Тұлға • 27 Қыркүйек, 2024

Алып

261 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

«Неисчерпаемый»

1975 жыл. Алматыға өз шығармасы бойынша қойыл­ған фильмнің премьерасына Шыңғыс Айтма­тов келе қалды. «Лениншіл жастың» редакторы Сейдах­мет Бердіқұловтың редакцияның әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі Аян Нысаналин арқылы айтып жіберген сәлем-өтініші бойынша, жазушының жан досы, «Көктөбедегі кездесудің» телавторы Қалтай Мұхамеджановтың көмегімен әлемге әйгілі қаламгерден сұхбат алудың («Лениншіл жас», 26.11.1975) сәті түсті.

Алып

Әңгіменің аяқ жағына қарай, кино және жазушы деген негізгі тақырыптағы сұрақтарымды қойып болған соң, бойым үйреніңкіреп, сұхбатқа қатыстырылмайтын жайларға да ауысқым келді. «Аға, біздің әдебиетімізді оқып отырасыз ба? Кімдерді бөліп атай аласыз?» деп қалдым. «Көп қой. Бөліп атап жатқаным қалай шығады? Оның үстіне проза мен киноның байланысы, экранизация мәселелері туралы ғана сөйлесетін болып едік қой», деді құлықсыздау. «Айып етпеңіз, мысалы, Әбіш Кекілбаев туралы пікіріңізді білейін деп едім», дедім бас жоқ, көз жоқ. Жас кезім ғой, мысы да басып барады. Сондағы Шықаңның аузынан ә дегенде шыққан сөз мені сәл тіксінтіп тастады. «Ой, оны айтпа», деді... Сол сәтте маған келгені «Аралары нашар екен ғой, қап, бекер сұраппын» деген ой болды. Есімді жиғанша Шыңғыс аға тағы айтып қалды: «Оны қой» деп... Әп-сәтте түсіп кеткен еңсемді көтеріп, жүзіне қарасам... жазушы жымиыңқырап тұр екен. Бір кезде барып, «Он неисчерпаемый» деді... Білгенде де тіпті жақсы біледі екен. Әбіштің таусылып бітпейтін, телегей-теңіз білімін бөлекше бағалайды екен. Айтматовтың бұл сөзін жақында газетте жарияланған («Egemen Qazaqstan», 21.09.2024) «Дегдар» атты аса мәнді мақаласында Қырымбек Көшер­баев та орынды келтіріпті.

Әбіш Кекілбаевтың қазақ қоғамындағы алар орнын оның жазушылығымен де, тарихшылығы­мен де, ойшылдығымен де, саясаткерлігімен де, қайрат­­керлігі­мен де толық жеткізіп айта алмаймыз. Қаламгер туындылары жалпыадамзаттық мәселелерді әлемдік өреде қарастыратындығымен, ой тереңдігінің, көркемдік кестенің, тіл өрнегінің классикалық үлгісін көрсетуімен, қай жанрға сал­ғанда да өрен жүйрік шығатындығымен, әрі көп, әрі дөп жазуға болатындығын дәлелдеуімен тәнті етеді. Бір бойында жазушының, ақынның, драма­тургтің, аудармашының, мемлекеттік қайрат­кер­дің, саясаттанушының, тарихшының, философ­тың, мәдениеттанушының, өнертанушының, әлеу­мет­танушының, публицистің, журналистің, шешеннің таланты тамаша тоғысқан, соның бәр-бәрін далалық данышпандықтың қайнарынан суарған Әбіш Кекіл­баевтың шын мәнінде феномен құбылысқа жататыны қазірдің өзінде талас тудырмайды.

