Зерде • 26 Қыркүйек, 2024

Башқұрт ардақтаған Сәрке батыр

48 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Асылдарымызды ардақтап, барымызды бағалай алып жүрміз бе? Жаһандану адами қадір-қасиетке ғана емес, адамзаттық болмысқа қатер төндіріп отыр. Ұлттық құндылықтардан ажырап қалуымыз да мүмкін. Бұл ретте атадан балаға мирас болып, сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан батырлық дәстүрден айырылып қалу қаупі тіпті айрықша алаңдатады.

Башқұрт ардақтаған Сәрке батыр

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Біз Алпамыс пен Қобыланды, Ер Төстік пен Толағай, Ер Тарғын туралы эпикалық жырларды жарыса жырлап, таласа  жатқа айтқан қазақ емес пе едік? Со­ларға ұқсап, кеңестік дәуірде қатар­ластарымыздан қалыспай, басқа одақтас республикалар өкілдерінің қай-қайсысынан да физикалық тұрғыдан шымыр да бойшаң, олардан әлдеқайда асқақ кейіпте болдық.

Таяуда туған жерге сапар барысында мына бір маңызды іс-шара ерекше есте қалды. Бұл – тек осы өңірге ғана емес, жалпы кең-байтақ Отанымызбен көршілес, бағзы заманнан ба­уырлас башқұрт еліне де аса сыйлы сардар Сәрке батыр атына көше беріп, соның ашылу салтанаты.

Сәрке батыр – халыққа кең танымал қолбасшы, қанды қырғын, аласапыран заманда, «ақтабан шұбырынды» кезінде қаптаған қалың жоңғарға қасқая қарсы тұрған нағыз батырдың бірі. Сәрке батыр 1690 жылы дүниеге келген, шын есімі – Меңдібек Шоң­мұрынұлы.

Батырдың жастық шағы Әз Тәукенің заманынан басталып, Кіші жүз ханы Әбілқайырдың ел басқаруымен тығыз байланысты. 1716 жылғы Бөкенбай бастаған Кіші жүз сарбаздарының қалмақ пен казактарға қарсы соғыстарында Сәрке батыр ер­лігімен көзге түскен. 1723 жылы басталған «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада» Тайлақ ба­тыр бастаған Жағалбайлы сарбаздарымен киелі Ырғыз, Торғай өзендері арасында жоңғардың қалың қолын үш жыл бойы алға жылжытпай тоқтатып тастаған Алшынның 25 рулы елінен шыққан 25 батырдың бірі.

Сәрке батырдың үлкен ер­лік көрсетіп, зор беделге ие бол­ған шағының бірі – Бұланты-Бі­леуті, Аңырақай шайқастары екені атап көрсетілген. Бұл шай­қастарда Кіші жүз жасағын есімі В.Бартольд, И.Кастанье, Ш.Уәлиханов, Ә.Диваев, М.Ты­нышбаев сынды көрнекті ғалым­дардың еңбегінде кездесетін Тай­лақ батыр басқарған. Бұланты бойындағы «Қара сиыр» деген жердегі шешуші ұрысқа Тайлақ батыр қолының құрамындағы жағалбайлы руының сарбаздарын бастап сардар Сәрке де қатысқан. Жекпе-жекке қазақ жағынан Сәрке батыр шығып, жеңіске жетіп, әскердің рухын көтеріпті. Соғыс қазақ жеңісімен аяқталғаны белгілі. Жекпе-жек өткен төбе Сәркетөбе аталып кетсе, халық «Алтын сапты алмас қылышты Сәрке батыр» деп қошеметтеді.

