Суретті түсірген – Дмитрий ЕРОФЕЕВ
Мәселен, өңірде, ет, сүт, қант, азық-түлік өнімдері қарқынды дамыған. Дегенмен олардың бағасы жоғары келеді. Сондықтан сауда орталықтарында нарыққа сай арзан тауарлардың үлесі көбірек. Ал дүкен иелері халықтың қалтасы көтеретін заттарға ұмтылатынын айтады. Оған қоса өңірдегі бағаны қадағалайтын сала мамандары қолдан келгенін жасап жатқанын жеткізді. Осы орайда біз ондаған сауалға жауап іздеп көрдік: Дүкендерде отандық өнімдер үлесі неге аз? Жергілікті өнімдер толықтай сауда сөрелеріне жете ме? Талдықорғандағы ірі сауда желілері тауар таңдауда шетелдік өнімдерге неге басымдық береді? Қоймалар жеткілікті ме? Үлкен сауда орындары тауар таңдарда қандай ерекшелікке сүйенеді?
Бүгінде елімізде интернет дүкендер қарқынды дамып келеді. Тиісінше, оларға заттарын орналастыратын қойма ауадай қажет. Бұл ретте облыс тұрмақ, жалпы мемлекет көлемінде де азық-түлік пен жеміс-жидек сақтайтын қоймалардың тапшылығы анық білінеді. Былтыр облыс әкімі Бейбіт Исабаев Жаркентке барған сапарында қойма мәселесін реттеуді тапсырған еді. Оған бірден-бір себеп – ауданда жеміс-жидек сақтайтын орынның тапшылығы. Былтыр Панфилов ауданына осы сала бойынша 1 млрд теңгеге жуық инвестиция салынған.
Жалпы, облыста сыйымдылығы 39,7 мың тонналық 31 қойма бар. 25,2 мың тонналық 18 картоп қоймасы, 8,5 мың тонналық 7 көкөніс қоймасы, 5,9 мың тонналық 6 жеміс қоймасы жұмыс істеп тұр. Соның ішінде заманауи құрал-жабдықпен жабдықталған 12 қойманың ішінде сыйымдылығы 11,8 мың тонналық 5 картоп қоймасы, 4,3 мың тонналық 3 көкөніс қоймасы, 5,4 мың тонналық 4 жеміс қоймасы орналасқан.
«Біз тауарға тапсырыс бергенде өзімізде ұзақ сақтамай, бірден тұтынушыға жеткізуге тырысамыз. Өнімді мөлшерлеп қана аламыз. Тұтынушыдан қабылданған тапсырыс бірден сауда желілеріне жолданады. Олар дереу жауап береді. Біз жеткізу жағын мұқият қадағалаймыз. Осы күнге дейін тұтынушылардан арыз-шағым түскен емес. Уақытында жеткізіліп тұрады. Сондықтан қойманың қажеті шамалы. Кей сатушылардың жеке шағын қоймасы бар. Олар тауарды алдын ала алып, сақтап, сатады», дейді «Тәтті» интернет дүкенінің иесі Анар Асылбекова.
Облыс дүкендерінде өңірде шығарылған тауарлардың дені шикізат түрінде жүреді. Оған сүт, ұн өнімдерін, құс етін, жұмыртқаны және жергілікті шаруа қожалықтарының көкөністерін жатқызуға болады. Сонымен қатар шетелге ұн және құс өнімдерін импорттайтын фабрикалар бар. Атап айтсақ, «Ломман-Жетісу» ЖШС, «Көгер ЛТД» ЖШС сынды құс фабрикалары және «Турка» ЖШС, «Sardar Export» ЖШС секілді ұн өндірісімен айналысатын кәсіпорындардың өнімі жергілікті сауда орындарына да түсіп тұрады.
«Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың екі тетігі жұмыс істейді – «тұрақтандыру қоры» және кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікпен кредит беретін «айналым схемасы». Аталған тетіктерді іске асыру үшін бюджеттен 5,8 млрд теңге бөлінді, оның ішінде «тұрақтандыру қорын» қалыптастыру үшін 1,1 млрд теңге және «айналым схемасы» кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікпен несие беру үшін 4,7 млрд теңге бөлінді. Бөлінген қаражатқа 23,6 мың тонна тауар жеткізуге шарт жасалды. 8,6 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына интервенция жүргізілді», дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.