Әбіштің халықтың рухына еткен еңбегі – дау­сыз ұлы еңбек. Кекілбаев кеңістігіндегі аса бай мұра руханият ауқымына да сыймайды. Әбіштің дара ақылы бізге өтпелі кезеңде көп көмектескенін, Әбіштің сара сөзі алабұртқан халықтың санасын сабасына түсіруге септескенін, туған тілдің тағдыры таразыға түсіп, тар кезеңге тірелген шақта депутат болмаса да сөз сұрап, Парламент мінберіне көтеріліп, ақырып теңдік сұрағанын, Кекілбаевтың сол сөзінен кейін қазақ тіліне дербес мемлекеттік мәртебе беру дауысқа қайта қойылғанын, тарихи мәні бар мәселе осындай ой қуатының, азаматтық ерліктің арқасында шешілгенін біз еш уақытта ұмытпауға тиіспіз.

Шүкір, уақыт деген дана бірте-бірте бәрін орын-ор­нына қояды екен. Ұлы Абайды арманда қалды­рып кеткен Әбдірахман-Әбіш жарты ғасырдай уақыт­тан кейін қазақ даласының басқа бір қиырында, Маңғыстаудың төрінде қайта туғандай болғанын, ұлы Әуезовтің жалғасындай, бәрімізді байыта туғандай болғанын ұғынып үлгергендейміз. Оның дәлелі – Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығының аса айрықша аталуы. Сол тұста берген бір сұхбатымызда («Маңғыстау», 10.01.2020): «Жалпы, осы тойдың мұндай биік деңгейде өтуі Мемлекет басшысының арқасы. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі іс-шараларға тікелей қатысты, бастан-аяқ бәрін қадағалап отырды. Әбден жеріне жеткізді», дегеніміз бар. Енді осының жай-жапсарын айта кетейік.

 

Президент пәрмені

2018 жылдың күзінде Әбіш ағаның жұбайы Клара апай мені үйіне шақырған. «Әбіш Қырымбек екеуіңді екі інісіндей көруші еді ғой. Сендерге сенемін. Өзің не әрекет ете аласың?» деп біраз салмақ сала сөйлеген. Әуелдегі ойым Мәжілістің кеңейтілген отырысына дәстүрлі депутаттық сауал дайындап, Үкіметтің назарын Әбіш Кекілбаевтың туғанына 80 жыл толуына байланысты атқарылуға тиіс шараларға аударту еді. Бір-екі күн ойланып жүріп, одан бас тарттым. Сауалдың салалық министрлікке жіберіліп, олардың ойластырып жатқан істері баяндалған хатының негізінде жауап қайтарылатыны белгілі еді. Басқаша, төтендеу қимылдау қажет сияқты. Ақыры Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа баруды ұйғардым. Ол тоқтамға келуіме Әбіш ағаның Сенат депутаты бол­ғандығы ғана қозғау салған жоқ еді. Қасым-Жомарт Кемелұлымен ниеттестігіміз бар. «Егемен Қазақ­станның» басшысы кезімде Сенат Төрағасының шетелдік сапарларына бірнеше рет қосылғанмын. Сондай сапарлардың бірінде: «Сыртқы саясаттың жайын көп қозғап жүрсіз. Солардың басын қосып, жеке кітап етіп шығарсаңыз болады ғой» деген. Құрастырған қолжазбама алғысөз жазып та берді. Кейіннен ол кітап 2010 жылы «Қашаған құрықтаған Қазақстан» деген атпен жарық көрді. Жазушының ұлы. Ірі интеллектуал. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары болған аса көрнекті сая­саткер. Өзінің де көптеген кітаптары бар. Әбіш ағамен аралас-құралас, сыйлас болғанын жақсы білемін. Әбекең де жиі айтатын. Сырбаз қалпын, ішкі мәдениетін, білімділігін ерекше бағалайтын.

Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әке туралы ­­ой-толғау» кітабында (Алматы, «Жібек жолы», 2018) ­­Әбіш Кекілбаевқа жүрекжарды сөздер арналған. Президент әкесі – қазақтың көрнекті қаламгері, төл әдебиетіміздегі детектив жанрының ізашары Кемел Тоқаев туралы айта келіп, былай дейді: «Оның Әбіш Кекілбаевқа деген көзқарасы ерекше еді. Әкей оның шығармаларын тарихи ауқымдылығы және философиялық тереңдігі үшін жоғары бағалайтын. Бұл жазушы гуманитария саласында энциклопедиялық білімге ие және оларды өз шығармаларында ұтымды пайдалана біледі деп ылғи айтып отыратын. Әбіш Кекілбаевты бақытты жазушылық тағдыр күтіп тұр, ол қазақ әдебиетінің классигі болып танылады деуші еді.