Сәрке есімі құжаттарда 1755 жылғы башқұрт көтерілісіне байланысты да аталады.  Тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұхтар бұл жөнінде: «Кіші жүз ханының ішкі-сыртқы саяси жағдайының бірқалыпты өрбуі барысында, оның болашақ көрші елдермен қарым-қатынасына түбегейлі өзгеріс әкелетін 1755 жылғы башқұрт ұлт-азаттық көтерілісі басталды. Оларды әскери күшпен басу барысында түбі бір туысқан халық қазақ ауылдарына үдере көшті. Алғашқы башқұрттар легі жағалбайлы Сәрке батыр ауылына қабылданды» деп жазды.

Орыс ғалымы А.Чулошни­ковтің 1755 жылғы башқұрттар көтерілісінің тарихын зерттеген еңбегі 1940 жылы жарыққа шыққан екен, мұнда да Сәрке батырдың есімі аталып, оның Кіші жүздің абыройлы  да беделді тайпасы – жағалбайлы руының басшысы екені айтылады.

Елдегі Ақтөбе, Қостанай облыстары, Торғай төңірегі ғана емес, тіпті Ресейдің өткен заманда Қазақ елінің өз жері саналып келген Челябі, Түмен аймақтарында да зерттеу жұмыстарымен танымал – төл тарихымыз жанашыры, құрметті өлкетанушы Баянғали Құлтаев атқарып жүрген қыруар еңбекті атап айту парызымыз деп білемін.

Сәрке батыр тұрғысындағы сол атпал азаматтың мына бір пікірін келтірген жөн: «Патша билігі көтерілісті басқаннан кейін, көтерілісшілердің бір легі қазақ арасынан пана тапқан. Олардың соңынан қуып келген казактар мен Еділ қалмақтарын қазақ сарбаздары күтіп алып, тойтарыс берген. Ал кейін амнистия жариялануына байланысты башқұрттар өз жеріне аман-есен оралыпты. Башқұрт халқы қазақтың бұл жақсылығын бүгінге дейін ұмытпай келеді. Бұл сөзімізге Башқұртстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист Нияз Алсынбаевтың башқұрт-қазақ қатынастары туралы еңбегінде айтылған: «Сәрке батыр… башқұрт көтеріліс­шілеріне олардың патша би­лігіне қарсылықтары кезінде белсенді түрде көмек көрсетті. Екі халықтың арасындағы достықты нығайтуға зор үлес қосқан бұл ғажап тұлға, есімі мәңгі сақталуы үшін Башқұртстан мен Қазақстан қалаларында ескерткіш қоюға әбден лайық» деген пікірі дәлел. Осылайша, Сәрке батыр – бауырлас екі халық арасындағы бауырмалдыққа, достыққа дәне­кер болған, ұмытылмас жана­шырлықтың жарқын үлгісіне айналған тұлға.

Көрші мемлекетте Сәрке батырдың ерлігі мен елдестіру еңбегі лайықты бағасын алғанда, туған топырағы мен облыс орталығында көше атауын иеленуі – құба-құп шара. Өз кезегінде, ақтөбеліктер асыл баба аруағын асқақтатып, батырына осындай құрмет көрсетіп жатқанда, енді оны еліміздің басты қаласы – Астана қолдап, нақ солардай ишара білдірсе деген де ұсыныс бар. Бұл туралы Ақтөбе облыстық мәслихатының төрағасы Г.Сүйентаева атынан Астана қалалық мәслихаты төрағасы Е.Қаналимовке арнайы қатынас хат та жолданған екен.

Елдегі саяси өмірде орын алып жатқан оңды өзгерістер – өз тарапынан халықтың осындай игі іс-шараларға атқарушы билікке иек артып – азаматтық қоғам қатынастарын нығайта түсуге ұмтылысымен айшықталғанына қуануымыз керек. Сонда ғана әлемді жайлаған экономика­лық, саяси және мәдени бірігу, біріздену үдерісіне қарсы тұра алып, ұлттық құндылығымызды қадірлеп, ғасырлар тереңінен таза сақталып келе жатқан шынайы болмысымызды бекемдей аламыз.

 

Исатай ҚАМБАРОВ,

саясаттанушы, Ақпарат саласының үздігі