Тұлға • 26 Қыркүйек, 2024

Әбіш Кекілбайұлы және «Егемен Қазақстан»

207 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Көрнекті жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы көсемсөзі біршама зерделенген. Бұл тақырыптың қоғамдық сұранысы да айрықша. Өйткені Әбекеңді қатарлас, замандас қаламгерлерден ерекшелейтін қасиет – оның сөйлеуде де, жазуда да шешендігі, әркез әдебиеттің қоғамдық жүгін жіті сезінгені, көркем шығармасында – бейнелер жүйесін, көсемсөзінде – ой қисынын тарих тағылымымен табиғи үйлестіргені еді. Президент Қ.Тоқаев айтқандай, «руханият тарихында Әбіш Кекілбайұлы қазақтың болмыс-бітіміне әлемдік кеңістіктен көз салған кемел ойдың иесі» болып қалады.

Әбіш Кекілбайұлы және «Егемен Қазақстан»

Ә.Кекілбайұлы «Егемен Қазақстан» газетіне бас редактор болып тағайындалған күн

Осы орайда Әбіш Кекілбайұлының журналистикасы – азаматтық, интел­лек­туалдық қасиетінің бір қыры. Біз бұл саланың қозғаушы күші – коммуникация десек, әдебиет пен журналис­тика шығармашылықтың жолы әрі түрі ретінде жазушы публицистикасын толықтыра түскендей.           

Талантты Әбіш Кекілбайұлы Қазақ мемлекеттік университетінде оқып жү­ріп-ақ «Қазақ әдебиеті» газетінде жұ­мыс істеген. 1962–1965 жылдары жаңа буынға рухани серпін берген «Лениншіл жас» («Жас алаш») газетінде бөлім мең­герушісі болды. Жас Әбіш ҚазМУ фил­фагының әдебиет бірлестігінде де, сергек оқырман асыға күтетін БАҚ-та да ұлт алдындағы парыз, әдеби-мә­дени талғам, талапты қатарластарына аза­маттық көмек, шығармашылық ізденіс мәселесіне жауапкершілікпен қарады. Мұның елеулі сәтін классик-жазушы Мұхтар Мағауиннің «Әбіш екеуміз» деп аталатын эссесінен оқуға болады. Бұл – кеңестік «жылымықтан» кейін оянған қазақ жастары болмысы мен қуатының күнделігі іспеттес.

Әбіш Кекілбайұлының әр кезеңдегі таңдаулы көсемсөзі, заманхат ой-пікірі «Дәуірмен бетпе-бет» (1974), «Заманмен сұхбат» (1995), «Азаттықтың ақ таңы» (1998), «Сыр десте» (2009), «Дәуір дауысы» (2016) т.б. жинақтарында тұнып тұр.

Өздеріңізге мәлім, жазушы-қайрат­кер 1992 жылдың соңынан 1993 жыл­дың басына дейін аз мерзім «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы болды. Айтқандайын, осы кезде басылым ата­уындағы «егеменді» жұрнақсыз «егемен»-ге айналды. Әбекең бұл қызметін Жо­ға­рғы кеңестегі (парламент) Мәдениет, тіл және ұлтаралық қатынастарды дамыту коми­­теті төрағасы лауазымымен қа­тар атқар­ған. Тәуелсіздіктің елең-алаңы. Елдік нәзік те жауапты мәселенің бәрін өркениетті түр­де заңмен рәсімдеу қажет. Ол үшін білім ­мен білік, жүрек пен білек қатар керек. Әбіш Кекілбайұлы осы миссияны абырой­­мен жүзеге асырды. Бұл уақытта жазушы-­қай­раткердің әйгілі «Бетерден де бетер бар...» атты публицистикалық толғауы десте-­десте жарияланып жатты. Көлемі шартты 3,5 - 4 баспа табаққа жуықтайды. Бұл газет форматына лайықталған еңбек халықты толғандырған өзекті зәрулік­тер туралы. Толық атауы – «Бетерден де бетер бар деген осы емес пе?» деп амандас­қан замандастың сауалына жауап».

«Егеменнің» аға буын қызметкер­лерінің естелігінде осы еңбектің кей тұс­тарын Әбекең редакцияға келіп, ұстазы Мұхтар Әуезовше мәшеңкеші қыз­ға бірден ауызша айтып, қағазға бас­қызғаны айтылады.

