Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Бізде сыртқы тауар нарығы тек шикізаттық бағытта қалыптасты. Шикізаттық емес бағыттағы арналар әлі жүйеленген жоқ. Отандық өндірістің наны болып саналатын шикізат шетел асып жатыр. Әлемдік нарық үшін шикізаттық экспорт экономикалық әлеуеттің көрсеткіші емес. Сыртқы нарық көздерін әртараптандыруға дайын өнімдер экспорты арқылы ғана қол жеткізе аламыз, дейді сарапшылар. Кәсіпкер Дәурен Халметтің айтуынша, аймақаралық үйлестірусіз және Үкімет пен бизнес тарапынан белсенді күш-жігерсіз даму қиын.
«Біз сол кезде ғана ішкі нарықты дайын өнімдермен қамтамасыз етіп, экспорт арасындағы теңгерімді сақтаймыз. Ішкі нарықтың мәселесін шешсек, сыртқы нарықтың жалына жармасу жеңіл болады. Бұл мақсатты еңсеру үшін кей сегменттерде қосылған құн салығы негізінде импорт пен экспорт арасындағы айырмашылықты теңестіруге басымдық беру керек. Дайын өнімдер сегментіндегі кейбір тауарларға керек полипропилен шикізаты Қытайға арзан бағада экспортталады. Себебі отандық компаниялар сыртқы нарық көзінен айырылып қалғысы келмейді. Шикізаттық емес экономикаға ден қойған Үкімет оған қажетті шикізатты ішкі нарыққа тиімді бағамен сату мәселесін де шешу керек», дейді.
Астық сегменті де экспортқа байланып, ішкі нарыққа қырын қарап тұр. 2007 жылы ұн экспорттаудан әлемде көшбасшы болдық. Арада үш жыл өткенде Түркияға жол бердік. Қазір Өзбекстан да басты бәсекелеске айналып келе жатыр. Астық өңдеушілер одағының басшысы Евгений Ганның айтуынша, ұн тартатын кәсіпорындарға жақсы жағдай жасалса, астықты шетелге шикізат түрінде сату тиімді болмай қалады.
«Нарықтың осы сегментіндегі басты импорттаушымыз – Ауғанстан. Былтыр халықаралық нарыққа жөнелтілген ұнның 70 пайызы осы елге экспортталды. Қазір өзбек кәсіпкерлері бидайды көбірек импорттап, одан ұн өнімдерін дайындап жатыр. Олар Ауғанстан нарығына шығып, біздің кәсіпкерлерді ығыстыра бастады. Көрші елде бидай өңдеу қуаттылығы жыл сайын 2,5-3 млн тоннаға өсті. Ұн дайындаумен айналысатын кәсіпкерлерге салық жеңілдіктері мен преференциялармен қоса протекционистік қолдау көрсетіп отыр. 2022 жылы көрші ел 2 млн 762 мың тонна бидайымызды сатып алса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 3 млн (2,99 млн) тоннаға дейін көтерілді», дейді.
Сарапшы айтып өткендей, биылғы отандық ұн экспорты көлемінің қанша болатыны белгісіз. 2022-2023 маркетингтік жылда 884 мың тонна ұн экспортталған.
Сарапшы Замир Қаражановтың айтуынша, экономикалық саясат қазба байлықты сыртқа сатуға бейімделгендіктен, шетел капиталын шақырып, басқа салаларды дамытуға көп көңіл бөлінген жоқ.
«Шикізат экспортына сүйенген ел экономикасы алғашқы 15 жылда ғана тәуір дамыды. Ол кезең тарихта «мұнай дәурені» деген атпен қалды. Дамудың ешкімге ұқсамайтын үлгісі экономиканы да, нарықты да мұнай, металл сияқты нарықтағы бағасы құбылып тұратын шикізат саудасына «байлап», шикізат бағасы өскенде экономикасы дамып, қарқын алып, баға төмендегенде күзгі жапырақтай қалтырап кететін елге айналдырды», дейді.
Айтуынша, өнім өткізу каналдарын әртараптандыру бағытындағы өзгерістерді импорт пен экспорт арасындағы баж салығын теңестіруден бастау керек.
«Импорт пен экспорттың баж салығындағы теңгерімсіздіктен нарыққа қажет тауар шетел асады немесе шетелден келеді. Осы мәселе шешілсе, ішкі нарықта дайын өнімдер шығарумен айналысатын кәсіпорындар арасындағы іскерлік байланыс мәселесі шешіледі. «Shell», «Chevron», «Agip» сынды әлемге әйгілі компаниялардың шетелдерде терең өңделіп, елімізге қайта келген тауарлары туралы аз айтылмайды. Импортты сатып алуға жұмсалған қаржы шетел экономикасын дамытуға бағытталып жатыр. Кәсіпорындар арасында жүйелі байланыстың жоқтығы – нарық заңына қайшы құбылыс. Дамыған елдерде кез келген жоба импорттық әрі ішкі нарықтағы мүмкіндікті зерттеп барып қабылданады. Біздегі жобалардың 90 пайызы экспортқа лайықталған. Нәтижесінде, өндіріске қажетті шикізатты ҚХР немесе Ресей импорты арқылы шешуге тырысты, импортқа тәуелділік синдромын ішкі нарықтың мүддесінен жоғары қойды. Үкіметке осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Оңтүстіктегі кәсіпорындардың шикізатқа деген қажеттілігін елдің батыс, орталық аймағындағы кәсіпорындардың мүмкіндігімен шешуге болады. Бұл облысаралық интеграцияны тереңдетеді. Жайылымдық жері мал басын көбейтуге мүмкіндік беретін аймақтарда мал терісін өңдейтін кәсіпорындар санын көбейтсе, көлік құрастыратын зауыттардың, жиһаз дайындайтын кәсіпорындардың өңделген теріге деген қажеттілігі өтеледі. Мұндай мысалдар өте көп. Біздің елде ұлттық инвесторлардың, шағын бизнес субъектілерінің инвестициялық мүмкіндігі – әлі зерттелмеген тақырып», дейді З.Қаражанов.
АЛМАТЫ