи көтеруде 199 кг салмақты ауырсынған жоқ. Екі жыл бұрын 20 жасқа дейінгі ауыр атлеттер арасындағы әлем чемпионаты Грекияда өткенде 89 кг салмақта алтын медаль олжалаған украиналық спорт­шы Максим Домбровский қоссайыста 345 кг нәтижеге жеткен еді. Біздің Едігенің көрсеткіші – 352 кг! Серпе көтеру додасында жерлесіміздің алдын ораған ирандық Алиреза Абаспур жұлқи көтеруде әлсіздік танытып, күміс жүлдені місе тұтты. Қола медаль колумбиялық Джоксер Альборносқа бұйырды.

2028 жылы Лос Анджелесте (АҚШ) өтетін жазғы Олимпия ойындарында ел еңсесін Едіге бастаған оғландар көтереді деп сенеміз.

 

Бокс: Тәжірибе мен талант тартысы

 ва

Қарағанды қаласында бокстан әйел­дер арасында «Мықтылар турнирі» жалауын желбіретті. Кеше бірінші кезең жек­пе-жектер өтіп, боксшы қыздар алғаш рет дулығасыз айқасты. Бұрымдылар 12 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды.

Қазақстан бокс федерациясы турнирдің ашық әрі әділ болуына бар мүмкіндікті тудырып, тікелей көрсетілім ұйымдастырып, әділ төрелік етуге де күш салып отыр. Себебі осы турнирдің қорытындысы бойын­ша қараша айында Иорданияда өтетін Азия чемпионатына қатысатын боксшылар анық­талмақ. Бұдан былай әйелдер боксынан халықаралық, әлемдік турнирлер дулығасыз өтеді. Боксшыларымыз жаңа ережеге бой үйретіп, жатырқамауы үшін де осы додада дулыға киген жоқ.

Әлем чемпионы, Париж Олим­пиадасына қатысушы Валентина Хальзова алғашқы айналымда сәтті жұдырықтасты. Өзінен он жас кіші, жастар арасында Азия чемпионы атанған Шұғыла Нәлібайдан басым түсті.

Қарағанды рингінде сенсациялық нәти­же де тіркелді. Желтоқсан айында 35 жасқа толатын әлем чемпионатының қола жүл­дегері, екі дүркін Азия чемпионы, Рио жазғы Олимпиадасының (2016) қатысушысы Жайна Шекербекова «Мықтылар турнирін» тәмамдады. Бірінші жекпе-же­гінде шым­кенттік Элина Базароваға қарсы айқасқан тәжірибелі боксшыны күші де, мысы да басым жас өрен жеңіп кетті.

Аса ауыр салмақта Ләззат Күнгейбаева да осы додаға қатысады. 2014 жылы өткен әлем чемпионатының финалында сүрініп, күміс медальді місе тұтып, 2016 жылы Ас­танада өткен дүниежүзілік доданың чемпионы атанған саңлақ жастардың қарымын байқап көруге бел буып отыр.

 

Футбол: Бас бапкер тізімді жариялады

 ва

Футболдан ұлттық құрама УЕФА Ұлт­тар лигасы аясындағы кезекті тарты­сын қазан айында өткізеді. 10 қазан күні Аус­трияға барса, 13 қазанда Алматы қала­сында Словения ұлттық құрамасын қабылдайды. Бас бапкер Станислав Чер­чесов маңызды матчтарға шақырту алған футболшылардың тізімін түзді.

Қақпашылар: Игорь Шацкий («Ақ­төбе»), Александр Заруцкий («Астана»), Стас По­ка­ти­лов («Тобыл»), Бекхан Шайзада («Ор­дабасы»).

Қорғаушылар: Сергей Малый, Сұл­танбек Астанов («Ордабасы»), Роман Асранкулов, Еркін Тапалов («Тобыл»), Александр Мароч­кин, Ян Вороговский, Марат Быстров («Ас­тана»), Михаил Габышев («Елімай»), Әлібек Қасым («Ақтөбе»), Нұралы Әліп («Зенит», Ре­сей), Лев Скворцов («Шинник», Ре­сей), Ас­хат Балтабеков («Жетісу»), Ұлар Жақсы­­­баев («Қызылжар»), Әділбек Жұма­ханов («Атырау»).

Жартылай қорғаушылар: Асхат Тағы­берген, Бауыржан Исламхан, Ай­бол Әбікен («Ор­дабасы»), Рамазан Ора­зов («Силькеборг», Дания), Максим Саморо­дов («Ахмат», Ре­сей), Арман Кеңесов («Ақ­төбе»), Аслан Да­ра­баев («Елімай»), Бақ­тиер Зайнутдинов («Бе­шикташ», Түр­кия), Исламбек Қуат, Абзал Бей­себеков («Ас­тана»), Ислам Чесноков («То­был»), Андрей Ульшин («Қайрат»);

Шабуылшылар: Абат Айымбетов («Ада­на Демирспор», Түркия), Айбар Жақ­сы­лықов («Қайсар»), Жан-Әли Пайруз («Елім­ай»), Эльхан Астанов, Рамазан Кәрімов («Ас­тана»), Артур Шушеначев («Сочи», Ресей).

Ұлттық құрама ойыншылары оқу-жат­тығу жиынын 5-9 қазан аралығында Аус­трияның Кремс қаласында өткізеді де 10 қазан күні Линц қаласындағы «Райф­файзен Арена» стадионында жер­гілікті ұлттық құрамаға қарсы ойнайды. Бұған дейін екі құрама 2010-2012 жылдар ара­лығында Әлем және Еуропа чемпионаттарына іріктеу аясын­да 4 мәрте тартысқа түсті. Екі мачта Аус­­трия футболшыларының мерейі үстем бол­са, өзімізде өткізген екі ойында тең тар­қасты.