Фото: Кейіпкер мұрағатынан
«7,4 миллион азаматымыздың тұрмыс-тіршілігі, яғни тұрғындардың 36 пайызы және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі осы саланың өркендеуіне тікелей байланысты. Соңғы жылдары бұл салаға бөлінген қаржы көлемі еселеп артты. Атап айтқанда, былтыр шаруаларға жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне бұрын-соңды дәл осындай орасан зор қолдау көрсетілмеген. Мұны шаруалардың өздері де айтып жүр. Бірақ өндіріс көлемін ұлғайтумен шектелуге болмайды. Біз заман талабына сай келетін, озық технологияға негізделген аграрлық-индустриялық экономика құруымыз керек. Бұл – аса маңызды міндет», деді Мемлекет басшысы.
Президенттің алға қойған осы міндетін абыроймен орындап келе жатқан шаруашылықтардың бірі Солтүстік Қазақстан өңірінің Аққайың ауданындағы «Полтавка» ЖШС. Шаруашылық ұзақ жылдардан бері тұрақты жетістіктерге жетіп, аудан мен облыстың мақтанышы болып келеді. Осы жетістіктердің сыры неде, маңайыңыздағы көптеген шаруашылықтар құлдырап, жекешелендіру басталған жылдардан шашырып, тарап кеткенде кеңестік шаруашылық құрылымын қалай сақтап қалдыңыз және оны қалай өркендеттіңіз деген сұрақты шаруашылықтың басшысы Елтай Зікіріин ағамызға қойып, ұзақ әңгімелестік.

«Атынан көрініп тұрғандай ауылымызға 1895 жылдары столыпиндік реформаның кезінде Украинаның Полтава облысынан көшірілген шаруалар алғаш қоныстанып, орныққан екен. Қазір солардың бесінші ұрпағы өмір сүріп жатыр. Ұжымдастыру жылдарында осы маңайдағы «Өрнек», «Үміткер», «Үлгі» ауылдарының тұрғындарын да осында қосып, ауылды үлкейткен. Былтыр ауылымыздың 130 жылдығын аудан көлемінде атап өттік. «Там где начинается Родина» деген кітап та шығардық. Мен өзім 1956 жылы осы жердегі Шағалалы ауылындағы «Тәжірибе стансасында» өмірге келдім. Ал ата-бабамның туған жері осы маңда бұрын болған «Баянды» деген ауыл. Кейін ол «Рублевка» кеңшарының бір бөлімшесі болып, артынан тарап кетті.
Мен үш жаста әкеден қалып, ата-әжемнің қолында өстім. Алдымен ауылшаруашылығы техникумын бітірдім, содан кейін ГДР-де әскери борышымды өтеп келіп, Омбының ауылшаруашылығы институтының агрофагына түстім. Ол жылдарда ата-әжелер баласының орыстанып кетуінен қатты сақтанатын еді. Менің Омбыға оқуға түскеніме орыс болып кетесің, орысқа үйленесің, жай да қалың орыстың ортасында отырмыз деп әжем қатты қайғыратын болды. Сосын Целиоградтың ауылшаруашылығы институтына ауысуға тура келді. 1985 жылы оқуды бітіріп, қазақ қызына үйленіп, осында агроном болып келдім. Содан бергі өміріміз осында өтіп жатыр. Балалы-шағалы болдық, қазір ұлым Ерлан ісімді жалғастырып, менің орынбасарым болып жүр.
Жекешелендіру жылдарындағы дағдарыс
Үкіметтің ол кездегі саясаты шаруашылықтарды күштеп жекешелендіруге сайды. «Бәрін паймен өздеріңе бөліп береміз, бірігіп шаруашылық құрасыңдар ма, әлде жеке іс қыласыңдар ма – өз еріктерің, біз сендердің астықтарыңды, еттерің мен сүттеріңді бұрынғыдай міндетті түрде қабылдамаймыз, өздерің өткізесіңдер, сататын жер табыңдар» деген солақай саясат ұстанды. Кеше ғана кеңшардың айдауымен жүретін шаруа өздігінен іс қыла алмай, дағдарып қалды. Олардың көбінің бойында іскерлік белсенділік жоқ еді. Сондықтан көптеген ауыл тұрғындары біріге алмай, араларынан бас көтерер адам шықпай, көлденең пысықайлардың жемі болды, малы мен жерін сондайлар түрлі құйтырқылықпен иеленіп кеткен соң өздері қаңғалақтап, қалалы жерлерге көшті.