Сонымен бұл қай «Бетер»? Жазушы талдаған «Бетер» – шығыстық өлшем­мен қарағанда кеңес өкіметі құлағаннан ке­йінгі күрделі жағдай мен санадағы, эко­номикадағы, өмірдегі дағдарыстың се­­беп-салдары, тығырықтан шығар жол із­деудің амалы, қоғамдық-саяси транс­фор­­мацияның әлемдік тәжірибесі, этно­с­аралық қарым-қатынас, тіл мен мем­лекет құндылығы, мәдени өр­леу мен жаңару, тарих тағылымын мең­геру мен танудағы ұстаным, талғам, кеңес­тен кейінгі кеңістік ахуалына баға, конституциялық құрылым, билік инс­титуттары, нарықтық реформалар ішінде бізге қолайлысы туралы кәдім­гі трактат. Иә, публицистикалық, көсем­сөздік трактат. Жалпы, халыққа арналған, жұртшылықтың түсінігіне ыңғайланып жазылған еңбек. Мұны Әбіш Кекілбайұлының интеллектуалдық публицистикасы десек те қисынды.

Қаламгер кеңес одағының ыдырауына – «империялық даңғойлықтың күйреуі» деп баға береді. Әбекеңнің «Кеңес одағының екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісті пайдаланып, социализмді күллі планеталық құбылысқа айналдыруға, әлемдік ықпалдастықтың таза әлеуметтік сипаттарын бір жақты желеулетіп, күллі ғаламды таптық мүдделестік тұрғысынан бір ыңғайға икемдеуге тырысқандығы, тағы да әлемдік империя орнатқысы келгендігі оның әлемдік саясат сахнасынан кетуін анағұрлым тездетті» деген ойы кешегі бейдауа жағдай мен бүгінгі аласұрған ахуалды дөп сипаттағандай.

Қоғамдық дамудың қыр-сырын терең түсінген жазушы: «Әуелден де егестікке құрылған қоғам әрбір жаңа бетбұрысты өзін одан әрі жетілдірудің бейбіт қадамына емес, өткен үшін есеп айырысын қалуға қолайлы өштестік сәтіне айналдырмай тұра алмайды» деп науқасқа дәл диагноз қояды.

Бұдан әрі әлеумет қайнауын өз көзі­мен көріп жүрген қаламгер-қайрат­кер: «Кәрі-құртаң кетіп, орнына жігерлі жас­тар келсе, бәрі де бізше ойлап, бізше қиналатын шығар, бәрін де түзететін шығар деп түйдік. Кім біліпті, қайта құру ұранын алғаш көтергендер де іске әуелде тап осындай сеніммен кіріскен шығар. Әйтеуір, ә дегенде олар да жеделдете даму бағытын ұстанды ғой. Бірақ көп ұзамай, түлкі бұлтаң көбейді. Кешегі турашылдық, принципшілдік дегендерін ертеңіне жойымпаздық деп жатты...» деп бір қайырады.

Автор «Иә, Тәуелсіздіктің жолы жіңіш­ке, жұп батпан екен» дей отырып, әлем тәжірибесінде сыналған тығы­рық­тан шығар 10 жолды сараптайды. Соның ішінде Қазақстанға «тарихи жағ­дайды пайдаланып, өзінің табиғи, әс­кери, саяси, геосаяси, экономикалық мүмкіндіктерін дәл мөлшерлеп, соған лайық сыртқы ықпалдастыққа ұмтылып, ішкі жарастықты ыждағаттау, ... іште ынтымақ орнатып, сыртқы дүние тарапынан шынайы ықылас ояту» жолы яғни саяси прагматизм жолы қолайлы деп есептейді.

Әбекең бұл еңбегін жазғанда елімізде ұлтымыздың демографиялық көрсет­кіші 42 пайыз ғана еді. Сол себепті ол: «Тари­хи тәжірибенің айтуынша, мемлекет­тік тәуелсіздіктің мықтылығының ең бір сенімді кепілі – халқының этникалық бір­өңкейлігі» дей келе, Қазақстанның демографиялық келбетін алабөтен ала-құла еткен тарихи негіздерді байып­тай­ды. Нәзік елдік іс-шараны кешенді, табиғи жүргізудің амалдарын нұсқай­ды. Геосаясатты да аңғартады. «Еуразия­ның қақ кіндігіне орналасқан Қазақстан­ды бүгін таңда қай жағынан да әбден қалып­тасып үлгерген орнықты саяси режім қоршап тұрған жоқ» деп тұжы­рым­дайды.