Айтуынша, тұрақтандыру қорында 4,347 тонна тауар бар. Оның ішіне қант, ұн, күріш, күнбағыс майы, қарақұмық жармасы, картоп және сәбіз кіреді. Тұрақтандыру қорының тауарларын жеткізушілер қатарында «АзияАгроФуд» АҚ, «Өскемен май зауыты» ЖШС және «Көксу қант зауыты» ЖШС сияқты ірі кәсіпорындар бар. Өңірде осы тетік бойынша 17 тауар өндірушімен келісімшарт жасалған. Онда 10 мың тонна көлеміндегі 14 тауар түріне жеңілдік қарастырылған.
«Талдықорғанда әр аптаның соңында сенбілік базар жұмыс істейді. Оған жетісулық өнім өндірушілердің бәрі жиналады. Тіпті Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан тауарларымен қатар отандық өнімдер де сөреге шығады. Дегенмен шетелден келетін тауардың бағасы арзан. Қытайдан келген қияр, қызанақтың бағасы қалтаға салмақ салмайды. Жеміс-жидектердің барлығы – тәжіктердікі. Әрі тәтті, әрі аса қымбат емес. Қазір бағаны қадағалап жатқан ешкім жоқ секілді. Мысалы, осы сенбіде қиярдың бағасы 450 теңге болса, келер аптада 480-нен сатады. Оның алдында 400 теңгеден берген еді. Тұрақтылық жоқ», дейді қала тұрғыны Айман Асаубаева.
Мамандардың мәліметіне қарағанда, бағаны тұрақтандырудың екі тетігі бойынша 14,4 мың тонна көлеміндегі 17 тауар түрін жеткізуге арнайы келісімшарт жасалған. Атап айтсақ, 678 тонна күріш, 669 тонна І сұрыпты ұн, 64 тонна қарақұмық, 603 мың нан орамы, 21 тонна түтік кеспе, 8 352 тонна қант, 574 мың литр күнбағыс майы, 382 тонна сүт, 437 тонна қырыққабат, 520 тонна пияз, 679 тонна сәбіз, 1 518 тонна картоп, 185 тонна сиыр еті және 6,6 млн дана жұмыртқа әкелінуге тиіс. Бұлардың бағасы 6 пайызға арзан.
Қараңыз, биыл өңірде бақтардан 40 мың тонна көлемінде жеміс жиналған. Алайда үлкен сауда орталықтарындағы жемістердің дені – шетелден келген өнімдер. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірдегі бақтардың жалпы ауданы 4,8 мың гектардан асады. Оның басым бөлігі, яғни шамамен 3,3 мың гектары алма бағы. Бұл ретте қарқынды бақтар мың гектар жерді алып жатыр. Осы орайда табиғи-климаттық ерекшелігі жағынан алма бақтарын өсіруге қолайлы аймақ деп Текелі қаласын айта аламыз. Қаладағы бақтардың жалпы ауданы 172 гектар болса, соның 126 гектарына алма ағаштары егілген. Сол қатарда «Алма-Дария» шаруа қожалығының жас алма бағы да бар.
«Қазір біздің бағымызда әртүрлі сортты 1 500-ден астам жас алма ағашы өсіп тұр. Апорттың екі түрі, Золотое превосходное, Талғар кандилі, Восход, Алматы синапы және басқа да алма түрлері бар. Алматыдан жас көшеттер алып келіп, 2013 жылдан отырғыза бастадық. Сондықтан біздің бақты жас деуге болады, өйткені кейбір сорттар отырғызылғаннан кейін 6-8 жылдан соң алғашқы жемісін бере бастайды. Әзірге біз бұл бақтан тек екінші рет қана өнім жинап отырмыз, өйткені өткен жылы ауа райы өнімге қолайсыз болды. Алма сақтайтын арнайы шағын орнымыз бар. Өнім көлемінің артуына қарай Алматы, Талдықорған, Өскемен қалаларында алма сатуды жолға қойсақ деп жоспарлап отырмыз. Қазір бақтың жалпы ауданы – 3,5 гектар», дейді «Алматы-Дария» ШҚ қызметкері Камиля Әкежанова.
Бақтың едәуір бөлігін алманың кеш пісетін сорттары алып жатыр. Өнімнің бір бөлігі қоймада болғанмен, бақшада жиналатын алма әлі де бар. Жалпы, биыл өңірде алма бақтарының шығымы жақсы. Осы жылы алма атаулының атасы Сиверс алма ағашының гүлдеуі бес балдық көрсеткішке жеткен, мұндай жаппай гүлдеу соңғы бірнеше жылда байқалмаған еді.
Бүгінде өңір аумағында «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының 8 әлеуметтік сауда нүктесі, «Смолл», «Магнум» және «Тоймарт» сауда желілері мен азық-түлік дүкендері арқылы келісімшартқа отырған тауарлардың үздіксіз тауарлық интервенциясы жүзеге асырылып жатыр.
Жетісу облысы