«Полтавка» ауылы да сондай күйді бастан кешеді. Мұндағы тұрғындар бұл кезде кеңшардың бас агрономы болып жүрген Елтай Зікіринге қолқа салып, ауылды қолына алуға шақырады. Ауыл халқының 80 пайызы украиндар болғанымен олар қазақ азаматына сенім артады. Осының өзінен-ақ жігіттің іскерлігін, ұйымдастырушылық қабілетін, маман ретіндегі біліктілігін тұрғындардың танығаны көрініп тұр.
«Ніхто нікуди не розпорошиться, давайте всі будемо разом, давайте працювати разом» деп ауылдың үлкендері сенім білдіріп, отырып алған соң бас тарта алмадым. Әйтпесе, өзім біраз жер алып, шаруа қожалығын құрамын ба деп ойлап жүрген едім. Сөйтіп, маған халық 1400 пайын берді. Бұл 7 мың гектар егіс алқабы, мал және техникалар деген сөз. Кейін көршілес, «Лесная поляна», «Борки ауылдарының тұрғындары да бізге қосылып, егіс көлемін 15 мың гектарға жеткіздік. Әрине, басында кеңшардың тарауынан олжа көріп қалғысы келген пысықтар болды. Бірақ: «Мені сайладыңыздар ғой, ендеше менің шартыма бағынасыздар деген қатаң талап қойдым. Тұқымды ешкімге таратпаймын, техниканы бөлмеймін. Тек малды паймен таратып берейін, дедім. Оған ауылдың үлкендері «малды таратсақ жұмыс орыны жойылады, малшылар ауылдан көшіп, елдің іргесі сөгіледі» деп қарсы шықты. Сосын малды да таратпай, ұстап қалдық. Сол кезде мені қолдаған ақылды үлкендерге, белсенді азаматтарға ризамын. Қазір олардың біразы басқа жерлерде тұрады. Былтырғы, ауылдың 130 жылдық тойына, бәрін де еліміздің әрбір түкпірінен, сондай-ақ Германия мен Ресейден шақырып, қонақ еттік», дейді Елтай Қайырбекұлы.
Бір кеңшардың барлық мал-мүлкі қолдарына емін-еркін тиген кейбір сайланған басшылар мол байлықты жеке басына ғана жаратып, қаладан үйлер сатып алып, шаруашылықты шашып, жоқ болды. Көптеген ауылдар сондайлардың кесірінен тарап кетті. Ал 1993 жылдың 21 мамырында «Полтавское» ЖШС болып мемлекеттік тіркеуден өткен Елтай Зікіріин басқаратын шаруашылық түрлі қиындықтарды сатылап еңсеріп, қанатын кеңге жайған ірі аграрлық құрылымға айналды. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген осы.

Бүгінгі тыныс-тіршілік...
Шаруашылық қазір егіске кірісіп кеткен. Барлық еңбек етушілердің саны 115 адам болса соның 60-70 пайызы егіс жұмыстарына жұмылдырылған. 15 мың гектар жерге бидай, арпа, сұлы, мал азығынан басқа зығыр, рапс, бұршақ, жасымық сияқты майлы дақылдар да егіледі. Биыл 1 мың гектарға күнбағыс, 2,5 мың гектарға жасымық егетін болыпты. Соңғы жылдары майлы дақылдардың көлемін арттыру көзделгенімен олар жердің құнарын сорып, егісті жұтататын көрінеді. Сондықтан олар егілген жерді 3-4 жыл тыңайту қажеттігі де ескерілетін көрінеді.