Бұл ой: «Әлемдік ықпалдастыққа тырысу – Қазақстанның сыртқы саясатының басты басымдығы болуға тиісті. Өйткені оның басына төнуі ықтимал жаңа отар­шылдықтың ауқымы тым ересен. Сипаты тым айқын. Оны бір тоқтатса – тек әлем­дік ықпалдастық қана тоқтата алады. Әлемдік ықпалдастық тек жаңа отар­шылдықтан абай болу үшін ғана емес, тәуелсіздігімізді нығайтатын ең басты фактор – дүниежүзілік экономикада лайықты орын ала алатындай болып дамуымыз үшін де өте-мөте қажет» деп қорытындыланады. Байқайсыз ба, дәл бүгінге қаратып айтылғандай.

Біз жоғарыда Әбекең көсемсөзін «трактат» деп бекер атамадық. Осындағы автордың мына пәлсапалық пікірі әлі көкейкесті: «Саясаттағы уақыт – заман да, кеңістік – қоғам. Мүдде – уақыт та, мүмкіндік – кеңістік. Екеуінің арасындағы терең үйлесім ғана істі ілгері бастырады».

Публицистикалық байыптамасын­да Әбіш Кекілбайұлы 90-жылдар үшін аса ауыр да күрделі мәселе – лайықты демократиялық қоғам, нарықтық эко­но­мика, құқықтық мемлекет орнату жа­­йын қарастырады. «Қазіргі күйзе­ліс­тердің ең басты себебі неде? – деп сұрақ қойған автор ойын былай­ша тар­қа­тады: – Экономиканың құлдырап ке­туінде. Өндірістік тәртіптің бұзы­луында. Өнім­діліктің төмендеуінде. Бұған кешегі әкімшіл-төрешіл басқару жүйесі мен жоспарлы-бөліспелі тәсіл айыпты деп айту «менің бүгінгі жөтеліп жүргеніме баяғыдағы әкем мен шешем айыпты, егер олар құлантаза сау болса, маған ешқандай ауру жоламас еді» деп түсіндіруімен пара-пар. Кешегі құлан таза денсаулық та күтінбегеннен бұзылуы мүмкін ғой. Егер ата-анаң шыңжу жаратса, денсаулығыңды өзің күтіп, өзің шыңдамайсың ба? Сонда қалай? Кешегі қоңторғай тұрмысымызды, дамыған елдерден көпе-көрнеу артта қалып қойғандығымызды жоспарлы экономикадан, еңбек пен игілік бөлісудің социалистік қағидасынан көрдік. Социа­лизмнің басқа елдерге де бақ орнатып, қарқ қылмағанын тілге тиек еттік. Ал бүгін ше?.. Нарықтық экономика да дұрыс күнкөріс қамтамасыз ете алмай ма? Ендеше, аузымыздың суы құритын басқа мемлекеттер қалай алға шығып кетті? Әлде олардағы адам саны бізден көп пе? Әлде олардың табиғи байлығы бізден асып тұра ма? Басқаларын былай қойғанда, шикізат атаулыдан мақұ­рым құрдым аралдарды жайлаған жапон­дар қалай көктеп-көгеріп жатыр? Бас­қасын былай қойғанда, қазір нарыққа көшпеген кім қалды? Шығыс Еуропаның социалистік елдері елден бұрын көшіп алды. Қытай мен Моңғолия оң жолға түскелі біраз болды. Куба екеш Куба да эко­номикалық реформа жасау үшін шеттен мамандар шақыра бастады. Сон­да кім қалды? Солтүстік Корея ма?.. Ал қалған дүниенің әуелден шала­бын шайқай қоймағаны, ең кемі ара­лас мен­шік жағдайында өмір сүріп келгендігі белгілі. Ендеше, гәп жібекте емес, жібек­ті түте алмай жүн етіп алып жүрген өзі­міз­де болмасын...».

Бұл ойға Тәуелсіздіктің 30 жылындағы түрлі «серпінді жобаларды», лентасы қиылып, бір өнім шығармаған өнді­ріс-кәсіпорындарды қоссақ, ащы ақиқат ай­қын­дала түседі. Иә, Әбекең ескерткен, болжаған ақиқат!

