Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
96 жастағы Раиса Оразалықызы Жандосовамен кездесу барысында, өңешімізге өксік тығылып, бойымызды өкініш сезімі биледі.
Апамыз әлі де тың, күні бүгінге дейін өзі жазып, оқи алады. Адам айтса нанғысыз, сол кездегі жазалау тәсілдері Жандосовтарды да шарпыған екен. Жандосовтар әулетінің әкесі – Қиқым ата. Шешесі – Дәрмен ана алты құрсақ көтерген. Ұлдары – Ораз, Оразтай, Оразалы, Мүсірәлі, екі қыз – Бану мен Меруана.
Раиса апамыздың айтуынша, әкесі Оразалы Жандосов 1904 жылы дүниеге келген. Шаруаға бейім, тиянақты болып өседі. Мәскеудегі геологиялық барлау институтына оқуға түсіп 1933 жылы жоғары деңгейде бітіріп шығады. Қаскелең тауынан, Бричмулла деген жер мен Текеліден қорғасын қорын табады.
1935 жылы Текеліден кен орны ашылғанда, Оразалы Жандосов директор болып тағайындалады. Ол Текеліде басшылық қызметте көп отырмайды, себебі ұлттық мүддені ойлаған азаматтар «халық жауы» ретінде сотталып, алдыңғылары ату жазасына кесіліп жатқан кез еді.
Раиса апай: «Әкем Оразалының ұсталуы Ораз көкемнің қасында көп жүргендігі, бірді-екілі жерде сөйлеген сөздерінен болар», деп терең күрсінді әңгіме арасында.
Расында Оразалының ұсталуы Ораз Жандосовтың түрмеге жабылуымен сәйкес келеді. Жандосов болғаны үшін Оразалы түрмеге жабылса, бауыры Оразтай Жандосовты жұмыстан шеттетіп, соғысқа алып кетеді. Ал Мүсірәлі Жандосов он жыл түрмеге қамалады.
Оразалыны 1 шілде күні НКВД қызметкерлері әкеткен соң, оның жұбайы Фатима мен балаларына өмір сүру қиындайды. Кейіннен «халық жауының отбасы» деген айдар тағылып, қыспаққа алынады. Апамыздың айтуынша, Оразалы Жандосовтың 4 бөлмелі үлкен пәтерінен отбасын қуып шығады. Фатима өзінің күш-жігерімен балаларын асырап, бір бөлмелі пәтерді паналайды.
Әкелері түрмеге қамалғанда, Фатима екі қызы және бір ұлымен қоғамнан заңды түрде оқшауланып қалады. Үлкен қызы, яғни біз сұхбаттасып отырған Раиса апамыз 9 жаста, Мелсу 4 жаста, Ерлим атты кенже ұлы тіптен бір жасқа да толмаған. «Халық жауының балалары» деген айып тағылып, талай жерден шеттету көрдік. Мектепте оқығанымызда өзіміздің дос болып жүрген балалар түртпектеп, талай жаман айыптар тағылып, теріс айналып кетті. Кейін жоғары білім алуға зорға жеттік», деп Раиса апамыз зұлматты күндерді есіне алған еді.
Апамыздың айтуынша, қуғын көрген отбасы Жандосовтардың атылғаны туралы 1957 жылы «ақталды» деген хат келгенде ғана бір-ақ білген. Сол күнге дейін Жандосовтарды айдауда жүр деп айтқан екен. Бірақ отбасына берген анықтамада «жүрек талмасынан қайтыс болды» делінген. «1957 жылы әкеміз ақталып, көзіміз ашылды. Бізге қай жағынан болсын есік ашылып, мақсатымыз орындалды. Ағамыз Ораз бен әкеміз Оразалы 1938 жылы атылған екен. Оны біз 1957 жылға дейін білмеппіз. Сорлы анамыз үміттеніп «келеді» деп жүргенінде, әкеміздің ақталған қағазы жетіп, бәріміз бір жағы қуанып жатсақ, екінші жағынан құлағымызға суық хабар тиіп, сол кезде бәріміздің жылағанымыз әлі есімде. Ол ол ма, көп ұзамай анамыздан айырылып қалдық. 20 жыл көрген қорлығынан денсаулықтан айырылып, оған әкеміз бен Ораз ағаның атылды деген хабары қосылып, анамыздың түбіне жетті», дейді.
