Референдум 2024 • 02 Қазан, 2024

ОРК дайындығы пысықталды

106 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше референдум науқаны аясында Орталық референдум комиссиясының отырысы өтті. Онда 6 қазанға белгіленген республикалық референдумды дайындау әрі өткізу мәселелері қаралды.

ОРК дайындығы пысықталды

Отырысқа cыртқы істер, ден­саулық сақтау министрлік­терінің, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) бай­қау­ш­ылар миссиясының, БАҚ өкіл­дері қатысты. Бейнекон­ферен­ция режімінде облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қала­ларының аумақтық референдум комиссияларының төрағалары мен мүшелері қатысты. Сурдо­аудармасы бар онлайн-трансля­ция комиссияның интернет-ресурсы және Youtube арқылы өтті.

Отырысты ашқан ОРК төраға­сы Нұрлан Әбдіров референдум жөніндегі науқанды ұйымдастыру және өткізу барысында Орта­лық референдум комиссиясы дәстүрлі түрде шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларымен тығыз қарым-қатынас жасайтынын атап өтті.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу қорытындылары туралы ОРК хатшысы Мұхтар Ерман баяндама жасады. Ол «2024 жылғы 6 қазанға белгіленген республикалық референдум өткізу кезінде шет мем­лекеттердің, халықаралық ұйым­дардың байқаушылары, шетел­дік бұқ­аралық ақпарат құралдары өкіл­дерінің қызметінің кейбір мәсе­­лелері туралы» 3 қыркүйектегі қау­лыға сәйкес, аккредиттеу Астана уақыты бойынша 30 қыркүйекте сағат 18.00-де аяқталғанын хабарлады.

Осылайша, Қазақстанда атом электр стансасын салу жөніндегі республикалық референдумда байқауға 30 шет мемлекет пен 4 халықаралық ұйым (Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес) атынан 177 байқаушы қатысады.

ОРК шақыруы бойынша референдум өткізу кезінде байқауға 14 мемлекеттің орталық сайлау органдарының өкілдері, оның ішінде Әзербайжан, Беларусь, Тәжікстан және Өзбекстанның орталық сайлау органдарының төрағалары қатысады.

Отырыста Сыртқы істер ми­нистрі­­нің орынбасары Роман Васи­ленко министрліктің 37 елден 200 шетелдік журналист ак­кре­диттелгенін, олар да республи­калық референдум өткізуді байқап, жария­лайтынын хабарлады.

Отырыстың екінші мәселесіне көшкен ОРК басшысы Референдум туралы конституциялық заңның нормаларына сәйкес, учаскелік референдум комиссиялары да­уыс беру күні, уақыты, орны және тәртібі туралы азаматтарды дауыс беру күніне дейін 10 күннен кешіктірмей, яғни осы жылдың 26 қыркүйегіне дейін хабардар еткенін атап өтті. Осы науқанда комиссиялар дауыс беруге құқығы бар азаматтарды референдумға жеке шақыруға ден қойды. Шақыру­лардың бірыңғай нысанын ОРК аумақтық референдум комиссияларымен бірлесіп әзірледі.

Бұдан әрі аумақтық референ­дум комиссияларының төраға­лары дауыс беру күніне дайын­дық барысы, сондай-ақ азаматтарды ақпараттандыру жөнінде қабылданған шаралар және жекелеген учаскелерде дауыс берудің басталуы мен аяқталуының өзге уақытын белгілеу туралы баяндады.

ОРК төрағасы Орталық референдум комиссиясы азаматтарды референдумға дайындық барысы туралы ақпараттандыруға көп көңіл бөлетінін атап өтті.

Азаматтардың алдағы референдумды дайындау мен өткізу туралы толық әрі шынайы ақпарат алу құқығын қамтамасыз ету мақсатында Орталық референдум комиссиясы ақпараттық-түсіндіру материалдарының (бейне-аудиороликтер, плакаттар, әдістемелік және басқа материал­дар) кешенін әзірледі. Сондай-ақ SMS-хабарламалар, мобильді банкингтерде PUSH-хабарламалар арқылы азаматтарды қосымша хабардар ету көзделген. Бұл жұмыс дауыс беру күніне дейін жалғасады.

Н.Әбдіров «Сайлау туралы» конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкес жүргізілуге тиіс республикалық референдумға байланысты қоғамдық пікірге сауал салудың заңнамалық аспектілеріне де назар аударды. Ол референдум және сайлау туралы заңнамаға сәйкес қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, референдум нәти­же­лерінің болжамдарын, рефе­рен­думға байланысты өзге де зерттеу­лерді бұқаралық ақпарат құрал­дарында, онлайн-платформалар­да дауыс беру күніне дейін бес күн ішінде және дауыс беру күні жа­рия­­лауға жол берілмейтінін еске салды.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – республикалық референдумда дауыс беру күні санитарлық-профилактикалық шараларды қамтамасыз ету туралы Бас мем­лекеттік санитарлық дәрігері Сар­хат Бейсенова хабарлады. Оның айтуынша, республикада коронавирус инфекциясына қатысты эпи­демиялық жағдай тұрақты. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда сырқаттанушылық 7 есеге азайды. Осы жылдың қыркү­йегінде республикада ЖРВИ-дың 544 мың жағдайы тіркелді, бұл өт­кен жылдың қыркүйегінде сыр­қат­­тану­шылық деңгейінен 27%-ға төмен.

Республикалық референдум өткізу кезінде ЖРВИ және тұмау­мен сырқаттанушылық бойынша эпидемиялық маусымның басталуын ескере отырып, референдумға қатысушылардың жиналуына жол бермей, олардың ағынын реттеу, ауаны баптау жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, дауыс беруге арналған үй-жайларды тұрақты желдету, сондай-ақ арнайы жуғыш заттарды қолдана отырып, ылғалды жинау жүргізу ұсынылды.

Отырыстан кейін бұқаралық ақпарат құралдары үшін дәстүрлі брифинг өтті. Жиын барысында ОРК мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері және басқа да спикерлер журналистердің сұрақтарына жауап берді.