Матч аса тартысты өтті. 2021 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалы көз алдымызда қайыра көлбеңдеді. Литвада өткен әлемдік додада португалдықтар пенальти сериясында біздің жігіттерді қапы қалдырып, финалға шықты. Аргентина құрамасын 2:1 есебімен ұтып, әлем чемпионы атанған еді. Жеңілістің кермек дәмі қалай боларын қарсыласқа біздің жігіттер бұл жолы дәлелдеді. Сөз жоқ, Португалия құрамасы – әлемдегі теңдессіз ұжымның бірі. Матчтың өн бойында алаңдағы басымдықтың тізгінін уысында ұстауға ұмтылды. Бірақ Шыңғыс Есенамановтың (11-минут) бұрыштамадан жеткен допты шірене тартып есеп ашуы олардың кәдімгідей есеңгіретіп тастады. Тіпті бірінші тайм біздің жігіттердің басымдығымен аяқталды.
Үзілістен ширап шыққан Португалия ойыншылары стандартты шабуылды голға ұластырып, есепті теңестіріп, 21-минутта Исакуэль Зики Те еншісіне гол жазды. Екінші таймның уақыты сәт санап кеміп, соңғы минуты сырғып жатқан. Тартыс дәл осылай өрбіп, экстра таймға ұласса, одан кейін пенальти сериясына жалғасса, үш жыл бұрынғы кеткен есемізді қайыра жіберіп аламыз ба деген күдікті ойға берілгеніміз рас. Бірақ елдің сенімін арқалап шыққан серкелер кемел ойынның кереметін көрсетті. Негізгі уақыттың бітуіне 18 секунд қалғанда бұрыштамадан командаластарын іздеген Дәурен Тұрсағұлов Дугласқа пас берді. Ол оң қапталдан жеткен Арнольд Кнауфтың алдына салып берді. Ту сыртына келген допты оң аяғына икемдеп алды да қақпаны көздей шірене тартты. Мендока Эрик еш қайран көрсете алған жоқ. Бұл сәтте Дәурен Тұрсағұлов Португалия қақпасының алдына келіп үлгерді де, Жоау Матуштың аяғына да іркілмей жер бауырлай жеткен допты қақпашының кеудесінен асыра түрте салды. Есеп – 1:2.
Одан кейінгі матчтың соңғы 3 секунды бізге «ғасырдан да ұзақ күндей» болды. Бұрыштамадан өрістеткен шабуыл кезінде біздің ойыншылар ереже бұзды деген португалдықтардың шағымынан кейін экранға үңіліп, арпалысты сәтті қайта сүзген төрешілер кілтипан тапқан жоқ.
Біз бұл матчтан нені көрдік? Ұжымның ынтымағын, құраманың құрыштай қайратын сезіндік. Пауло Рикардо Кака бас бапкер бастаған, капитан Игита, Дуглас сынды бразилиялық саңлақтардың сапына қосылып, шарболаттай шыңдалған Шыңғыс Есенаманов, Дәурен Тұрсағұлов, Біржан Оразов, Альберт Ақбалықов, Жаһангер Рәшит, Ақжол Дәрібай сынды таланттар шықты. Міне, ынтымақты ұжымның өлшеусіз төккен терінің өтеуі.
Бас бапкер Рикардо Кака матчтан кейін пікір білдірді. «Жігіттердің бұдан бұрын да мерейімізді асырған табыстары болды. Бірақ дәл осындай әсерге бөленбеген едім. Ойыннан кейін жігіттерге жеңістің дәмін сезініп, мерекелеу керек, бірақ бұл бастамасы ғана дегенді айттым. Алда әлі маңызды матчтар бар. Енді 30 қыркүйекте өтетін ширек финалға тыңғылықты әзірленеміз. Бұл жеңіс біздің жанкүйерлер ғана емес, Өзбекстанға арнайы келіп қолдау көрсеткен өзге елдердің көрермендерінің де жеңісі», деді бас бапкер.
Ұлттық құраманың қорғаушысы Шыңғыс Есенаманов: «Жеңістің әсерін әлі толық сезіне алмай жатырмыз. Біз ақырына дейін тартысып, жеңіске жетуге деген сенімді бір сәт те жоғалтпадық. Бұл – командалық ойын болғандықтан, ұжымдық ынтымақпен жеңіске жеттік», деді.