Арада біраз жыл өткенде маған Әбіш Кекіл­баев­­ты жерлеуге қатысты мемлекеттік комиссияны басқаруға тура келді. Марқұмды ақтық сапарға шыға­рып салардағы қаралы жиында мен қазақ әдебиетінің клас­сигімен, ұлттық интеллигенцияның көрнекті өкілі­мен қоштасып тұрғанымызды баса айттым».

Енді бір тұста жазушы жайындағы ойын әрі қарай тарқата түскен.

«80-жылдардың соңында Жазушылар одағының екінші хатшысы Әбіш Кекілбаев болды. Әкем Ә.Кекілбаевтың тарлан таланты оның есімін уақыт өте келе қазақ әдебиеті алыптарының қатарына жеткізеді деп санайтын. Ә.Кекілбаев туындыларынан қазақ ұлтының өр рухы сезіліп тұрады деп жиі айтушы еді. Сонымен қатар жазушының қарапайымдылығы мен қайырымдылығын да жоғары бағалады. Уақыт әкейдің «болжамының» шындыққа ұласқанын дәлелдеді. Ә.Кекілбаев қазақ әдебиетінің көрнекті өкіліне айналды, саяси сабырлығы мен шебер мәмілегерлік қасиеттері арқасында күрделі жағдайларда көптеген жыл бойы тәуелсіз Қазақстанда жоғары лауазымды мемлекеттік қызметтерді абыроймен атқарды. Ол Жоғарғы Кеңестің Төрағасы, Мемлекеттік хатшы болды, Мемлекеттік кеңесші қызметінде биіктен көрінді. Өмірдің соңына дейін Әбекең қоғамымыздың шынайы ілтипатына бөленіп өткен айтулы тұлға болды. Екеуміз Қазақстан Парламенті Сенатында бірге қызмет істедік. Ол депутат ретінде де, өзекті деген тақырыптарға қалам сілтей отырып, жазушы, публицист ретінде де көп еңбектенді.

Әбіш Кекілбаевтың әкемізге деген құрметін біздің жанұя ол кісі қайтыс болған күндері айқын аңғардық. Үйге арнайы көңіл айтуға келгенде әкемізді өзінің «қаламдас үлкен ағасы» ретінде сыйлайтынын шын пейілімен білдірді».

Қасым-Жомарт Кемелұлы ықыласты көңілмен қабылдады. Барлық жағдайды баян еттім. Көп ұзатпай Клара апаймен осы мәселе бойынша арнайы сөйлесті, тиісті орындарға нақты-нақты тапсырма берді. Сол-ақ екен, жұмыс жаңаша жүріп, жанданып кетті. Сенат төрағасы 2018 жылғы ­6 желтоқсанда – Әбіш ағаның туған күнінде Ұлттық академиялық кітапханада қаламгер атындағы оқу залының ашылуына қатысып, сөз сөйледі. «Әбіш Кекілбаевтың әдеби әлемі шексіз дүние, көпқырлы, мағыналы мұра. Білімінің көкжиегі шексіз, бірегей тұлға, әрі жазушы, әрі әдебиеттанушы, ғалым, тарихшы, ойшыл, философ қана емес, мемлекетіміздің дамуына елеулі еңбек сіңірген көрнекті мемлекет қайраткері. Бұл – ұлы жазушылардың арасында өте сирек кездесетін құбылыс» деп ерекше айтты. «Жаңа жылдан бастап бұл жұмысқа кірісуіміз керек. Үкімет, тиісті әкімдіктер қажетті жоспарларды дайындап, тиісті іс-шараларды қолға алады деп ойлаймын. Бұл бүкіл халыққа керек маңызды жұмыс», деді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланғаннан кейін өңірлерге алғашқы сапарларының бірінде Маңғыстау облысына барды, Ақтауда сөйлеген сөзінде де жазушы тойының өзіне лайықты деңгейде өтетінін қадап айтты. Әбіш Кекілбаевты «қазақтың абызы» атады. Біздің кітабымыздың аты сол сөзден шығарылған.

