Сапар аясында 28 қыркүйекте Нұрлан Әбдіров халықаралық байқаушылар делегациялары үшін Аустрия Ішкі істер министрлігінің Сайлау мәселелері жөніндегі департамент басшысы Грегор Венданың брифингіне қатысты. Кейін олардың екіжақты форматта кездесуі өтті.
Қазақстан өкілдерінің Аустриядағы сайлауды байқауға қатысуының маңызын атап өткен ОСК басшысы халықаралық байқаушыларға қолайлы жағдай жасағаны, сапардың мазмұнды бағдарламасы үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ол Аустрия азаматтарының Қазақстандағы сайлауды байқауға қатысуын жоғары бағалайтынын атап өтті. Айта кету керек, 2022 жылғы 20 қарашада өткен Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауына ДИАҚБ ЕҚЫҰ Миссиясына Аустрия өкілі қатысты. 2023 жылғы 19 наурызда Қазақстан Парламентінің төменгі палатасының (Мәжіліс) кезектен тыс сайлауына ЕҚЫҰ ДИАҚБ Миссиясының құрамында Аустрияның жеті байқаушысы, сондай-ақ Аустрия институтының еуропалық саясат және қауіпсіздік саясаты жөніндегі басқарма мүшесі доктор Мартин Саждик қатысты.
«Қазақстан беделді халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі бола отырып, еркін және бәсекелестік сайлау өткізу бойынша өзіне қабылдаған міндеттемелерді нақты ұстанады. Сайлау елімізде ұлттық заңнамаға сәйкес ашықтық, айқындық жағдайында өтеді. Біз өз қызметімізде үкіметтік емес ұйымдарда, партияларда, азаматтарда өзара тығыз іс-қимыл жасай отырып, жариялылық қағидатын қатаң ұстанамыз», деді Н.Әбдіров.
Сондай-ақ ол Грегор Венданы еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен және 2022 жылғы республикалық референдум қорытындысы бойынша халық қолдаған 2022 жылғы конституциялық реформаға қатысты еліміздегі маңызды саяси оқиғалар туралы хабардар етті. Бұған қоса 30 жыл ішінде елімізде 39 елдік сайлау науқаны өткенін, оған еліміз өзінің халықаралық міндеттемелеріне сәйкес ДИАҚБ ЕҚЫҰ өкілдерін үнемі шақыратынын атап өтті.
ОСК төрағасы сапар барысында Аустрия Республикасы ІІМ Сайлау мәселелері жөніндегі департаментімен өзара түсіністік туралы екіжақты меморандумға қол қою мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс айтты.
29 қыркүйекте Н.Әбдіров дауыс беруге арналған бес учаскеге барып, дауыс беру барысы мен дауыстарды санауды байқады.
30 қыркүйекте ОСК басшысы Парламент депутаты Гарольд Трохпен және Аустрия Сыртқы істер министрлігінің Орталық Азия департаментінің директоры Герхард Зайлермен кездесті. Онда Н.Әбдіров әріптестеріне 2024 жылғы 6 қазанға белгіленген Қазақстанда АЭС салу жөніндегі референдумға дайындық барысы, референдум заңнамасын жаңарту бойынша жүргізілген жұмыс туралы хабардар етті, сондай-ақ елімізде өткізілген сайлау саласындағы саяси реформаларға егжей-тегжейлі тоқталды.
«Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюромен (ДИАҚБ) және ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисімен тұрақты және сындарлы өзара байланыс орнатқан. ДИАҚБ ЕҚЫҰ-мен жүйелі ынтымақтастығымызды дамыта отырып, біздің кездесулеріміз кейінгі жылдары ұдайы ұйымдастырылып, тұрақты консультациялар режіміне көшкенін қуана атап өтемін. ДИАҚБ ЕҚЫҰ миссияларының бағалау құжаттарының біз үшін маңызы туралы айта кетейік. Біз өз жұмысымызда Миссия ұсынымдарын мұқият зерттеп, ескереміз. Сонымен қатар бізде ОСК жанындағы Сарапшылық кеңестің алаңында сайлау мен референдумдарды байқау қорытындылары бойынша ДИАҚБ Миссияларының Есептерін ашық талқылауға шығару дәстүрі қалыптасты. Кеңес 2022 жылы құрылды, оның құрамына конституциялық және басқа да құқық салаларының белгілі ғалымдары, беделді қоғам қайраткерлері, ҮЕҰ өкілдері, сайлау саласының практиктері кіреді. Бұл пікірталастар үлкен қоғамдық қызығушылық тудыратыны сөзсіз», деді Н.Әбдіров.
ОСК басшысы өткен жылдың желтоқсан айында Орталық сайлау комиссиясының 30 жылдығына арналған «Конституциялық реформа және сайлау жүйесі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция туралы айтып берді. Конференция демократия, ашық диалог, тәжірибе алмасу және халықаралық ынтымақтастықты нығайту жолында еліміздегі өзгерістерді жариялау үшін жақсы платформа болды.
ОСК бастамасымен жарияланған ағылшын тіліндегі электоралдық тақырыптағы кітаптар Аустриялық әріптестерге таныстырылды.
Н.Әбдіров ОСК халықаралық сайлау тәжірибесі мен сайлау және референдумдар туралы заңнаманы болашақта біздің жағдайымызға бейімделу мүмкіндігі үшін белсенді зерттеп жатқанын атап өтті.
Аустриядағы сайлау үдерісінің ерекшелігі – пошта арқылы алдын ала дауыс беру, сондай-ақ сайлау күні тек сайлау бюллетеньдері бойынша учаскелерде дауыс беру.
Кездесу соңында Н.Әбдіров әріптестеріне Қазақстандағы сайлау үдерістеріне қызығушылығы үшін алғыс айтып, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үміт білдірді.
Жалпы, бұл сапар – ОСК-нің Еуропалық одақ елдеріндегі әріптестерімен байланысын кеңейту аясында қалыптасқан тәжірибесінің қисынды жалғасы.