Референдум • 30 Қыркүйек, 2024

АЭС салу – ел экономикасының шикізаттық емес секторына жаңа мүмкіндік ашады

81 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов Ядролық физика институтының жұмысымен танысты және Қазақстан-Британ техникалық университетінің ұжымымен кездесті. Университет оқытушылары мен студенттерімен кездесуде атом энергетикасында көпжылдық тәжірибесі бар халықаралық компаниялардың АЭС құрылысына қатысу мәселесі талқыланды. Жобаның қауіпсіздігін Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік бақылайтын болады, ал шығындар Дүниежүзілік банктің қадағалауымен қоса үш деңгейлі аудиттен өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

АЭС салу – ел экономикасының шикізаттық емес секторына жаңа мүмкіндік ашады

Фото: Midjourney

Атом өнеркәсібіндегі отандық кәсіпорындардың рөліне ерекше назар аударылды. «Қазатомөнеркәсіп» компаниясында уран өңделеді және ядролық отын қалдығы жинақталып көміледі. Елімізде ядролық реакторлар жарты ғасырдан астам уақыт жұмыс істеп келеді, олар ядролық ғылымның дамуына қолдау көрсетіп жатыр.

Сенатор Руслан Рүстемов еліміздің шикізаттық емес әлеуетін дамыту үшін атом энергиясын тиімді пайдалануға бағытталған ғылыми жобаларды жүзеге асыру қажет екенін атап өтті.

«Еліміздің шикізаттық емес әлеуетін дамытуда Ядролық физика институты ғалымдарының зиянды органикалық заттардың, зиянды микроорганизмдердің, судан радиациялық өңдеу арқылы таралатын аурулардың, химиялық реакциялардың әсері туралы жобаларын жүзеге асыруға уақыт қалған жоқ. Институт ғалымдары озондауға қарағанда радиациялық өңдеудің үнемді екенін және хлорлаудан әлдеқайда тиімді болатынын, сонымен қатар әлемдегі азық-түлік тапшылығын өтейтінін ертеде дәлелдеген болатын. Бейбіт атомның ел экономикасындағы әлеуетін арттыру және оның өнеркәсіптегі жетістіктерін тиімді пайдалануға бағытталған жобаларға жол ашу керек», деп атап өтті сенатор Руслан Рүстемов.

Парламентшілер сонымен қатар алдағы референдумның маңызына тоқталып, оны азаматтар мен мемлекет арасындағы саяси мәдениет пен сенімді нығайтудың маңызды құралы деп атады. Олар барша ел азаматтарын дауыс беруге белсенді қатысуға шақырды, өйткені әркімнің дауысы ел болашағы үшін маңызды.