Енді тұтас отбасы көрген қиындық Раиса Оразалықызын да айналып өтпейді. Қайда барса да «халық жауының ұрпағы» деген мөр алдынан көлденең шыға береді. Басында дәрігер болғысы келген апамыз жоғарғы оқу орнына түсе алмай жүргенінде, жанашырларының кеңесімен жаңадан ашылған қыздар институтына емтихан тапсырып көреді. Кілең бестік алып, оқуға түскендердің тізіміне ілікпей қалады. Институт директоры «бұл институтқа «халық жауының» қызын оқуға алмаймын» деп ашығын айтады. Көңілі түскен Раиса апамыз туысы (ол кезде ҚазГУ-де оқитын) Балғабек Қыдырбекұлына барып, шерін тарқатады. Бар қайғысын түсінген болашақ белгілі тұлға «Раиса, сен жылама, Орталық комитетке бар. Ол жерде жоғарғы оқу орындарының жетекшісі отырады. Соған жағдайыңды айтсаң, түсінеді», деп жол көрсетеді. Онда қызметте орыс әйел екен. Ол да «халық жауының қыздарын қазір ала алмаймыз, бірақ болашақта алып қалармыз» деп шығарып салады. Ертеңіне институтқа барса, тізімге қаламмен жазып, қосып қойыпты.
Раиса институтты жоғары бағамен тәмамдайды. Оқуды бітіргенде әлгі «айдары» алынбаған болатын. Курстастарына жұмысқа орналасуға жолдама беріліп жатқан кезде, ол тағы да «сыбағадан» қағылады.
Ақыры мейірімді адамдардың ықпалымен мектепке алынып, мұғалімдік қызметте жүріп, өзінің білімділігі мен еңбекқорлығын дәлелдейді.
«Ораз аға жүрегі таза, жұртқа тек жақсылық тілеп, қолынан келгенін аямайтын. Қандай қызметте жүргенін, қалай жұмыс істеп жүргенін ол кезде нақты түсінбейтінмін. Бірақ үй ішінде тек өз отбасына ғана емес, барлық туысқа, балаға қамқор болатын. Жолдастарының арасында да мінезі өте жұмсақ, жылы еді. Әкеміз Текеліге жұмысқа барғанда бізге баспана беретінін айтты. Оған дейін далада қалмасын деп, бізді (ол кезде інім әлі тумаған) Ораз аға мен Фатима жеңешеміз өз үйлеріне жатқызды» деп ағасы мен жеңгесінен көрген жан жылуын ерекше тебіреніспен еске алды.
Жұбайы Фатима түрмеге кездесуге келгенде, Оразалы оған ымдап түсіндіріп, қалай жазалап жатқанын жеткізеді. Яғни тырнақтың астына ине жүгіртіп, орындыққа отырғызып, бір жылға жуық басынан су тамшылатып, азаптың небір түрін көрсеткен. Апамыздың естуінше, Дзержинский көшесіндегі НКВД ғимаратында атып, Жаңалықтағы бейіттен жер қазып, атылғандарды көме салған екен.
1957 жылы Жандосовтар ақталғаннан кейін «Мен Ораз Жандосовпын», «Оразалы Жандосовпын» деп келгендер көбейеді. Бірақ оларға бірнеше сұрақ қойса, қашып кетеді екен. «Ораз аға мен Фатима жеңгеміздің Едіге, Санжар, Анри атты ұлы болатын. Кенжесі Анриді біз Аник деп еркелететін едік. Ораз ағам өз қызы болмаған соң әкемнен мені сұрайтын. Әкем ағасының да сөзін қимай, мені де қимай жүргенінде, әлгі аты жаман зобалаң басталып, үлгере алмай қалды. Екеуі де ұсталып кетті», деп Раиса Оразалықызы өткен күндерді есіне алды.
Ораз Жандосовтың Едіге есімді ұлы тым ертерек дүниеден өтеді. Санжар Жандосов Раиса апамызбен өте жақсы байланыста болған екен. Санжардың Раиса апасына арнаған өлең жолдары құрметінің ерекше екенін көрсетеді.
Раиса апа Ораздың кенже ұлы Анримен дүниеден озғанша өте жақсы қарым-қатынаста болғандарын айтты. Ең соңғы кездескенінде Анри «Раиса, біз Могиканның соңғы тұяғымыз ғой, сондықтан бір-бірімізге жақын болып, ұзақ өмір сүруіміз керек» деп айтқан екен.
Қанат АЛТЫНБЕК,
Ұлттық кітапханасы ғылыми-әдістемелік қызметінің маманы