Қайраткер-жазушы осында Макс Вебер жілігіне дейін шағып, сақтандырған лай судан балық аулайтын, заң бұзып, көлденең табысқа құныққан «жабайы капитализмге», оның Қазақстандағы тәжірибесіне былайша баға береді: «Біздегі іскерлік бармақ басты, көз қыстылықсыз, алдап соғар айла-шарғысыз, біреуге көл, біреуге шөл алақолдылықсыз өмір сүріп көрген емес. Ол жалпы іскерлік деп істі өрге бас­тыруды, сол арқылы қоғамға танылуды емес, ұрлап-зорлап мал табуды түсінеді. Сөйтіп, сыпайылап айтқанда «көлеңкелі», расын айтқанда, қылмыскер экономика қалыптасты».

Гуманитар Әбекеңді еске алған инженер, экономист жолдастары «ол физикадан да, математикадан да, жаратылыстану ғылымдарынан да молынан хабардар еді» дейді. Жазушы «Тіл және Тәуелсіздік» атты мақаласында (2006) осы қабілетін өзі меңзеп кетіпті: «Ол кездегі тіл мен әдебиетіміздің оқулықтарын былай қойғанда, математика, физика, география, табиғаттану оқулықтары қазақша қалай-қалай сайраушы еді? Бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, пысықтауыш, түбір, жалғау, жұрнақ, үстеу, зат есім, сан есім, сын есім, етістік, көсемше, есімше, шылау, одағай, нүкте, дәйекше, үтір, тырнақша, кеңістік, биіктік, жазықтық, көлбеу, тік бұрыш, сүйір бұрыш, доғал бұрыш, тежеліс, қозғалыс, үйкеліс, үдеу, оттегі, сутегі, көміртегі, қышқыл, сірке су, етқоректі, сүтқоректі, қосмекенді, тікенжапырақты, қылқанжапырақты, т.т. Шіркіндердің сөз саптастары қандай еді? Санаңды кідіртер, тіліңді мүдіртер кедір-бұдырдан атымен ада еді ғой! Оқығаныңда, ойыңды елпілдетіп, ілгері жетелеп, қаралай қызықтырып, құнықтырып, тас бұлақтың суындай қайнап шығып, мөлдірей тұнып, өз-өзінен лақылдай төгіліп, асып-тасып жатушы еді-ау...».

«Бетерден де бетер барда» жазу­шы­ның осы қабілетін байқаймыз. Әсіресе нарықтық экономиканы талдаған тұс­та. Ол: «Жағдайды шиеленістіріп тұр­ған нарыққа көшу емес. Нарыққа парық­ты көше алмау. Қарадүрсін көшу. Өзгелер­дің өнегесін малданғанға мәз болып, өзіміздің шын мүмкіндіктерімізбен есептеспеу. Уақыт талабына құлақ асқанмен, нақты кеңістіктегі нақты жағдайға жете мән бермеу. Қандай мемлекет болсын экономиканы жаңғыртқан кезде қоғамның тізгінінен айырылып қалмауды, жедел де икемді жаңа құрылымдар түзуді, сыртқы экономикалық ортамен ықпалдастықты нығайтуды, жаңа бастамаға қолда бар қуат пен мүмкіндіктердің бәрін жұмыл­дыруды қатты ыждағаттаған» деп жазады да, Германиядан Израильге дейін­гі, Сингапурдан Латын Америкасына де­йінгі, Шығыс Еуропадан Қытайға дейінгі түрлі тәжірибенің дерегін, тұжы­рымдамасын бағамдайды. Солардан Қазақстан алса екен деген өнегені көр­сетеді. Еңбектің осындай маңызды түйін­демесінде Әбіш Кекілбайұлы­ның адам­шылығы, таза­лы­ғы байқалып отырады. Ол әрқашан қана­ғат­ты және ыждағатты, алдамауды және алданбау­­ды, жамандыққа бармауды және дүниеқо­ңыз болмауды ескертеді.

«Егемен Қазақстан» газетіндегі қай­раткер, жазушы мақаласының асыл мақ­саты – саналыларды серпілту, жұртын жігерлендіру. Әбекең мұны халықтық ұғымда былай түйіндейді: «Бетерден де бетер бар деген осы екен деп, қорынатын да, торығатын да кез емес, қолда бардан қалай айырылып қалмау керек деп, ой­ланып-толғанатын кез».

Жазушының бетердің бетін қайтаруға тырысқан жазбасы, зерттеуі, адамшылық-зиялылық қағидаты, тұжырымдамасы – сол халқының ойланып-толғануына жол сілтейтін темірқазық еді.

