Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Fishbowl-пікірталасқа Астана қаласы мәслихатының депутаттары, туристік саласының сарапшылары, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен қоғам қайраткерлері қатарынан 60-қа жуық адам қатысты.
Алқалы басқосу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауындағы негізгі басымдықтарды ескере отырып, туризм саласын тұрақты дамыту мәселелеріне арналды. «Атамекен» ҰКП қолдауымен, Еуразиялық туризм қауымдастығы, Астана қалалық туризмді дамыту орталығы бірлесе ұйымдастырған іс-шарада отандық туристік инфрақұрылымдарды жақсарту, инвестиция тарту жайы кеңінен сөз болды.
Президент іс басқармасы Президент орталығының директоры Бақытжан Темірболат құттықтау сөзінде туризм әлемдік экономиканың серпінді дамып келе жатқан салаларының бірі екенін, оның өсу қарқыны басқа салалардан екі есе жылдам екенін мәлім етті.
«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің туристік әлеуетін дамытудың стратегиялық маңызын айтты. Әсіресе туризмді дамыту қоршаған ортаны қорғаумен, мәдени мұрамызды сақтаумен қатар жүруі керектігін ескертті. Қазір туризм саласына құйылған инвестиция былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе артып, 390 миллиард теңгеден асты. Туризм және спорт министрлігі арқылы жалпы құны шамамен 400 млрд теңгеге 61 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр», деді Б.Темірболат.
«Ішкі туризмді ілгерілетуде осы бағыттағы мақсатты, жүйелі жұмыстарды, бекітілген бағдарламаларды уақытылы орындау керек, басымдықты еліміздің болашағы – жастар мен балалар саяхатына беру керек», дейді Президент орталығында өткен пікірталасқа қатысқан мамандардың дені. Олардың айтуынша, елдегі туризмді ілгерілетпес бұрын шетелден, басқа өңірлерден келген қонақтар жиі баратын орындардың қызмет көрсету сапасын дамыту, көрікті жерлердегі құнды жәдігердің бүлінбеуін қатаң бақылауда ұстау қажет.
Еуразиялық туризм қауымдастығының президенті Рысты Қарабаева Дүниежүзілік туристік ұйымының, Дүниежүзілік саяхат және туризм жөніндегі кеңестің, Euromonitor International, басқа да ірі халықаралық ұйымдардың зерттеулеріне негізделген біраз жайларға тоқталды. Әсіресе, балалар саяхаты жөнінде жан-жақты әңгімеледі.
«Биыл Астанаға әртүрлі өңірден мыңнан астам бала келді. Олар қаладағы музейлерді, қызықты жерлерді аралады. Бала жастайынан өз елінің жақсы тұсын көріп өссе, ол оны мақтан тұтады. Сондықтан елде балалардың саяхаттауына жеңілдіктер жасалуы, қарастырылуы керек», деді Р.Қарабаева.
«Атамекен» ҰКП Туризм индустриясы комитетінің басшысы Юлия Якупбаеваның айтуынша, еліміздің бірегей табиғи аумақтары мен туристерді тартатын мәдени-тарихи орындарына ерекше күтім қажет.
«Тұрақты туризм – экономикалық өсуді, қоршаған ортаны қорғауды мен әлеуметтік-мәдени байланыстарды нығайтуды үйлестіруге мүмкіндік беретін стратегиялық даму жолы. Тұрақты туризм қағидаттарын енгізу әлемдік саяхаттаушыларды тартуға, инвесторлардың назарын аударуға серпін беретіні сөзсіз», деді Ю.Якупбаева.
Ашық пікірталас алаңында отандық туризм саласындағы өзекті мәселелердің бірі – цифрлы технологияларды тиімді пайдалана отырып, саяхаттаушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған ұсыныстар айтылды. Астана қалалық туризмді дамыту орталығының басшысы Әйгерім Есеналиева халықаралық туризмді дамытуға, оның ұлттық экономиканы өркендетуге, халықтың көп бөлігін жұмыспен қамтуға қосқан үлесі, сондай-ақ отандық туризмге инвестициялар тарту құралдары туралы мәселе көтерді.