Президент жазушының Маңғыстаудағы 80 жыл­дық тойына арнайы барды, қаламгердің ескерткішін де, қаламгер атын иеленген облыстық музейді де өз қолымен ашты, жазушы жерлестерінің алдында ақтарыла сөз сөйледі.

Әбіш тойы халқымыздың рухани өскендігін келісті көрсетті. Халқымыздың асылдарды ардақтай алатын, жақсының бағасын білетін, ұлыларды ұлықтайтын елдік деңгейге көтерілгенін дәлелдеді.

 

Үйренетін үздік үлгі

Ақселеу Сейдімбек кезінде («Біртуар», «Тұмар», 2009, №3): «Өз басым Әбіштей біртуар тұлғамен бір кезде ғұмыр кешіп, қатар жер басып жүргенімді тағдырдың сыйы деп білемін», деп айшықты айтқан еді. Ал осы жолдардың авторына Әбіш Кекілбаевпен замандас болу бақыты ғана бұйырған жоқ. Тұтас қырық жыл бойы інісі, пікірлесі, ниеттесі, әріптесі болу бақыты да бұйырды. Бірге жұмыс істеген кезім де бар, қарамағында жұмыс істеген кезім де бар. Одан кейін де ұдайы араласып-құраласып жүрдік. Қуанышта да, қайғыда да Әбіш ағамның жанынан табылдым, ондайда ағам да менің жанымнан табылды.

Алпысқа толып, елге барғанымызда мерейтой қонақ­тарын Әбіш ағам бастап жүрген. Фариза Оңғар­сынова, Сәбит Оразбаев, Сейіт Қасқабасов, ең жақын дос­тарым жанымда болып еді. Сол күндер қазір бір көрген түс сияқты. Өң дейін десең, өзің де сене ал­майсың. Түс дейін десең, сол күндер фотода да қалған, бейнетаспада да қалған. Әйтеуір, сол күндер менің мына жарық жалғандағы ең бақытты күндерімнің бірі екені күмәнсіз. Оны да маған бірауыз шақыруымды қабыл алып, Әбіш ағам сыйлаған болатын.

Облыстық театрдағы марапат кешінде әзіл-шынымды араластырып, шамамен былай деген едім: «Осында сөйлеген кісілер мені өмірден өз жолын дұрыс таба білген деп жатыр. Көңілдеріңізге рақмет. Адалын айтсам, мұның бәрі Әбіш ағамның арқасы... Қалай дейсіздер ғой? Былай. Университеттің бесінші курсында мемлекеттік кинокомитетке жұмысқа шақырылдым. Бірер күн екіойлы жүрдім. Журналистиканы оқып, өз кәсібімнен бас тартып, басқа салаға ауысқаным қалай болады? Сонда ойыма «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы Әбіш Кекілбаев екені түсті. «Әбіш Кекілбаев кинода жүрсе, демек, бұл ұсыныс дұрыс болғалы тұр ғой, ондай кісі ненің не екенін біледі ғой», деп ойладым. Бір жылдан кейін «Социалистік Қазақстанға» шақырылдым. Енді «Әбіш Кекілбаев қаламгерлік жолын газеттің редакциясынан бастап еді ғой, демек, бұл ұсыныс дұрыс болғалы тұр ғой», деп ойладым. Редакцияда он екі жыл жұмыс істегеннен кейін партияның Орталық комитетіне шақырылдым. Енді «Әбіш ағам ЦК-да он жыл отырып еді ғой...» деген ой келді. Орталық комитеттің аппаратында, Президент Әкімшілігінде сегіз жыл жұмыс істеп, Мәдениет министрінің бірінші орынбасарлығына шақырылдым. Енді «Ол қызметті Әбіш ағам атқарып еді ғой, оның үстіне дәл сол кабинетте отырады екенмін» деген ой келді. Біраз жылдан кейін «Егемен Қазақстанды» басқаруға ұсыныс жасалды. Енді «Ол газетті Әбіш ағам басқарып еді ғой» деген ой келді... Көріп отырсыздар ғой, осылардың ешқайсысын да мен өзімнің ақылым асқандықтан жасаған жоқпын, менің бар білерім – бәрін Әбіш ағам білетінін білгендігім ғана...». Театрдағы жұрт­­шылық күліп, қошеметтеп жатыр. Кейіннен Пар­ламент депутаттығына түсу жөнінде ұсыныс жасалды. Сонда маған «Әбіш ағам Парламентке депутат болып еді ғой...» деген ой келді... Маған осының бәрі тектен тек қиюласпағандай көрінеді. Қайткенде де ес білгелі Әбіш ағаны қаламгер ретінде де, қайраткер ретінде де, адам ретінде де алдыма ұстап, үйренерлік үлгі тұтып келгенім анық. Үлгі тұтып өтетінім де анық.