«Қазір техникамыздың бәрі жаңа. Кілең «Джон Дир», «Кейс», «Клаас» сияқты брендтік маркалардан тұратын 10 су жаңа егу кешендеріміз бар. Механизаторларымыз еш шаршамай, аппақ көйлекпен конденционерді қосып қойып, көңілді отырып, жұмыс істейді. Биыл қосымша 3 тұқымсепкіш, 4 ауыр жүк машиналарын алдық. Тоқтамай жүріп кетсе, ауа-райының кедергілері болмаса 15-20 күнде егіс жұмыстарын аяқтаймыз. Тұқым өзіміздікі, кілең элиталық сұрыптан күтімін жасап, сақтап отырдық. Былтырғы егіс және күздегі жиын-терім жұмыстарына қатысқан алдыңғы қатарлы механизаторларымыз 16-17 млн теңгеден табыс тапты. Гектар берекелігі кейбір танаптарда 42 центнерге жетті. Биыл да сол межеден төмен болмаспыз деп ойлаймыз. Бізде механизаторлар жетіспейді деген проблема мүлде жоқ, бәрі де өзіміздің ауылдан табылады. Көшіп кетіп жатқандар некен-саяқ, керісінше сырттан келушілер көп. Тіпті Астанадан көшіп келгендер де бар. Біз сырттан келетіндерге кем дегенде мектеп жасындағы екі балаң болсын деген шарт қоямыз. Өйткені, мектептегі балалардың азайып кетпеуін де ескереміз. Көшіп келгендердің бірі Тайынша ауданынан үш жыл бұрын көшіп келген Петр Савицкийдің отбасы. Қазір ол біздің озат механизаторларымыздың бірі, әйелі сауыншы.
Үкіметтің соңғы 3-4 жылдағы көмегіне дән ризамыз. Сол көмектің арқасында машина-трактор паркымызды толықтай жаңартып алдық. Минералды тыңайтқышқа, гербицидке беріп жатқан жеңілдетілген несиесі қаншама. Жанар-жағар май да жеңілдетілген бағамен уақытында бөлініп тұрады. Банктердің өсімі 18-20 пайыз болғанда Үкімет бізге несиенің өсімін 5-ақ пайыз қылып отыр, осыған қалай разы болмассың. Бұрын берген көмектері біріне жетсе, біріне жетпейтін. Қазір бәріне де емін-еркін жетеді. Кейде осы көмекті бұрын неге бермеді екен деп ойлап қаласың. Сонда көптеген ауылдар тарап кетпес еді», дейді маман.
«Қазір шаруашылықтарға қойма, астық сақтайтын ангарлар салу үшін де субсидия береді. Біз де екі ангар тұрғызып алдық. Күзде астығымызды элеваторларға сыйғыза алмасақ өзімізде сақтаймыз. Ұшырып, кептіріп отыратын мүмкіншіліктеріміз де бар. Күзде өткізе алмасақ қысқа дейін сақтап, хабарландыру берсек алушылар қоймадан өздері келіп алып кетеді», дейді Елекең.

Шаруашылықта бір мың тұяқ қара мал бар екен. Соның ішінде 400-і күніне үш мезгіл сауылатын сауын сиырлар. Сүтін Петропавл қаласының «Масло-Дел» сүт фабрикасы өз көліктерімен келіп, алып кетіп отырады. Ал халықтың жеке ауласындағы сиырының сүтін екі жекеменшік кәсіпкер жинайды. Шаруашылық тұрғындардың жеке ауласындағы малына жем-шөбін беріп отырады.
Ауыл тұрғындарының мазасын алып, алаңдайтын бір шаруасы пайларына берілетін ақы. Кезінде өз қолдарымен берсе де пайларының ақысын ала алмай, дауласып жүретін адамдар көп. Ал «Полтавское» ЖШС ондайды ешқандай проблемасыз, уақытында беріп тұратын көрінеді. Сөйлескен тұрғындар да, шаруашылық басшысы да соны айтты. Былтыр бір пайға 180 мың теңге берілген екен. Егер әрбір үйде 5-6 пайдан болса, бұл 1 млн теңгенің төңірегінде қосымша ақы деген сөз. Мұндай көптеген ауыл тұрғындарының түсіне де кірмейді. Мәселен, былтыр біздің кейбір ауылдың пайшылары әр пайға 45 мың теңгеден ғана алды...
Елмен болсаң кем болмайсың...
