Аймақтар • 26 Қыркүйек, 2024

Қала күніндегі құрмет

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Семей қаласы күніне орай облыс орталығына қарасты Цемент­шілер кентінде пәтер кезегінде тұрған әлеуметтік осал топ санатындағы 20 отбасына пәтер кілті табысталды. Көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттілігі бар азаматтар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар соңғы үлгіде салынған баспанаға қол жеткізді. Үйде мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп-шығуына қолайлы жағдай жасалған.

Қала күніндегі құрмет

Кейінгі жылдары қалада құ­рылыс қарқыны артып келеді. Осы­ған дейін бой көтерген тұрғын үйлерден 525 отбасы жаңа пәтерге қоныс­танды. Биыл наурызда да Қа­рағайлы шағын ауданында тұрғын үй кезегінде тұр­ған 77 азамат бас­панамен қам­тыл­ды. Тамыз айында 237 адам қол­­дарына жаңа пәтердің кілтін ал­ды. Өткен жылы пәтер кезегінде тұр­­ған 211 отбасы баспаналы болды.

Сонымен қатар қаланың да­муы­­на үлес қосып келе жатқан әр­түрлі сала мамандарына «Семей қаласының құрметті азаматы» және «Үздік қызметкер» атағы берілді. Мерекелік іс-шарада сөз алған қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов еңбегімен еленген жандардың өмірі мен қызметі көпке үлгі екенін атап өтті.

«Бүгін Семей қаласының қа­лыптасуы мен дамуына лайықты зор үлес қосқан азаматтарды ұлық­тап отырмыз. Семей қаласының құрметті азаматы атану – бірреттік жұмыстың нәтижесі емес, ұзақ жылдар бойы бір салада табан аудармай жемісті еңбек еткендеріңіздің, қызмет жасағандарыңыздың же­місі. Сіздердің ерен еңбектеріңіз бен өнегелі өмірлеріңіз өскелең ұрпаққа өшпес үлгі», деді Н.Нұр­сағатов.

Семей қаласының дамуы­на қосқан үлесі еленіп, қоғам қай­рат­­кері Менсафа Усманова, спорт ардагері Юрий Маслов, білім беру саласының үздігі Жұма­ғазы Стамбеков, 2012 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Спутник» МТ ЖШС басқарма төрағасы қызметін атқаратын Қайрат Мирашев, суретші, педагог Төлеуғазы Жұбанышев, футболшы, халықаралық санаттағы төреші Александр Борисов, «Алтын дәрі­гер» төсбелгісінің иегері, хирург Базар Төлеуов «Семей қаласының құрметті азаматы» атанды.

Сондай-ақ қарапайым еңбек адамдары да назардан тыс қал­ған жоқ. Автобус жүргізушісі Дар­хан Жаукенов, электр маманы Нұр­тас Жанақыметов, қосалқы жұ­мыс­шы Мәуітқазы Рахымбаев, әлеуметтік қызметкер Раушан Мұсабекова, механик Мавлетян Хазипов, су шаруашылығының қызметкері Думан Молденов, жылу стансасының қызметкері Юрий Клименко, жол жөндеу жұмыстарына атсалысқан Марат Рамазанов «Үздік қызметкер» ата­ғына ие болды. Оларға Алғысхаттар мен 100 мың теңгелік сертификаттар табысталды.

Қала әкімі Н.Нұрсағатов Семей қаласының 103 жастағы ең қарт тұрғыны Зейне Аманбаеваның шаңырағына арнайы барып, құр­мет көрсетті. Зейне апа 1921 жы­лы Абыралы ауданында дү­ниеге келген. Соғыс жылдары кол­хозда әртүрлі жұмыс атқа­рған. Кейін Семейде қоғам­дық жұмыстарға белсене ара­ла­сып, халық құрметіне ие бол­ған. Оның өмірлік жолдасы да заң саласында ұзақ жылдар бойы қалтқысыз қызмет етті. Бү­гінде Зейне апа – немере-шөберелерінің құрметіне бөленіп отырған абзал ана.

 

Абай облысы