Экономика • 01 Қазан, 2024

Дайын өнім – экономика әлеуетінің көрсеткіші

70 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Экономиканың әртараптандырылмауы бірнеше буынның уақытын ұрлап, әлемдік экономикамен интеграциялану мүмкіндігін шектеп тастады. Өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керектігі осыған дейін талай айтылды. Мемлекет басшысы Жолдауда сыртқа шығарылатын өнім нарығының көлемін жоспарлы түрде кеңейту қажеттігін ескертті.

Дайын өнім – экономика әлеуетінің көрсеткіші

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бізде сыртқы тауар нарығы тек шикізаттық бағытта қалыптасты. Шикізаттық емес бағыттағы арналар әлі жүйеленген жоқ. Отандық өндірістің наны болып саналатын шикізат шетел асып жатыр. Әлемдік нарық үшін шикізаттық экспорт экономикалық әлеуеттің көрсеткіші емес. Сыртқы нарық көздерін әртараптандыруға да­йын өнімдер экспорты арқылы ғана қол жеткізе аламыз, дей­ді сарапшылар. Кәсіпкер Дәурен Халметтің айтуынша, аймақ­ара­лық үйлестірусіз және Үкімет пен бизнес тарапынан белсенді күш-жігерсіз даму қиын.

«Біз сол кезде ғана ішкі на­рықты дайын өнімдермен қам­­тамасыз етіп, экспорт арасындағы теңгерімді сақтаймыз. Ішкі нарықтың мәселесін шешсек, сыртқы нарықтың жалына жармасу жеңіл болады. Бұл мақсатты еңсеру үшін кей сегменттерде қосылған құн салығы негізінде импорт пен экспорт арасындағы айырмашылықты теңестіруге басымдық беру керек. Дайын өнімдер сегментіндегі кейбір тауарларға керек полипропилен шикізаты Қытайға арзан бағада экспортталады. Себебі отандық компаниялар сыртқы нарық көзінен айырылып қалғысы келмейді. Шикізаттық емес экономикаға ден қойған Үкімет оған қажетті шикізатты ішкі нарыққа тиімді бағамен сату мәселесін де шешу керек», дейді.

Астық сегменті де экспортқа байланып, ішкі нарыққа қырын қарап тұр. 2007 жылы ұн экспорттаудан әлемде көшбасшы болдық. Арада үш жыл өткенде Түркияға жол бердік. Қазір Өзбек­стан да бас­ты бәсекелеске айна­лып келе жатыр. Астық өңдеу­шілер одағының басшысы Евгений Ганның айтуынша, ұн тартатын кәсіпорындарға жақсы жағдай жасалса, астықты шетелге шикізат түрінде сату тиімді болмай қалады.

«Нарықтың осы сегментіндегі басты импорттаушымыз – Ауғанстан. Былтыр халықаралық нарыққа жөнелтілген ұнның 70 пайызы осы елге экспортталды. Қазір өзбек кәсіпкерлері бидайды көбірек импорттап, одан ұн өнімдерін дайындап жатыр. Олар Ауғанстан нарығына шығып, біздің кәсіпкерлерді ығыстыра бастады. Көрші елде бидай өңдеу қуаттылығы жыл сайын 2,5-3 млн тоннаға өсті. Ұн дайындаумен айналысатын кәсіпкерлерге салық жеңілдіктері мен преференциялармен қоса протекционистік қолдау көрсетіп отыр. 2022 жылы көрші ел 2 млн 762 мың тонна бидайымызды сатып алса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 3 млн (2,99 млн) тоннаға дейін көтерілді», дейді.

Сарапшы айтып өткендей, биылғы отандық ұн экспорты көле­мінің қанша болатыны белгісіз. 2022-2023 маркетингтік жылда 884 мың тонна ұн экспорт­талған.

Сарапшы Замир Қаража­новтың айтуынша, экономикалық саясат қазба байлықты сыртқа сатуға бейімделгендіктен, шетел капиталын шақырып, басқа сала­ларды дамытуға көп көңіл бөлінген жоқ.

«Шикізат экспортына сүйен­ген ел экономикасы алғаш­қы 15 жылда ғана тәуір дамыды. Ол кезең тарихта «мұнай дәурені» деген атпен қалды. Дамудың ешкімге ұқсамайтын үлгісі экономиканы да, нарықты да мұнай, металл сияқты нарықтағы бағасы құбылып тұратын шикізат саудасына «байлап», шикізат бағасы өскенде экономикасы дамып, қарқын алып, баға төмендегенде күзгі жапырақтай қалтырап кете­тін елге айналдырды», дейді.

Айтуынша, өнім өткізу каналдарын әртараптандыру бағытын­дағы өзгерістерді импорт пен экспорт арасындағы баж салығын теңестіруден бастау керек.

«Импорт пен экспорттың баж салығындағы теңгерімсіздіктен нарыққа қажет тауар шетел асады немесе шетелден келеді. Осы мәселе шешілсе, ішкі нарықта дайын өнімдер шығарумен айна­лысатын кәсіпорындар ара­­сындағы іскерлік байланыс мәселесі шешіледі. «Shell», «Chevron», «Agip» сынды әлемге әйгілі компаниялардың шетелдерде терең өңделіп, елімізге қайта келген тауарлары туралы аз айтылмайды. Импортты сатып алуға жұмсалған қаржы шетел экономикасын дамытуға бағытталып жатыр. Кәсіпорындар арасында жүйелі байланыстың жоқтығы – нарық заңына қайшы құбылыс. Дамыған елдерде кез келген жоба импорттық әрі ішкі нарықтағы мүмкіндікті зерттеп барып қабылданады. Біздегі жобалардың 90 па­йызы экспортқа лайықталған. Нәтижесінде, өндіріске қажетті шикізатты ҚХР немесе Ресей импорты арқылы шешуге тырыс­ты, импортқа тәуелділік синдромын ішкі нарықтың мүддесінен жоғары қойды. Үкіметке осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Оңтүстіктегі кәсіпорындардың шикізатқа деген қажеттілігін елдің батыс, орталық аймағындағы кәсіпорындардың мүмкіндігімен шешуге болады. Бұл облысаралық интеграцияны тереңдетеді. Жайылымдық жері мал басын көбейтуге мүмкіндік беретін аймақтарда мал терісін өңдейтін кәсіпорындар санын көбейтсе, көлік құрастыратын зауыттардың, жиһаз дайындайтын кәсіпорындардың өңделген теріге деген қажеттілігі өтеледі. Мұндай мысалдар өте көп. Біздің елде ұлттық инвесторлардың, шағын бизнес субъектілерінің инвестициялық мүмкіндігі – әлі зерттелмеген тақырып», дейді З.Қаражанов.

 

АЛМАТЫ