Өндіріс • 01 Қазан, 2024

Ауылдағы жиһаз цехы

86 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қияндағы Запорожье селосында көз жауын алатын, талғамды тұтынушының көңілінен шығатын жиһаз жасалады. Тасы өрге домалап тұрған кәсіпкерлер облыс орталығы мен Астана тұрғындарының сұранысын өтейді.

Ауылдағы жиһаз цехы

Ақтөбеден көшіп келген Айгүл мен Қожа­берген Қожамұратовтар бұл өңірде нен­дей кәсіпті қолға алу керек екенін ұзақ зер­делейді. Қожаберген кешегі кеңес заманында Алматыдағы «Мерей» жиһаз фабрикасында жұмыс істеп, бай тәжірибе жинаған. Жаңа қоныста осы білігі көп-көрім кәдеге асты.

Цехта жеті адам жұмыс істей­ді. Шетелден әкелінген станоктар орнатылған. Етек-жеңі кең пішілген селоның әрбір тұрғынының үйін­де жергілікті цехтан шыққан жиһаз­дар тұр. Ажарлы әрі арзан жиһаз­дары бірер жылдың ішінде аудан асып, облысқа тараған. Орнатып беру үшін цех шеберлері бірге барады. Олар­дың жолақысы, ас-суы төленеді. Еңбекақылары атқарған шаруаларына орай. Ең төменгі табыс – 200 мың теңгенің төңірегінде. Ауыл адамдары үшін аз жалақы емес.

«Біз тапсырыс бойынша да жиһаз­дың кез келген түрін дайындаймыз. Әлеуметтік желі арқылы да жұмыс істейміз. Қазір сатылым жағынан алдыңғы қатардамыз. Жасаған жиһаздарымыз нарық құнынан 20-30 пайызға арзан», дейді Айгүл Қожамұратова.

Айгүлдің өзі цехтың есеп-қисабына ие, сонымен бірге, әрлеуші дизайнер. Бұл тараптағы бар жаңалықты, сұранысты ақыл таразысына салып, озық үлгілерді мұқият қадағалап отырады. Сондықтан тұтынушылар тарапынан өкпе-реніш туындаған емес.

«Жиһаз цехына жұмысқа орналасқан кезде қобалжығаным рас. Қазір кез келген жұмысты еркін атқарамын. Бригададағы шеберлердің бәрі өздері жетілдіріп, шебер­ліктерін шыңдап келе жатқан жігіттер. Жастар жағы қоғамға пайдалы осындай істі меңгергендері жөн деп есептеймін», дейді цех шебері Эльдар Дүзбенбетов.

Тағы бір айта кетер дүние, жиһаз цехы алғашқы күннен бастап үзіліссіз жұмыс істейді. Кәсіпкердің ұлы Жанқожа отбасы­лық бизнестің қыр-сырын меңгеріп, ата-анасы бастаған істі алға жылжытуда. Таяуда өндірісті кеңейту мақсатында «Даму» қорына өтінім тапсырыпты. Қолына қаражат тисе, жиһаздың өзіндік құнын арзандату бағытында ұмтылыс жасамақ.

 

Ақмола облысы,

Жақсы ауданы