Үлгі үйренем дегенге Әбіш Кекілбаев – өзгеше өнеге.

2003 жылы, ол кезде Ақпарат министрі едім, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында 100 томдық «Әлем әдебиеті» сериясын жасақтауға кірісетін болдық. Әбіш ағамен ақылдасып, алдынан өтіп алайық деп, министрліктегі департамент директоры, жазушы Әлібек Асқаров екеуміз үйіне бардық. Сонда Әбекең айналасы үш сағаттың ішінде (Клара апайдың біз барысымен қазанға салған еті былқып пісіп болғанша) адамның аузынан көркем сөз шыққалы бергі ежелгі замандардан бүгінгі күнге дейінгі әдебиеттің бар асылын ағыл-тегіл ақтарып өтті. Қай заманда, қай қоғамда қандай тізгінүзді туындылар дүниеге келді, олардың қайсысының қымбат қасиеті қандай, 100 томдық тізімге кіргізуге кімдердің нендей шығармалары лайықты, олардың қайсылары бұған дейін аударылған, аударылса қалай аударылған, қайсылары аударуға лайықты, аудармашылыққа, бұрын аударылған дүниелердің арнаулы редакторлығына кімдер лайықты деген сияқты қат-қабат мәселелердің бәрін дәуірі, ағымдары, жанрлары, авторлары, елдері бойынша жіпке тізіп, айтып шықты. «Бунинді бөліп-жармай, Қалиханға тұтас беру керек. «Соғыс және бейбітшілікті» Төлен, «Тынық Донды» Дулат үстінен қайта қарағаны жөн, солардың оң жамбасына келеді» деген сияқты нақтылап та көр­сетті, әлемдегі былайғы жұрт аса жоғары бағалап, тіпті Нобель­ді берсе де қазақ оқырманының дүниетанымы, ділі қа­былдай қоймайтын кітаптарды аударудан бас тарту­ды да ұсынды. Мұнан соң басқа да жазушыларға сауал салып, әркімнің өзінше 100 томдық әлем әде­биетінің тізімін жасап шығуын сұрадық, сол бойынша кәдімгі бір рейтинг белгілеп, түпкілікті шешім бекіт­тік. Кейіннен сараптап қарасақ, сол 100 томға Әбекең атаған туындылардың тоқсаннан астамы кірген екен. Демек, ағамыз бүкіл әлем әдебиетін жаңғақтай шағады. Адамзат ардақтайтын көркем шығармалардың бәрін оқыған. Бәрін тоқыған. Өзегінен өткізген. Егер біз сол серияны 200 томдық етіп белгілеп, Әбекеңнен 200 шығарма саралап беруге көмек сұрасақ та, нәтижесі шамамен солай боларына күмәнданбаймын. Тіпті бар ғой, мысалы, «Әлемнің үздік 100 тарих­шысы» деген серия ойластырыла қалып, солардың 100 кітабын іріктеп алу керек болса, Әбекең ол тізімді де ауызша-ақ түзіп шығатынына шәк келтірмес едім.