Ә.Есеналиеваның айтуынша, «еQonaq» жүйесіне қыркүйек айында Астанаға 12 400-ге жуық шетелдік турист келген. Олардың жатын орынға, көлікке, тамақтануға, ойын-сауыққа жұмсаған жалпы шығыны 15,5 млн АҚШ долларын немесе 7,5 млрд теңгені құраған. Алыс шетелден келген туристердің орташа шығыны 1 500 доллардың шамасында. Шетелдік туристер санының көбеюіне ықпал еткен негізгі факторлар – Дүниежүзілік көшпелілер ойынының өтуі мен танымал әнші Димаш Құдайбергеннің концерті. Осы екі шараны қызықтап келушілер ел экономикасына қосымша 625 мың доллар қосқан. Елорданың танымал туристік нысандарына 7-13 қыркүйек аралығында келушілер саны артқан. Ұлттық музей 14 мыңнан астам адамды қабылдап, «Астана-Бәйтерек» монументіне 15 мыңға жуық турист, ал «Нұр-Әлем» павильонына 10 мыңға жуық адам келген.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, елімізге келетін шетелдік туристердің географиясы жыл сайын кеңейіп келеді. Мысалы, жақын көршілерден бөлек, елімізге мұхиттың арғы бетіндегі мемлекеттерден де саяхатшылар келе бастаған. Шекаралас Ресей мен Қытайды айтпағанда, Үндістан (53 695 адам), Түркия (30 312), АҚШ (19 597) елдері үздік бестіктің қатарына кірген.
«Елімізге Үндістан, Түркия, АҚШ сияқты алпауыт елдерден келетін туристер санының артуы еліміздің әлемдік туристік картада жыл өткен сайын тартымды бағытқа айналып келе жатқанын көрсетеді. Біз туристік инфрақұрылымды дамытуды, әлемнің түкпір-түкпірінен келген саяхатшыларға қолайлы жағдай жасау шараларын жалғастырамыз», дейді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.
«Бүгінгі кездесу елдегі тұрақты туризмді дамытудың келешегін талқылауға арналған бірегей алаңға айналып отыр. Ол еліміздің туристік саласын жетілдіруге бағытталған Президенттің Іс басқармасы мен БҰҰ жанындағы Дүниежүзілік туристік ұйым (UNWTO) арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою аясында ерекше өзектілікке ие болды», дейді ұйымдастырушылар.
Жиын барысында сарапшылардың дені жолдарды жөндеп, инфрақұрылымды дамытар болсақ, елімізге келетін туристердің саны еселеп артатынын алға тартты. Тарихи орындарымызды, тұмса табиғатымызды танытып, дұрыс насихаттай білсек, табысы мол саладан біздің де үлес алатынымыздан үміт мол екенін жарыса айтты.
Әрине, бұған дейінгі қыруар қаржы жұмсалған мемлекеттік жобалардың жемісі деп толық айтуға келмес, дегенмен, салада баяу болса да даму байқалады. Бұған елімізде өтіп жатқан әртүрлі іскерлік, мәдени, спорттық жиындардың әсері мол. Алайда тозған жолдар мен кейбір қолайсыздықтар саяхаттаушыларға еліміздің көрікті жерлерін көруге деген құлшынысына кедергі болып отырған жоқ. Мысалы, әлемде инфрақұрылымдық дамуы, жалпы өркениеті бізден едәуір төмен елдерде туризмнің ерекше дамығанын байқаймыз. Алысқа бармай-ақ, бір Моңғолияны алып қараңыз. Қай мезгілде бара қалсаңыз да турист арылмайды. Ондағы жолдың жағдайы, тағы басқасын біздегі жағдаймен салыстыруға да келмейді. Сонда ол елге туристерді магнитше тартып тұрған не? Біздіңше, осы тұрғыда мамандардың мәселені басқа жақтан да қарап көргені дұрыс шығар.
Қазір әлемде кірісінің 90 пайыздан көбін осы саладан түскен қаражат қалыптастыратын елдер жетерлік. Ондай қосымша кіріс көзі боларлық әлеует бізде де мол, тек соны тиімді пайдаланып, дұрыс жолға қоя білсек игі.