Қарағанды облысының әкімдігі, сол өңірдегі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған экспедиция мақсаты Алтын Орданың тарихи, мәдени мұрасын насихаттау, сол заманнан қалған ескерткіштерді дәріптеп, жас ұрпақты рухани және материалдық мәдениетке баулу, ел музейлері арасында мәдени байланыстар орнату болып отыр. Осыдан да оның құрамына ғалымдар мен журналистер, Ұлттық музей мамандары, Жамбыл, Атырау, Қарағанды облыстарынан тарихи-өлкетану музейлерінің қызметкерлері, өлкетанушылар мен сол заман бейнесін қағазға түсіретін суретшілер де енгізілген.
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаев ел тарихының тым тереңде жатқанын әйгілейтін іс-шара аясында жолға шыққан әріптестеріне сәттілік тілеп, экспедиция маршрутымен таныстырып өтті. Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Ержан Нұрмағамбетов Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жұмыстар шеңберінде Жошы ұлысының тарихымен байланысты археологиялық, архитектуралық, мемориалдық нысандардың қазіргі жай-күйіне мониторинг жүргізіп, туристік бағытты арттыру бойынша ұсыныстар әзірленетінін атап өтті. Танымдық-ақпараттық дүниелер дайындаумен қатар, алда халықаралық экспедиция ұйымдастыру да жоспарда бар.
Экспедиция құрамындағы ғалымдардың бірі, археолог Сырым Есен Жошы ұлысында қала мен дала байланысының күшейгенін айтады. Осының нәтижесінде Ұлы дала төсінде жүздеген керуен жол тартты. Шығыс пен Батысты экономикалық тұрғыда байланыстырған талай-талай шаһарлар мен мазарлар қалды. Оның бәрі бүгінге сол кезеңнен сыр шертетін ескерткіш ретінде жетіп отыр.
«Тілін» тапсаң, бұл ескерткіштер сол замандағы қоғамдық-саяси оқиғалар, қоршаған орта туралы қисапсыз дерек береді. Біздің мақсат та осы. Мұраларды насихаттау, туристік нысанға айналдыру жағына баса мән беруіміз керек. Бұл бағытта біраз жұмыс атқарылды. Алда осы облыс аумағындағы Сығанақ пен Қышқаланы өткен тарихты танығысы келген жұрт баратын орынға айналдырса деген тілек бар. Бұл тарапта тарихшылардан бөлек жергілікті билік өкілдерінің де мәселеге сергек қарап, салғырттық танытпағаны керек», дейді ғалым.
Кездесуде тарих ғылымдарының докторы, белгілі археолог Мадияр Елеуов тарихтағы орны мен маңызы ғылыми түрде дәлелденген орындарды Қытай музейіне айналдыру турасында пікір айтты. Экспедиция өз жұмысы нәтижесінде көне қалалар орнына археологиялық қазба жүргізу турасында ұсыныс берсе деген ойын жеткізді.
Кездесуден кейін экспедиция облыстағы тарихи-мәдени мұралар тізіміне енген ортағасырлық сәулет өнерінің жарқын үлгісі Қышқала шаһарында болды. XIII-ХV ғасырлар аралығында өмір сүрген қала орнына 2018 жылы тарих ғылымдарының докторы Мадияр Елеуовтің жетекшілігімен археологиялық зерттеу жүргізілген. Қызылорда өңіріндегі сапарын Қорқыт ата кешенінде түйіндеген топ Ақтөбе қаласына аттанып кетті.
Алда «Талас – Ұлытау – Сарайшық» республикалық тарихи-этнографиялық экспедициясы нәтижесінде ақпараттық фотоальбом дайындап, деректі фильм түсіру, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау облыстарында тақырыптық көрмелер ұйымдастыру, Астана қаласында дөңгелек үстел өткізу жоспарланып отыр.
Қызылорда