 

Бір түнде туған трактат

Замандастары айтатын төрт қасиеті – дарын қуаты, ұшан-теңіз білімі, тынымсыз ізденісі, алапат жұмыс қабілеті біз өзіміз көре қалған Кекілбаев феноменін дүниеге алып келді. Ең алғаш таңырқағаным еске түсіп отыр. 1975-1980 жылдары «Социалистік Қазақстанның» әдебиет және өнер бөлімінде жұмыс істедім. Бөлім меңгерушісі – Ақселеу Сейдімбек. Кеңшілік Мырзабеков екеуміз – әдеби қызметшілерміз. Бір күні Ақселеу Толстойдың 150 жылдығына орай мақалаға кімге тапсырыс берген жөн болатындығы жөнінде ақылдасты. «Ақа, Толстой туралы сөзді ешкім Әбіштен артық айта алмайды», дедім. Кеңшілік мені қолдады. Сол арада-ақ Ақселеу телефон тұтқасын көтеріп, Әбекеңмен сөйлесті. Ол кісі бірден-ақ келісті. Бұл шамамен сағат 3 немесе 4-тің маңайы болар. Ертеңінде түстен кейін Әбекең телефондайды: «Ақселеу маған бір мақалаға тапсырыс беріп еді, соны жазғанмын, сендерде тергізу оңай ғой, алып кете аласың ба?» деп... Әбіш аға ол кезде Орталық комитетте көркем әдебиет секторының меңгерушісі. Бір тәулікке жеткізбей жазып тастапты. Газеттің бір бетіне лайықталған мақаланы. Толстой туралы мақаланы! Және қандай мақала десеңізші! Трактат кәдімгі. Бір түнде туған трактат. Кейін осыны Ақселеу талай жерде таңдай қаға айтумен жүрді.

Табиғат сыйлаған дара дарынына бойына топырақтан қалың жұққан азаматтық мәрттік пен рухани сахилықты, өзгенің табысына тек қуанатын кеңпейілдікті, адамдық болмысының ең басты сипа­ты деуге болатын жанқиярлық жанашырлықты, елдіктің қай ісін де мойынға таңылған қамыт деп емес, өмірдің әлеуметтік мәні деп білетін азаматтық жауапкершілікті, кемеліне келген ұлттық сананы, терең білімпаздықты, қоғамдық белсенділікті, оқығанын, тоқығанын ұмытпайтын ғажайып жадын, өнері кісілігіне, кісілігі өнеріне сай сарабдал сырбаздықты қоссаңыз, Кекілбаев кемеңгерлігінің сыры ашыла түседі. Бұған ол өмір сүрген жиырмасыншы ғасырдың оқиғалар қақтығысына да, ойлардың шарпысуына да толы, ағы мен қарасы, жақсысы мен жаманы қойындасып кеткен, адамзат тарихындағы аса бір күрделі ғасыр болғанын, сол ғасырдағы идеалдар мен идеялардың керемет кескілестері оның жанын жаралап баққанын, тұлғасын даралап та, саралап та шығарғанын, ең бастысы – жасы елуге жаңа келіп, ақылы мен дарыны әбден шаршысына толған шағында туған елі Тәуелсіздік алып, өзіне де, сөзіне де қоғамдық сұраныс пайда болғанын қоссаңыз, жазушыдан, сыншыдан, ақыннан, драматургтен, публицистен көрнекті мемлекет қайраткері, саңлақ саясаткер шығуының себебі айқындала түседі.