Ә.Кекілбайұлы 17.01.1990 жылы «Социа­листік Қазақстан» газетінде жа­рия­ланған «Тәуекелге парасат болса серік» атты мақаласында: «Әлеуметтік ізгі мұрат жолында әлеуметтік салиқалы әрекет жасалынбаған жерде талай асыл арман адыра қалған» дей отырып, аза­маттардың бойындағы мүддесіздік пен бой­күйездік, эгоизм мен авантю­ризм себебіне үңіледі. Мәселені одақтық және республикалық аяда қарастырады. Бы­лайша айтқанда, сол шақта Әбекең ал­дағы азаттықтың ақылманы деңгейіне көтерілді. Ол өткеннің көркем бейне­сін жасаумен бірге ұлт және әлем тарихын терең білді, даналық ғылымы – пәлсапаны жақсы меңгерді. Мәдениеті мен адамшылығы тең еді. Бостандық таңы атарда ел газетіне берген сұхбатында: «Тарихи сана өткенімізді әділ бағалап, бүгінімізді терең пайымдап, ертеңімізді дұрыс бағдарлауымыз үшін, ал азамат­тық сана өз тоятың, өз мерейіңді ғана ойламай, бүгінгі әлеуметің мен ертеңгі әулетіңнің ештеңеден жалы жығыл­мауын, сағы сынбауын алдын ала қам­дастыра білу үшін қажет» деді (5.05.1991).

«Егемен Қазақстан» газетіндегі «Демо­кратия мен Тәуелсіздік одан әрі орныға түссін десек» (26.06.1993), «Арға тартпай – арман тұл, Намыс қумай – мақсат тұл» (30.11.1993), «Жарқын бетбұрыстың жойқын беташары» (12.11.1996), «Береке басы бірлікте» (20.04.1997), «Елдіктің ең басты сипаты» (17.04.2000), «Тәуелсіздік толғауы» (28.04.2000), «Елдікке қызмет еткен – ерлік» (29.06.2010), «Ғасырлар мен мәдениеттер астасқан аймақ» (6.07.2015) т.б. саяси-талдамалы материалдарында қаз-қаз басқан азат Қазақстанның әлем­дік және елдік аядағы ізденісін сараласа, «Жыр Сұлтаны туралы сөз» (8.07.1993), «Күй құдырет» (11.09.1993), «Бағзыдан жеткен баба жыр» (29.07.1995), «Ақындықтың асқар шыңы» (20.04.1996), «Ақ ниеттің адал жыршысы» (12.09.1996), «Елдік пен ерлік киесі» (14.03.1997), «Ұстаз ұлағаты» (15.10.1998), «Бәйтерек» (21.01.2000), «Өзегіңді үзе сүй, өз еліңді» (26.03.2002), «Қазақтың Шерханы» (4.10.2002), «Талантты ұрпақтың тағы­лымды келбеті» (29.11.2002), «Бас­шы (Н.Оңдасынов)» (15.10.2004), «Қай­сар­лық» (11.11.2005), «Жайсаң» (11.07.2007), «Кемел» (28.09.2007), «Алтын көпір» (26.12.2007), «Дегдар» (9.01.2008), «Хан Тәңірі етегінде» (24.06.2015) т.б. рухани-портреттік мақалаларында ұлт тұлғалары даналығымен, мұрасымен, өнегесімен идеологиялық ұстындарды қалыптастыру жөн-жобасын қоғам талқысына салады.

Әбіш Кекілбайұлының көсемсөз ­әлемі сан салалы. Ұлт руханияты тұрғысы­­нан қарағанда, бұл бағыттағы мұрасы – иен байлық. Көрнекті жазушы-қайраткер­дің публицистикасы осы жанрға қойыла­­тын 6 талаптың да үдесінен шыққан. Атап айтсақ:

1) Когнитивті қызмет. Әлеуметтік құндылықтар жүйесінде оқырманға жаңалық пен ойды, ұсыныс пен тұжы­рымды қатар жеткізе білуі.

2) Коммуникативті-ақпараттық қыз­мет. Адам мен қоғам арасын ықпал­дас­тыру, әлеумет сусаған өзекті ақпаратты лайықты ұсыну.

3) Әлеуметтік-жаңғырту қызметі. Қо­ғамға ой салар көсемсөз немесе елдік мінбер деңгейіндегі ой-толғау.

4) Әлеуметтік-ағарту қызметі. Білім, ғылым, білік, тәжірибе қайнауынан шық­қан парасатты ой, пікір талдаулар.

5) Әлеуметтік-көз жеткізу қызметі. Та­­қы­рып пен көтерген мәселесінің, көз­­қарас пен тұжырымының тиянақтылығы.

