Суретті түсірген – Ақәділ Рысмахан
Дерекке жүгінсек, қолөнершілер қалаларының жаһандық тізімін қалыптастыру жұмысы 2014 жылдан бастап жанданыпты. Дүниежүзілік ұйымға қазіргі кезде әлемнің 25 елінің 65 қаласы енген. Көне Тараз 2022 жылы бұл тізімге 56-қала болып кірген.
Облыс орталығында өткен «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты үшінші халықаралық көрмеге жергілікті қолөнер шеберлерінен бөлек, Швейцария, Болгария, Тәжікстан, Ресей Федерациясы, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Моңғолия, Үндістан секілді алыс-жақын шет мемлекеттерден жалпы саны 200-ден астам шебер қатысып, өз туындыларын жергілікті жұрттың назарына ұсынды.
Көне Тараз ерте дәуірден-ақ қолөнер мен сауда орталығы ретінде танылғаны баршаға белгілі. Сондықтан да бұл іс-шараны өңірдің мәдени-туристік әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыс деп бағалауға болады. Тараздың қауымдастық тізіміне 56-қала болып енгені белгілі. Дүниежүзілік ұйым тарапынан Қазақстанның ең алғашқы қолөнершілер қаласы мәртебесін алу түсінгенге зор жетістік екені анық. Бұл көрме жыл сайын жалғасын табады», дейді облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек.
Халықаралық көрмеге арнайы ат басын бұрған шетелдік меймандар да тарихы мыңжылдықтармен астасып жатқан шаһарда мұндай ірі іс-шараның өткізілуі тиімді екенін алға тартып отыр. Өйткені ғасырлар бойы сауда-саттықтың орталығына айналған шаһар тұрғындары шеберлердің туындыларын жоғары бағалайды.
«Қасиет дарып, құт қонған Тараз қаласына ат басын тірегенімізге бек қуаныштымыз. Жаһандық қолөнершілер қауымдастығының мүшесі атанған қаладағы ірі іс-шараға өз мемлекетімнің атынан қатысу – мен үшін зор құрмет әрі үлкен жауапкершілік.
Тараз халқы ұдайы жылы қабылдап, туындыларымызға жоғары баға беріп жатады. Олардың бағасы мерейімізді өсіреді. Ұйымдастырушыларға айтар алғысым зор. Көне қалада жаңа бағытта жұмыс атқарыла берсін», дейді Қырғыз Республикасы қолөнершілер қауымдастығының президенті Нұрзат Жээнбекқызы.
Тараз төрінде ұйымдастырылған іс-шараға «Санта-Фе» халықаралық қолөнер көрмесінің басқарма кеңесінің кеңесшісі, АҚШ-тан келген мәртебелі мейман Карол Лопез Робертсон, тәжікстандық қолөнерші Ахмадчон Бобочонов, өзбекстандық «Хунарманд» қауымдастығының өкілі Сухраб Шодиев, Кувейт қолөнершілер қауымдастығының төрағасы Хусейн Али Албазазаз, Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің президенті Саад Хани әл-Каддуми қатысты.
«Орталық Азияның мақтанышына айналған тарихы терең Тараз қаласында мұндай іс-шараның тұрақты ұйымдастырылуы – құптарлық қадам. Қолөнер шеберлерінің туындылары қай кезде де өз құнын жоймайтыны даусыз. Өйткені олар өз жұмысына бүкіл шығармашылық әлеуетін салады. Таразға табан тіреген көптеген елдің шеберлері қолөнер туындыларын сатып қана қоймай, өз елінің мәдениеті мен тарихын таныстырады. Сол тұрғыдан алып қарағанда халықаралық іс-шараның маңызы зор», дейді Карол Лопез Робертсон.
Халықаралық көрмеге келген шеберлер іс-шара барысында өткен дәуірлердің қолөнершілерінің қолынан шыққан тарихи бұйымдармен, сондай-ақ өз замандастарының заманауи туындыларымен танысып, рухани байланыс орнатты. Бұдан бөлек әртүрлі шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Бір сөзбен айтқанда, әлемнің әр түкпірінен келген білікті мамандар өзара тәжірибе алмасып, достық қарым-қатынас орнатты. Жергілікті халыққа өз жұмысын ұсынды.
«Қолөнер шеберлерінің еңбегі көпшіліктің көзіне көріне бермейді. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған мұндай іс-шаралардың пайдасы мол. Біз өз еліміздің мәдени өмірін танытып қана қоймай, өз аудиториямызды да арттыра түсеміз. Мұндай ауқымды көрменің тарихы тереңде жатқан қалада жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқаны көңіл қуантады. Бауырлас елде үш күн бойы өткізілген іс-шара бәріміздің көңілімізден шықты десем, қателесе қоймаспын. Сол үшін де жергілікті атқарушы билікке, ұйымдастырушы тарапқа айтар алғысымыз зор», дейді тәжікстандық Ахмадчон Бобочонов.
Іс-шара барысында қатысушылардың ұйытқы болуымен кәдесыйлар жәрмеңкесі, сән көрсетілімдері ұйымдастырылды. Сондай-ақ жас қолөнершілер арасында «Тараз мотивтері» тақырыбында арнайы байқау өткізілді. Бұдан бөлек, халықаралық көрме аясында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, халықаралық көрме қауымдастықтарының өкілдері, сарапшылар қатысқан басқосуда ұйымның арнайы сертификаты табысталды. Сонымен қатар фестивальға белсене атсалысқан қолөнер шеберлеріне «Дүниежүзілік қолөнершілер ұйымына – 60 жыл» мерейтойлық медалі тапсырылды. Ал бауырлас Қырғыз елінен келген қолөнер шеберлері фестиваль шеңберінде екі мың жылдық тарихы бар Тараз қаласына арналған арнайы сыйлығын ұсынды.
Кейінгі үш жылдың бедерінде дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан халықаралық көрме тараздықтардың да қызығушылығын тудырып отырғаны даусыз. Бірнеше шет мемлекеттен келген қолөнер шеберлері ұсынған бұйымдарды тамашалауға келгендердің қарасы жыл сайын арта түскен. Қала тұрғындары қолөнер шеберлерінің мерекесі жалғасын таба беретініне бек сенімді.
«Бұл көрменің қаламызда өткізілуі дәстүрге айналғаны көңіл қуантады. Екі мың жылдан астам тарихы бар көне шаһар тұрғындары үшін мұндай іс-шараның маңызы зор. Тараздың дүниежүзілік қауымдастыққа мүше болуы – біз үшін зор мақтаныш. Осы іс-шара арқылы біз көптеген елдің мәдениетімен танысып отырмыз. Көрме алдағы уақытта да жалғаса берсе деген тілегіміз бар», дейді Тараз қаласының тұрғыны Әкежан Мақсатұлы.
Тараз