Руханият • 28 Қыркүйек, 2024

Ескендір тағдыры

239 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде екі сәбидің бірі – Әлихан. Орысша ойлау қамшы салдырмай тұрғанда көбісі, әлбетте, Алихан. Қалайда біз бұған «шүкір!» дейміз. Бұл балалар есейе келе есімінің сырына үңіліп, Әлихан Бөйкейханды іздейді деп ой­лаймыз. Қазір Алаш көсемі мұрасы 15 том болып жарық көрген. Оқи­мын, танысамын деген балаға да, оның ата-анасына да мүмкіндік мол.

Ескендір тағдыры

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сол Әлекеңнің жал­ғыз жиенінің есімі – Ескендір. Ол – көр­некті қайраткер, сыншы, жазушы, журналист Смағұл Садуақасұлының перзенті. Анасы – Зейнеп (Елизавета) Әлиханқызы. Әке де, ата да тоталитаризм құрбаны болған соң, Ескендір «халық жауының ұр­пағы» деген жаман аттан құ­тыламын деп, кеңес өкіметі қа­тысқан Екінші дүниежүзілік соғыста бозбала жасында мерт болды...

Бір айрықша дерек: түрлі жағдайда теміржол табыстырған Түркістан автономиясының (Қо­қанда жарияланған) бірін­ші премьер-министрі, кәсіби инженер Мұхаметжан Тыныш­байұлының да, кеңестік Түр­кістан автономиясының премьер-министрі, РСФСР премьер-министрінің орынбаса­ры Тұрар Рысқұлұлының да перзенті есімі – Ескендір. Мұхаңның Ескендірі әкесінен соң 10 жылға кесіліп, талай азапты бастан кешті. Аман қалып, кейін танымал киноопе­ратор, кинорежиссер болды. Тұрекеңнің Ескендірі де мектепті бітіре салысымен әкесі үшін сотталып, 20 жасында түрмеде жабысқан құрт ауруынан қайтты.

20-жылдары басқа да қайрат­керлер баласын Ескендір деп ныспылаған. Неге? Сірә, қа­зақ мемлекеттілігін тездетіп қал­­пына келтіруде Ескендір Зұл­қарнайынның жігерін, арманын, қуатын, бәлкім бағын қажетсінген секілді. Әрине, арғы жағында Шығыс пен Батыс, қазақ пен орыс мәдениетін тоғыс­тырған «Александр» ұғымы – кіріккен «қорғаушы» һәм «еркек» мағынасы да аңғарылады.

Бірақ Ескендір есімі айтылған соң, тұлғаның асқақ та алаулы, қиын да күрделі тағдырын аттап өте алмаймыз.

Ежелден жеткен бір тағы­лымды әпсана бар. Біз мұны «Ескендір тығырығы» деп айдар­ладық.

Ескендір Зұлқарнайын «әлемнің әміршісі» ретінде мойын­далған күні сарайындағы ақшаңқан бөлмесінің есігін тарс жауып, еңкілдеп тұрып жылады дейді. Сардарлары «Әміршіге не болды?» деп қатты сасыпты. Ол оқ пен оттың, өмір мен өлімнің арасында да, тағдырдың адам жанын шырқыратар сәттерінде де бұлай босамаған. Ескендір қашанда қайтпас қайсарлықтың, ай­нымас батырлықтың рәмізі-тін.

Сөйтіп, есік түбіне жиылған әскербасылары: «Әмірдің үн-түнсіз жатқаны қалай? Бәлкім бір қаскүнем у берді ме, қайбір жақыны жанын жаралайтын сөз айтты ма – жағдайды білейік» десіп, есікті қағып кіріп: «Дат, әміршім! Халіңіз нешік?» деп сұрайды ғой.

Сонда ұнжырғасы түскен, асқақ рухы басылған Ескендір бүй депті: «Сардарларым, кеше ымырт жабылғанда Жаратқан маған мынандай ой салды. Әлемге даңқымды асырған соң­ғы жеңісім – менің жеңілісім екен. Дәл кеше мен әлемді өзіме қаратамын деген әу бастағы баян­сыз жерге қайта оралғанымды түсіндім. Бұрын ат үстінде едім, мақсатым да айқын-тын. Қазір қайда барарым, кімді жауларым белгісіз. Мен тығырыққа тірелдім. Мен жеңілдім. Ойлана қарасам, мен өзімді жеңіппін...». Бұл – Құдай пәниде отыз үш жыл өмір сүруді бұйыртқан Ескендір Зұлқарнайынның соңғы күні, соңғы сөзі екен.

Жаны үзілер сәтте қан­дыкөйлек жолдастарына: «Мені қабірге жеткізерде екі қолымды табыттан шығарып қойыңдар. Ақыретке ештеңесіз бара жат­қанымды жұрт көрсін!» деп өсиет айтыпты деседі...

Бұл әпсананы ұлт тұлғалары жақсы білді. Олар өз ұрпағынан бұл Ескендірді емес, тарихтан сабақ алған Ескендірді көргісі келді. Бірақ ел зиялыларын сынаған ауыр тағдыр ерек есімді ұрпағын да айналып өтпеді...

 

Айтуған ДОСБИ