6) Идеологиялық қызмет. Қоғам мен мемлекет мүддесінің бірлігіне бағыт­тал­ған идея мен ақыл-ойдың кешенді жүйесі.

Әлбетте, мұның баршасы – Әбекеңнің білім, мәдениет, қайраткерлік, даналық тәжірибесі үйлесімінің жемісі. Оны біріктірген және қоғамға жарқырата көрсеткен – интеллектуалдық әлеуеті.

Америка психолог ғалымы Роберт Стенберг интеллектінің үш түрін айқын­даған. Олар: 1) вербальді интеллект (жазу мен сөйлеудегі шешендік, жоғары эрудиция, оқығанды қағып алу); 2) мәселені шешу мүмкіндігі; 3) практикалық интеллект (көздеген мақсатқа қол жеткізу). Бұл әр кәсіптің, әр тұлғаның IQ («айкью»; intelligence quotient яғни ақыл коэффициенті) деңгейін анықтайды. Біз Әбіш Кекілбайұлының көсемсөзін оқи отырып, зерде сапасының жоғары болғанына көз жеткіземіз.

Зиялы қауым бүгін Әбекеңді абыз, дана, кемеңгер ретінде бағалайды. Мұны көзі тірісінде де айтқандар болды. Бірақ азаматтар ол кісінің мақтан мен көтерме сөзді ұнатпайтынын білген­діктен, бұл бағаның түбі берілеті­нін сезетін. Біз осы қасиетін де публицистикасынан көре аламыз (көзкөрген­дер, араласқандар өмірдегі қалпынан да байқады). Ғылым даналықтың белгісі ре­тінде бірінші – даралыққа (индивидуа­лизм) деген сұранысты, екінші – танымдық қызметке деген ұмтылысты атай­ды (кәсіби ғалым болуы міндет емес). Әбекеңнің ғұ­мырбаянын, әсіресе жас­тық бел-белесін, шы­ғармашылығын қарасаңыз, кемеңгер­лік баспалдағына, жеңісіне көз жеткізесіз.

Әбіштанушылардың дерегіне қара­ғанда, «Егемен Қазақстан» газетінде жа­зушының 160-тан аса мақаласы жарияланыпты. Бұл, әрине, әдебиет абызы, ұлт қайраткері осы басылымды басқарған 3-4 аймен өлшенбейді. Ол Тәуелсіздік­тің ақ таңынан бастап, ғұмырының соңы­на дейін газетіміздің тұғырлы тұлғасы бол­ды. «Егеменнің» әр бас редакторы Әбе­кеңмен жазушы, ғұлама, азамат, қай­раткер ретінде сұхбаттасқанды елдік­пен, зиялылықпен астасқан биік абырой санады. Бұл ұстаным, көзқарас басылымының қатардағы журналисіне дейін өнеге болып қалды. «Әбіш Кекіл­байұлы редакцияға келгендегі бірінші, екінші, үшінші... сурет», «Әбекеңнің «айналайын!» деген сөзі», «Әбекеңнің түген мақаласы», «Әбекеңе амандаса барғанда», «Әбекеңнің ақ тілегі, батасы», «Әбекеңнің «Дәуір дауысы» секіл­ді естеліктер сағынышпен айтыла­ды. Тіп­ті қайбір әріптестің қолында түбі мұра­жайға тапсырылатын «Әбекең сый­лаған қалам», «Әбекең автографпен берген кітап», «Әбекеңнің жұмыс үстелінде тұрған қаламсалғыш» деген жәдігер­лік жеткілікті. Біз мұны да айрықша құр­мет деп есептейміз. Әбіш ағаның редак­цияға келгеннен ұжыммен қоштасқанға дейінгі әрбір ерекше сәтін ықыласпен баяндайтын ардагерлерімізді мақтаныш етеміз.

Дана жазушы Лев Толстойдан «Ғалым кім? Білімдар кім? Ағарған тұлға кім?» деп сұрағанда, ол: «Ғалым – кітаптан оқып-түйгені көп адам, білімдар – зама­нын­дағы ілім мен оны игеру тәсілінен өзі­не қажетін алған адам, ағарған тұлға – өмі­рінің мәнін түсінетін адам» деп жа­уап берген. Әбіш Кекілбайұлы өмірі мен шы­ғармашылы­ғын осы өлшеммен ба­жайласақ та, ол биік тұғырдан көрінеді.