Әлем чемпионатына Жетісу облысынан Сергей Чуев (61 кг), Матвей Макрушкин (96 кг), Данил Бетехтин (102 кг), Максим Варивода (109 кг), Қызылорда облысынан Ерасыл Сәулебеков (81 кг), Астана қаласынан Едіге Егемберді (89 кг), Шығыс Қазақстан облысынан Темірлан Оқашев
(102 кг), Шымкент қаласынан Санжар Жолтай (+109 кг) аттанған болатын. Қыздар сынында тек 59 кг салмақта Валерия Ива-нова (Жетісу облысы) күшін сынады.
Қызылордалық Ерасыл Сәулебеков әлем чемпионатында өзінің тегеурінді екенін танытты. 17 жастағы ұлан серпе көтеру сайысында 154 кг зілтемірді ауырсынған жоқ. Жұлқи көтеруде 190 кг салмақты еңсерді. Қоссайыс қорытындысында қола медаль бұйырса, әлем чемпионы атағы корей атлеті Квон Да Хидің еншісіне жазылды, күміс медальді мысырлық Эльсайд олжалады.
Испания елінде әнұранымызды шырқатып, көк туымызды желбіреткен Едіге Егемберді келешегінен кемел үміт күттіретін талантты спортшы екенін көрсетті. Серпе көтеру додасында 153 кг тартатын зілтемірді көтерсе, жұлқи көтеруде 199 кг салмақты ауырсынған жоқ. Екі жыл бұрын 20 жасқа дейінгі ауыр атлеттер арасындағы әлем чемпионаты Грекияда өткенде 89 кг салмақта алтын медаль олжалаған украиналық спортшы Максим Домбровский қоссайыста 345 кг нәтижеге жеткен еді. Біздің Едігенің көрсеткіші – 352 кг! Серпе көтеру додасында жерлесіміздің алдын ораған ирандық Алиреза Абаспур жұлқи көтеруде әлсіздік танытып, күміс жүлдені місе тұтты. Қола медаль колумбиялық Джоксер Альборносқа бұйырды.
2028 жылы Лос Анджелесте (АҚШ) өтетін жазғы Олимпия ойындарында ел еңсесін Едіге бастаған оғландар көтереді деп сенеміз.
Бокс: Тәжірибе мен талант тартысы
Қарағанды қаласында бокстан әйелдер арасында «Мықтылар турнирі» жалауын желбіретті. Кеше бірінші кезең жекпе-жектер өтіп, боксшы қыздар алғаш рет дулығасыз айқасты. Бұрымдылар 12 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды.
Қазақстан бокс федерациясы турнирдің ашық әрі әділ болуына бар мүмкіндікті тудырып, тікелей көрсетілім ұйымдастырып, әділ төрелік етуге де күш салып отыр. Себебі осы турнирдің қорытындысы бойынша қараша айында Иорданияда өтетін Азия чемпионатына қатысатын боксшылар анықталмақ. Бұдан былай әйелдер боксынан халықаралық, әлемдік турнирлер дулығасыз өтеді. Боксшыларымыз жаңа ережеге бой үйретіп, жатырқамауы үшін де осы додада дулыға киген жоқ.
Әлем чемпионы, Париж Олимпиадасына қатысушы Валентина Хальзова алғашқы айналымда сәтті жұдырықтасты. Өзінен он жас кіші, жастар арасында Азия чемпионы атанған Шұғыла Нәлібайдан басым түсті.
Қарағанды рингінде сенсациялық нәтиже де тіркелді. Желтоқсан айында 35 жасқа толатын әлем чемпионатының қола жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы, Рио жазғы Олимпиадасының (2016) қатысушысы Жайна Шекербекова «Мықтылар турнирін» тәмамдады. Бірінші жекпе-жегінде шымкенттік Элина Базароваға қарсы айқасқан тәжірибелі боксшыны күші де, мысы да басым жас өрен жеңіп кетті.
Аса ауыр салмақта Ләззат Күнгейбаева да осы додаға қатысады. 2014 жылы өткен әлем чемпионатының финалында сүрініп, күміс медальді місе тұтып, 2016 жылы Астанада өткен дүниежүзілік доданың чемпионы атанған саңлақ жастардың қарымын байқап көруге бел буып отыр.
Футбол: Бас бапкер тізімді жариялады
Футболдан ұлттық құрама УЕФА Ұлттар лигасы аясындағы кезекті тартысын қазан айында өткізеді. 10 қазан күні Аустрияға барса, 13 қазанда Алматы қаласында Словения ұлттық құрамасын қабылдайды. Бас бапкер Станислав Черчесов маңызды матчтарға шақырту алған футболшылардың тізімін түзді.
Қақпашылар: Игорь Шацкий («Ақтөбе»), Александр Заруцкий («Астана»), Стас Покатилов («Тобыл»), Бекхан Шайзада («Ордабасы»).
Қорғаушылар: Сергей Малый, Сұлтанбек Астанов («Ордабасы»), Роман Асранкулов, Еркін Тапалов («Тобыл»), Александр Марочкин, Ян Вороговский, Марат Быстров («Астана»), Михаил Габышев («Елімай»), Әлібек Қасым («Ақтөбе»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Лев Скворцов («Шинник», Ресей), Асхат Балтабеков («Жетісу»), Ұлар Жақсыбаев («Қызылжар»), Әділбек Жұмаханов («Атырау»).
Жартылай қорғаушылар: Асхат Тағыберген, Бауыржан Исламхан, Айбол Әбікен («Ордабасы»), Рамазан Оразов («Силькеборг», Дания), Максим Самородов («Ахмат», Ресей), Арман Кеңесов («Ақтөбе»), Аслан Дарабаев («Елімай»), Бақтиер Зайнутдинов («Бешикташ», Түркия), Исламбек Қуат, Абзал Бейсебеков («Астана»), Ислам Чесноков («Тобыл»), Андрей Ульшин («Қайрат»);
Шабуылшылар: Абат Айымбетов («Адана Демирспор», Түркия), Айбар Жақсылықов («Қайсар»), Жан-Әли Пайруз («Елімай»), Эльхан Астанов, Рамазан Кәрімов («Астана»), Артур Шушеначев («Сочи», Ресей).
Ұлттық құрама ойыншылары оқу-жаттығу жиынын 5-9 қазан аралығында Аустрияның Кремс қаласында өткізеді де 10 қазан күні Линц қаласындағы «Райффайзен Арена» стадионында жергілікті ұлттық құрамаға қарсы ойнайды. Бұған дейін екі құрама 2010-2012 жылдар аралығында Әлем және Еуропа чемпионаттарына іріктеу аясында 4 мәрте тартысқа түсті. Екі мачта Аустрия футболшыларының мерейі үстем болса, өзімізде өткізген екі ойында тең тарқасты.