Оқиға • 01 Қазан, 2024

Ел өңірлерінде жылыту маусымы басталды

87 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұған дейін Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола облыстары мен Астана қаласына жылу беріле бастаған. 1 қазаннан бастап Абай, Ақтөбе және Қарағанды ​​облыстарында жылыту маусымы басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ел өңірлерінде жылыту маусымы басталды

Фото: Энергетика министрлігі

Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесі Ресей Федерациясының және Орталық Азия елдерінің энергетикалық жүйелерімен қатарлас жұмысын жалғастыра отырып, қалыпты режимде жұмыс істейді. 2024 жылға бекітілген жөндеу кестесі аясында 10 энергоблокта, 55 қазандықта және 45 турбинада күрделі жұмыстар жоспарланған.

Қазіргі таңда 4 энергоблокта, 22 қазандықта және 16 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 5 энергоблоктың, 32 қазандықтың және 28 турбинаның жөндеу жұмыстары аяқталған.

«Барлық электр станциялары жылыту маусымының басталуына дайын, негізгі жабдықтармен, соның ішінде қазандықтармен және турбиналармен қамтамасыз етілген. 2024 жылы АЭК-тің (электр желілерін тарату компанияларының) электр желілерінде 20,8 мың км электр беру желілерін, 422 қосалқы станцияны және 4054 тарату пункттері мен трансформаторлық қосалқы станцияларды жөндеу көзделген. Қазірдің өзінде 19,9 мың км электр желілері, 376 қосалқы станция және 4046 тарату пункті мен трансформаторлық қосалқы станциялар жөнделді», делінген хабарламада.

Айта кетейік, жылумен қамту саласында 2024 жылы 546 км жылу желілерін күрделі жөндеу және жаңғырту жоспарланған. Қазіргі уақытта 516,3 км жылу желілері жөнделген, бұл жылдық жоспардың 94,6% құрайды.

2024 жылғы 11 қыркүйекте кезекті кеңес өткізілген, оның қорытындысы бойынша жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтау, отынның нормативтік қорын сақтау және энергетикалық жабдықтарды пайдалануды бақылауды күшейту жөнінде тапсырмалар берілген еді.

Сонымен қатар алдағы жылыту маусымына дайындық барысы 2024 жылғы 20 тамыздағы Үкімет отырысында талқыланды. Барлық  мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданған.