Технология • Бүгін, 09:30

ЖИ: АЭС көп саланың өркендеуіне ықпал етеді

89 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміз атом энергетикасын қолдануға қатысты тағдыршешті табалдырықта тұр. Аса маңызды тақырыптан жасанды интеллекті де тәп-тәуір хабардар, әрине. Сондықтан АЭС-тің біз білмейтін қыры туралы «OpenAI» компаниясы жасаған нейрожүйе – «ChatGPT»-мен әңгімелесіп көрдік.

ЖИ: АЭС көп саланың өркендеуіне ықпал етеді

– АҚШ, Франция, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттер сенің жүйеңді ядролық энергетика саласында қолданып жүр. Сарапшылар осы үдеріс АЭС жұмысының қауіпсіздігі мен тиімділігін айтарлықтай жақсартты деп отыр. Ал бізде бұл салада әлі де белгісіздік басым. Экономикалық, экологиялық, әлеуметтік пайдасынан басқа, тағы қандай пайдасы бар?

– АЭС-тің экономикалық, экологиялық, сондай-ақ әлеуметтік пайдасы туралы айтыл­ғанымен, оның әлеуеті толығымен ұғыныл­мағаны рас. Бұл саланың басқа да маңызды артықшылығы бар:

  • Энергетикалық тәуелсіздік пен тұрақ­тылық;
  • Импортқа тәуелділікті азайту;
  • Технология, ғылым, инновацияның дамуы;
  • Инфрақұрылымды жақсарту;
  • Халықаралық ықпалдастық пен бедел­дің артуы.

Осы аталған аспектілерге қарасақ, АЭС – тек энергия көзі емес, елдің ғылыми-тех­но­логиялық дамуына, халықаралық беделінің артуына, жалпы көптеген саланың өрлеуіне ықпал ететін стратегиялық жоба. Егер барлық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталып, ұзақмерзімді жоспар жүзеге асса, АЭС сіздің елдің де көптеген жаңа мүмкіндігін ашады.

– Денсаулық сақтау саласына АЭС-тің пайдасы бар ма?

– Иә, АЭС-тің денсаулық сақтау саласына тікелей де, жанама да пайдасы бар. Атом энергетикасы тек энергия өндірумен шектелмейтінін көп адам түсіне бермейді. Біріншіден, ол ядролық медицинаны дамытады. Қалай? АЭС-тің арқасында медицинада радионуклидтерді қолдану мүмкіндігі артады. Ядролық медицинада радионуклидтер онкология секілді басқа да күрделі ауруларды ерте кезеңде анықтауға, емдеуге қолданылады. Ал радиациялық терапия қатерлі ісіктерді емдеуде үлкен рөл атқарады. АЭС арқылы шығатын радиоактивті элементтер қатерлі ісік жасушаларын жояды. Екіншіден, атом энергетикасы изотоп өндірісінің тынысын ашады. Түрлі медициналық радиоизотоптарды шығаратындықтан, оны диагностикалық зерт­теулерде қолдануға болады. Мысалы, «Тех­неций-99m» секілді радиоизотоптар – диагностиканың маңызды бөлшегі, ал «Йод-131» қалқанша без ауруларын емдеуде қолда­ны­лады.

Осы айтқандарым оның пайдасының бер жағы ғана. Қысқаша жауап беріңіз деген пәрмен берілгендіктен, көп ақпарат айтылмады. Сізге қызық болса, әрі қарай да зерттеп, таңғаларлық мәліметтер біле аласыз.

– Жасанды интеллект, АЭС-тің ел ертеңіне аса қажет екенін түсіндік. Бірақ бізді оның салыну үдерісі мен сапасы алаңдатады.

– Алаңдаушылық өте орынды. АЭС салу – күр­делі, жауапкершілігі жоғары үдеріс. Сон­дық­тан оның әрбір кезеңі аса мұқият­ты­лық­ты талап етеді. Мен әлем елдеріндегі сапа мен қауіпсіздікке қатысты бірнеше маңызды аспектіні талдап көрдім. Сіздерге кезең-кезеңімен ұсынайын. Біріншіден, дұрыс технология мен мердігерді таңдауға баса мән берген абзал. Қазақстан халықаралық тәжірибені ескере отырып, әлемдік деңгейдегі компаниялармен жұмыс істеуі керек. Екіншіден, құрылыс сапасын бақылау, әсіресе, ядролық қауіпсіздікке келгенде өте қатаң талап қойылуы қажет. Бүкіл әлемде АЭС құрылысына тәуелсіз бақылаушылар мен халықаралық сарапшылар қатысады. Сіз­дерде де қадағалау мен бақылау жүйесі жоғары деңгейде болуға тиіс. Үшіншіден, атом энергетикасында қауіпсіздік май шаммен қаралуы маңызды. МАГАТЭ секілді ұйымдардың стандарттарына сай келетін қатаң қауіпсіздік шараларын сақтаса, қауіп сейіледі. Бұл радиоактивті қалдықтарды қауіпсіз сақтау, персоналдың даярлық деңгейі әрі апаттық жағдайлардың алдын алу секілді аспектілерді қамтиды. Осы айтқандарыма халық алдындағы ашықтық, жемқорлықтың жайламауы деген ұғымдарды да қосыңыз.

– Халық алдындағы ашықтық демек­ші, біздің қоғамда АЭС салуды жақ­тайтындар сынға ұшырап жатыр. Халық қай жағаға шығарын білмей отыр.

– АЭС салу мәселесіне қатысты қоғамдағы екіұдай пікірдің болуы қалыпты. Кез келген мемлекетте солай болады. Себебі бұл – стратегиялық, экологиялық, әлеуметтік маңызы зор шешім. Мұндай күрделі мәселеде халықтың пікірін білу, түсініспеушілікті шешу, сондай-ақ барлық тәуекел мен артықшылықты түсіндіру – биліктің басты міндеті. АЭС туралы нақты ақпарат пен білім жеткіліксіз болғанда қоғамда қауіп пен сенімсіздік басым болады. Жалпы, адамдарда атом энергетикасы туралы терең білім жоқ. Сол себепті тек тарихи апаттардан (Чернобыль, Фукусима) қалған қорқыныш алдыңғы қатарға шығады. Содан кейін мемлекеттік органдар мен жобаны жүзеге асырушылар тарапынан ашықтықтың болмауы күдік тудырады. Радиоактивті қалдықтардың ұзақ сақталуы да үлкен үрей туғызады. Қалдықтарды қауіпсіз сақтау мәселесі толық түсіндірілуі керек. Қоғамдық сенімнің төмен болуы халықтың ірі жобаларға қатысты күмәнін күшейтеді. Егер билік органдары мен жауапты тұлғалар халықтың сенімін оятпай, ашық диалог жүргізбесе, бұл жобаларға қарсы тұрушылар саны арта береді. Кейбіреулер АЭС-тің орнына жаңартылатын энергия көздеріне (жел, күн) көбірек көңіл бөлу керек деп есептейді. Бұл энергия көздері экологиялық тұрғыдан таза әрі қауіпсіз екені рас. Десе де, АЭС пен баламалы энергия көздерінің арақатынасын жұрт жіті білгені қайырлы қадам болар еді.

– Иә, сондықтан біршама қарсылық туып отыр. АЭС-ке басында қарсы болып, кейін пайдасын ұғынған мемлекеттер тура­лы айтсаңыз.

– Атом электр стансасына басында қарсы болып, кейін оның артықшылығын түсініп, пайдаланған бірнеше мемлекет бар. Бұл елдер алғашында АЭС құрылысына қарсылық танытқанымен, кейіннен оның экономикалық, экологиялық, сонымен қатар энерге­ти­калық артықшылығын ұғы­нып, атом энергетикасын өздерінің басты энергия көздерінің біріне айналдырды. Бұл туралы толық ақпаратты инфографика түрінде берейін. Қарап шығыңыз.

 

Дайындаған –

Елігімай ТӨҢКЕР,

«Egemen Qazaqstan»