Ауыл іші асфальт жолдарының негізгі бөлігі серіктестіктің есебінен жөнделетін көрінеді. Жыл сайын әлеуметтік шығындарға 150-200 млн теңге қаражат бөлініп отырады. Серіктестік күрделі жөндеуден өткізген мектеп пен мәдениет үйлері жарқырап тұр. Былтыр 50 орындық балабақша салып беріп, оны аудандық білім бөлімінің балансына өткізген. Алдында ауыл тұрғындарының алғысын алып ФАП та тұрғызып берген екен. Ауылға су тарту үшін жасалған жобалық-сметалық құжаттаманың шығынын да серіктестік көтерген. Ескі спортзалды жөндетіп, ауылдың жабдығын өткізуге арналған шағын мейрамхана да тұрғызып қойыпты. Оған көрші ауылдың тұрғындары да келіп, түрлі шараларын өткізіп жатады екен.
«Қоныс аударушылар келмеді ме?» деген сұраққа ғана Елекең көңілсіздік білдірді.
«Біз еңбек еткісі келген жандарды құшақ жая қарсы аламыз. Ал «ауырдың үсті, жеңілдің астымен» жүргісі келетіндер бізге сіңе алмайды. Астанадан, көрші ауылдардан жұмыс іздеп келген отбасылы азаматтар жақсы сіңіп, үй алып, жұмысқа кіріп, тұрмыстарын түзеп кетті. Ал келіп алып, «маған жұмыс керек емес, таксишілікпен айналыссам болды» дейтіндер ұзамай көшіп кетті. Біреуі тіпті қыстыгүні қашып кеткендей болып, берген үйіміздің жылу жүйесінің суын да қатырып кетті», дейді ол.

«Әке көрген оқ жонар» демекші Елтай Қайырбекұлының баласы Ерлан да әкенің орынбасары болып, ауылында еңбек етіп келеді. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің аудит және есеп факультетін бітірген соң әлемнің қай жеріне барғысы келсе де мүмкіншілігі болған жас азамат туған жерге оралып, әкесінің ісін жалғастыруда. Қазір ол облыстық мәслихаттың депутаты, балалы-шағалы, туған жеріне пайдасын тигізуді тереңнен ойлап, серіктестікке жаңа бір серпін беретін жобаларды іске асыруда. Былтыр серіктестік мектепті жөндеу жұмысына 100 млн теңге бөліп, жарқыратып қойған екен. Биылғы оқу жылында Ерлан Елтайұлының бастамасымен мектепке 120 млн теңге ақша бөліп, бастауыш, орта және жоғары сыныптарға арналған «Жас ғалым» бағдарламасын енгізіпті. Онда математика және жаратыластану ғылымдарын тереңірек оқыту көзделген. Бұл бағдарлама – мектепте қосымша сабақ түрінде жүргізіліп, оқушылардың ойлау, зерттеу қабілетін арттыруға көмектеседі. Қажетті құрал-жабдықтар Германиядан алыныпты. Мектеп директорының орынбасары Әсел Мырзахметованың айтуына қарағанда осы бағдарлама қолға алынғалы мектепте STEM-білім мәселелері бойынша облыстық семинарлар өтіп тұрады екен. Бұл мәселеге тіпті облыс әкімі де назар аударып, оқушылардың зерттеулері мен өзіндік жобаларын арнайы келіп көріпті.
«Біз «Қызылжар Абай – ғылым мектебі» және Петропавлдағы Назарбаев зияткерлік мектебімен бірлесіп еңбек етеміз. Қазір кейбір оқушылар өздерінің жобаларын іске асыруда. Сонымен бірге осы бағдарламаның аясында балалардың шешендігін арттыру, ойларын жеткізу шеберлігін шыңдау мақсаттары да ескерілген», деді ол.
Бізге STEM кабинетінде 8 сынып оқушысы Егор Попов жасаған «Ақылды жылыжай» жобасы көрсетілді. Онда жас конструктор жылыжайдың барлық қырларын ескеруге тырысқан екен. Қазір балалардың бұл бағдарламаға қызығушылығы өте жақсы көрінеді.
Міне, алыстағы бір ауылдың тыныс-тіршілігі осындай. Егер барлық ауылдар осы Полтавка сияқты болашаққа жарқын жүзбен қарап, тиімді еңбек етсе – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі де толық сақталып, аграрлық мәселелері де толық шешілер еді.
Солтүстік Қазақстан облысы
Аққайың ауданы
Полтавка ауылы