Қоғам • 26 Қыркүйек, 2024

Берекелі грант

129 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл наурызда «Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды азаматтық қоғам күштерімен әлеуметтендіру және жұмысқа орналастыру жөніндегі шараларды іске асыру» жобасы бастау алған еді. Бұған үкіметтік емес ұйымдар мен бас­тамашыл топтардың көмегі кәдімгідей кәдеге жарап отыр.

Берекелі грант

Бұл жоба Мәдениет және ақпарат министр­лігінің қаржылық қолдауы аясында Шымкент қаласында, Түркістан, Қарағанды облыстарында қанат­қақты негізде қолға алынды. Мұны «Қорған-М» қоғамдық бірлестігі іске асырып отыр.

Бірлестік менеджері Анна Малютина үш өңірден 39 өтінім түскенін айтады. Соның арқасында Түркістан облысы бойынша – 10, Қарағанды мен Шымкент өңірі бойынша 5 шағын грант бөлінген. Шағын грант құны – 1 млн теңге. Бұл қаржы мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтендіру, жұмыспен қамту ісіне бағыт­талады. Бірлестік жақында Қарағанды облысындағы жеңімпаздарды мара­паттады.

Шағын гранттың игілігі бар. Өңірі­міз­дегі «Өмір сыйла» қайырымдылық қоры – жеңімпаздардың бірі. Қорды құрған Марина Бошель бұл қаражаттың үлкен кө­мек болатынын айтады. Қор екі жылдан бері құрылтайшылардың қолдауының арқасында жұмыс істеп келген. Сондықтан бұл – олардың қол жеткізген алғашқы гранты.

– Қор сүт бездері обырына шалдыққан әйел­дерге көмек береді. Бүгінде 50-ден астам адам бар. Мемлекет ол нау­қастардың бәріне көмектеседі. Бірақ адам емнен кейін әдетте жалғыз қалады. Біз әрқайсысына көмектесіп, қамқорлық, мейірім танытамыз. Науқастарды кәсіпкерлікке, тігінге үйреткіміз келеді, – дейді Марина Бошель.

Жақын күндері Балқаш қаласында жаңа иппотерапия орталығы ашылады. Грантты ұтқан Меруерт Қасымова қаражатын сонда жұмсаймын дейді.

– Менің жеке кәсібім жылқы өсірумен байланысты. Мүмкіндігім бар болған соң, ерекше балаларға бір қайырымдылық жасайын деген ниетпен осындай бастаманы қолға алдым. Бастапқыда 2-3 баланы қабылдап көремін. Иппотерапияның оң әсері жөнінде дерек көп. Грант қаражатына арнайы орын, ер-тоқым алуды жоспарлап отырмын, – дейді грант жеңімпазы.

Жобаға ұсынылған бизнес жоспардың бар­лығының сапалы құралғанын облыс әкімінің мүге­дектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі штат­тан тыс кеңес­шісі Нияз Сүндеталиев айтып отыр.

– Өңірден 9 өтінім түсті. Конкурстық комис­сияның мүшесі ретінде жеңімпазды анықтағанда ұсынылған жұмыстардың маңыз­­дылығына, қажеттілігі мен грант қаражатын тиімді пайдалана білуіне қарадық. Өйткені мұнда үлкен жауап­кер­шілік бар, – дейді ол.

Грант қаражатының тиімді жұм­салуына тиісті бақылау жасалады. Жеңім­паздар әр ай сайын есеп береді. Онымен қоса, бизнес жоспарын төрт ай мерзім ішінде жүзеге асыруы қажет. Мұны қада­ға­лау – ұйымдастырушылардың тікелей мін­деті, жауапкершілігі.

Жергілікті үкіметтік емес ұйымдар мен бастамашыл топтардың көмегімен мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобаға аймақ алдын ала жүргізілген бірқатар әлеуметтік зерттеу негізінде енген. Әуелі мүгедектігі бар адамдардың саны, олар­дың басты мәселелері анықталып, жете зерделенген.

– Ірі мегаполистерде бұл мәселенің шешілуі жақсы, ал шалғай елді мекендерде мүмкіндік мүлде жоқ. Жұмысқа орналасу мәселесіне келсек, жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы қарым-қатынас тіпті дұрыс емес. Жұмыс берушілер ондай адамдарды жұмысқа алғысы келмейді. Сондықтан үкіметтік емес ұйымдарды тарту арқылы осы мәсе­лені қоғамға жеткізгіміз келеді, – дейді бір­лестік басшысы.

 

Қарағанды облысы