Сайын Назарбекұлының «Менің Әбішім» деген тамаша кітабынан оның бала күніндегі көрмеген жұрт сенбейтіндей қасиеттерінің, іс-әрекеттерінің талайын оқимыз. «Сабырлылығы, кісі көңілін жық­пайтын кішіпейілдігі, қанағат сезімінің молдығы, кісі жанының ішкі құбылыстарын түсінгіштігі, ал, меніңше, осы мінез-қасиеттерінің ішінде оның сүртілмес жады тым ерекше», дейді мектептес дос. «Сүртілмес жады»... Әбіштің жады тумысынан ерекше болғанына ауылдастарының, мектептестерінің бәрі де куәлік ете алады. Шынында да, бала Әбіштің алабөтен зеректігіне таңғалмау қиын. Мысалы, алтыншы класс баласының Маңғыстаудың мұнайын зерттеуші экспедицияға жол көрсетуші болып, әр жаз сайын екі ай бойы жүруіне, солармен сөйлесе-сөйлесе, солардың алып келген кітаптарын оқи-оқи орысшасын әбден ұстартып алғанына, тіпті бара-бара ауыл мектебі шәкіртінің Мәскеудің газеттеріне жаза бастағанына не дер едіңіз? Немесе сол алтыншы класта Кеңес Одағының Батыры, әйгілі «Қазақ солдатының» кейіпкері Қайырғали Смағұловпен кездесу ұйымдастырып, жиналған жұрттың алдында бір жапырақ қағаз ұстамай, қолын оңды-солды сермеп қойып, ағыла сөйлеп тұрғанына не дер едіңіз? Мектепте жүргенінде баласы қайтыс болған ананың қолында билеті бола тұра ұшақтан қалдырылып, орнына ұшқыштың танысы мінгеніне назаланып, «Комсомольская правда» газетіне ашына хат жазуына, қаралы анадан кешірім сұрауын талап етуіне, сол бо­йынша ұшқыш кешірім сұрап, облыстық әуе тобының басшылығы оны осы әдепсіздігі үшін ұшу құқынан бір жылға айырғанына не дер едіңіз? Сегізінші класс баласының өзі оқыған орысша романның қазақша бір повестен аумайтынын анықтап, екі шығарманы бет-бетімен, сөйлем-сөйлемімен салыстырып, әшкерелеуші мақала жазуына, онысын «Лениншіл жасқа» шығарып, әдеби ортада әбден шулыған жасағанына не дер едіңіз? Қатарынан озған ондай қабілеттері университетке түскен бетінде одан са­йын ашылып, үшінші курс­та жүргенінде Мұхтар Әуезовтен сұхбат алғанын, жазушының Әбіш басқаратын әдеби бірлестікке келіп, «Жыл келгендей жаңалық сеземіз» деп аталған әйгілі сөзін айтуға себепкер болғанын, қаламгерлердің басқа бір жиынында суырыла сөй­леп, онысына ұлы Әуезовтің орнынан тұрып қол соқ­қанын кезінде бүкіл Алматының зиялы қауымы ауыздан-ауызға таратып әкеткен.

Не айтары бар, Әбіш туралы әңгіме таусылмайды. Тізгінді амалсыз тарта тұрайық та, қаламгер тойына жасай алған төл тартуымызды жеткізумен сөзімізді түйіндейік.

Жазушының 80 жылдығына біз «Абыз Әбіш» атты кітап шығарған едік. 85 жылдығына Мәскеудің атақты «Художественная литература» баспасынан «Корифей» кітабын шығарып жатырмыз. Сөздің ыңғайы келіп тұрғанда басылымға демеуші болған қазақстандық-ресейлік «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС бірлескен кәсіпорнының бас директоры Андрей Решетневке алғыс айтып алуды, сонымен бірге мақалаға қосып кітап мұқабасының суретін жария­лауды артық көрмедік. Баспаның басшысы, қазақ әдебиетінің үлкен досы Георгий Пряхин бізге жазған хатын: «Повторяю, вещь серьёзная, фундаментальная, ты действительно окончательно «легализуешь» Абеке в положении национального, и не только нацио­нального, корифея» деп бітіріпті. Яғни сөз қадірін білетін жұрт Әбіш Кекілбаевтың әрі ұлттық әрі әлемдік алып екенін қазірден-ақ айтып жатыр.

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,

филология ғылымдарының докторы