Еліміздің сауда саясатына қатысты ДСҰ-ның 30-дан астам мүшесінің елшілері сөз сөйледі. Олардың барлығы да еліміздің көпжақты сауда жүйесін нығайтуға қосқан елеулі үлесіне тоқталып, экономиканы әртараптандыру және сауда-экономикалық реформаларды жүргізу, оның ішінде сауда рәсімдерін оңайлату, ашықтықты арттыру, сондай-ақ жалпы алғанда әлемдік сауданың тұрақтылығы мен болжамдылығын қолдау жөніндегі жұмысына баға берді.
Аталған елдердің тұрақты өкілдері сауда рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған Қазақстанның реформаларын жоғары бағалап, ДСҰ-ның сауда рәсімдерін оңайлату туралы келісімі бойынша өз міндеттемелерін 100% орындағанын айтты. Негізгі жетістіктердің ішінде БҰҰ-ның автоматтандырылған кедендік деректер жүйесі (ASYCUDA) базасында ЮНКТАД-пен серіктестікте әзірленген экспорттық-импорттық операциялар үшін «Бірыңғай терезе» жүйесін және «АСТАНА-1» платформасын енгізуді қоса алғанда, кедендік процестерді толық цифрландыру ерекше көзге түседі. Қазақстан сондай-ақ «КЕДЕН» жаңа ақпараттық платформасын әзірлей отырып, жаңғыртудың келесі кезеңіне өтуде.
Сонымен қатар Женевадағы өкілдіктердің басшылары Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртуға, әсіресе Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған инвестициялық саясат тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде қолайлы инвестициялық ахуал жасауға бағытталған стратегиялық реформаларын атап өтті.
ДСҰ-ның көптеген мүшелері екіжақты сауданы нығайтудың және экономиканың түрлі секторларындағы өзара іс-қимылды кеңейтудің маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанмен одан әрі стратегиялық ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді. Бұл мәлімдемелер әлемдік аренада сенімді сауда серіктесі ретінде Қазақстанға деген сенімнің жоғары екенін көрсетті.